«KMF» МҚҰ екінші деңгейлі банкке айналуға рұқсат алды

«KMF» МҚҰ екінші деңгейлі банкке айналуға рұқсат алды

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «KMF» микроқаржы ұйымы» АҚ (бұдан әрі – «KMF» МҚҰ) өз еркімен қайта ұйымдастырылып, екінші деңгейлі банкке айналуына рұқсат берді.

«KMF» МҚҰ-ның банкке айналуы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауы барысында жариялаған банк секторының бәсекелестігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға ықпал етеді.

"KMF" МҚҰ 1997 жылы құрылып жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта «KMF» МҚҰ – Қазақстандағы ірі микроқаржы ұйымы және микрокредиттеу нарығының көшбасшысы болып табылады. Ол негізгі көрсеткіштер бойынша 218 микроқаржы ұйымының ішінде 1-орынды иеленеді және нарықтағы үлесі 20%-дан асады.

Микроқаржы ұйымының активтері 2025 жылғы 1 қаңтарға  218%-ға немесе 181,8 млрд теңгеге өсіп (336,3 млрд теңгеге дейін), ссудалық портфелі 206%-ға немесе 143,9 млрд теңгеге (280,2 млрд теңгеге дейін) артты. «KMF» МҚҰ-ның кредиттік портфелі 284,5 млрд тенгені құрады.  Осылайша, ағымдағы қаржылық көрсеткіштерге сәйкес болашақ банк Қазақстан нарығындағы ірі банктер қатарына кіруі мүмкін.

Компания халықаралық Fitch рейтингтік агенттігінің ұзақ мерзімді несие төлем қабілеттілігі рейтингісінде «B+» деңгейіне ие, болжамы – «Тұрақты».

«KMF» МҚҰ шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы субъектілерін және жеке тұлғаларды қолдауды белсенді түрде жалғастырып келеді. Компанияның қаржылық өнімдері кеңінен таралған филиалдық желі арқылы ұсынылады. Қазіргі таңда оның ел аумағында 17 филиалы және 122 бөлімшесі бар, соның ішінде еліміздің ең шалғай аудандарын қамтиды. Бұл халық пен бизнес үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Екінші деңгейлі банкке айналғаннан кейін «KMF» шағын және орта кәсіпкерлікті кредиттеуді, тұтынушылық несиелендіруді және басқа да банк қызметтерін ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, финтех бағыттарын дамытуға (маркетплейстер және т.б. сервистерге) басымдық беріледі.

Бүгінгі таңда "KMF" МҚҰ акционерлері – 60,43% иелену үлесі бар "KMF – Демеу" корпоративтік қоры. Қалған акциялар пакеті – әрқайсысы 10%-дан аз иелік ететін миноритарлық акционерлер арасында бөлінген.

«KMF» МҚҰ – реттеушіден банкке айналуға рұқсат алған екінші микроқаржы ұйымы болды. 2024 жылғы 12 маусымда Агенттік кореялық «BNK» МҚҰ-ның екінші деңгейлі банкке айналуына рұқсат берген болатын.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz