
Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бүгінде бизнес үшін кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі нақты секторды несиелендіруді тежеп отырғанын атап өтті. Агенттік басшысы реттеуші тарапынан қабылданған шаралар туралы айтты.
«Корпоративтік кәсіпкерлікті кепілмен қамтамасыз етуді жеңілдету мақсатында, өткен жылы кепілдердің жекелеген түрлеріне талаптар жеңілдетілді. Атап айтқанда, жеңіл көлік бойынша өтімділік коэффициенттері 50%-дан 60%-ға дейін, жабдық бойынша 40%-дан 55%-ға дейін, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және оффтейк келісімшарттары бойынша ақша ағыны 0%-дан 50%-ға дейін артты», – деп мәлімдеді Мәдина Әбілқасымова.
Өткен жылы жер қойнауын пайдалану және уақытша жер пайдалану құқықтары түріндегі кепілдердің тиімділігін арттыру үшін осындай кепілдерді сату рәсімін оңайлату мақсатында заңнамалық түзетулер қабылданды.
«Кредиттерге кепілдік беру тетігінің рөлі өсуде. Бүгінгі күні кәсіпкерлердің 607 млрд теңге сомасындағы кредиттердің 5%-ы ДАМУ қорының кепілдігімен қамтылған. Осыған байланысты, шағын және орта бизнес қарыздарына кепілдік беру құралдарын кеңейту үшін Шағын және орта бизнес кредиттері жөніндегі кепілдік қорын құру пысықталуда. Жаңа Кепілдік қорының басты айырмашылығы – мемлекеттің қатысуымен қатар, ол банктердің жыл сайынғы жарналары есебінен қаржыландырылады. Кепілдік қоры шағын және орта бизнестің 3,5 млрд теңгеге дейін кредит сомасының 85%-ына дейін өтейтін болады. Кепілдік қорын құру үшін Агенттік тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеп, оларды Үкіметке енгізді», – деп атап өтті ҚНРДА Төрағасы.
Кредит беруді кепілдікпен ынталандыру үшін ДАМУ қорының кепілдігімен шағын және орта бизнес кредиттерін 20% мөлшерінде төмендетілген тәуекел-саралау енгізіледі.
«Ірі инвестициялық жобаларды кредиттеу мақсатында былтыр синдикатталған кредиттеуді дамыту үшін заңнамалық түзетулер қабылданды. Синдикатқа қатысушылардың құрамы бейрезидент банктердің есебінен кеңейтілді және синдикатталған қарыз шартын халықаралық құқық қағидаттарында жасау үшін жағдайлар жасалды», – деді ҚНРДА басшысы.
Синдикатталған кредиттеу жөніндегі жобалық кеңсе Қазақстанның Даму Банкі базасында Бәйтеректің, Самұрық-Қазынаның және банктердің қатысуымен құрылды. Инвестициялық жобалар пулы 6,5 трлн теңге сомаға құрылып, синдикатталған кредиттеу және қоса қаржыландыру тетігі арқылы 835 млрд теңге сомаға 5 жобаны қаржыландыру басталды.
«Экономиканың нақты секторына кредит беруді ұлғайту жөніндегі міндеттер шеңберінде банктердің ресурстары барынша тартылатын болады. Атап айтқанда, банктер басым инвестициялық жобалардың жаңа пулын қаржыландыруға, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын жаңғыртуға белсенді түрде қатысуға дайын. Банктермен бірлесіп экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту жөнінде ұсынылып отырған шаралар пысықталатын болады», – деді Мәдина Әбілқасымова.