
Үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова несие беру нарығындағы жағдай және бизнесті несиелендіруді кеңейту шаралары туралы ақпарат берді.
«2024 жылы экономикаға кредиттер 20,9%-ға ұлғайып, 33,8 трлн теңгені құрады. Бизнеске берілген кредиттер 16,3%-ға өсіп, 13,1 трлн теңгені құрады, оның ішінде ірі бизнес субъектілеріне кредиттер 9,2%-ға өсіп, 4,3 трлн теңге болды, шағын және орта бизнеске кредиттер 13,1%-ға ұлғайып, 6,5 трлн теңгені құрады және дара кәсіпкерлерге кредиттер 46,6%-ға өсіп, 2,3 трлн теңгені құрад», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік дерегінше, өткен жылы корпоративтік кәсіпкерлікке берілген жаңа қарыздардың жалпы көлемі 17,2%-ға өсіп, 18,2 трлн теңгені құрады.
«Бизнеске берілген кредиттердің сапасы жоғары деңгейде қалып отыр. 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздар бизнеске берілген кредиттер портфелінің 2,1%-ын құрайды. Кредит алатын корпоративтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты. 2024 жылы қарыз алушылар саны 20,3%-ға өсіп, 534 мың субъектіні құрады», – деді Агенттік Төрағасы.
Банктер экономика салаларына белсенді түрде кредит беруде. Олардың экономика салалары бойынша үлесі 82%-ды құрады. Банктер кредиттерінің барынша жоғары үлесі құрылыс пен саудада 99%-дан астам, көлік пен байланыста 82%-дан көп, өнеркәсіп саласында ол 70%-ды, ал ауыл шаруашылығында 50%-ды құрайды.