Банктер бизнесті несиелендіруді кеңейтеді

Банктер бизнесті несиелендіруді кеңейтеді

Экономиканың нақты секторын несиелендірудің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нақты шаралар қабылдады. Бұл туралы Үкімет отырысында Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

«2024 жылы банк өтімділігін босату үшін өтімділік коэффициентінің төмендетілген мәндері 1 стандартымен 0,9 деңгейінде белгіленді. Бұл банк өтімділігін 1,6 трлн теңгеге босатуға мүмкіндік берді. Қабылданған шараларды ескере отырып, өтімді активтердің жалпы көлемінің 19,2 трлн теңгеден еркін өтімділік резерві шамамен 6,0 трлн теңгені құрайды. Осылайша, банктердің өтімділік резерві жоғары, оны экономиканы несиелеуге пайдалануға болады», - деді Агенттік басшысы.

Агенттік Төрағасы бизнеске кредит беруді кеңейту үшін банктердің тұрақты қорландыру базасының болуы маңызды екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта қорландырудың негізгі базасын  клиенттердің салымдары құрайды, олар міндеттемелердің 80%-ына жуық.  Өткен  жылы корпоративтік кәсіпкерлікті қолдау және ресурстық базаны кеңейту үшін тұрақты қорландыру коэффициенті 0,9 деңгейге дейін төмендетілді», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Қорландыру базасының қысқа мерзімді сипатына байланысты, Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп банктерді ұзақ мерзімді қорландыру тетігін әзірледі. Бұл тетіктің негізгі міндеті қарыз алушылардың ұзақ мерзімді жобаларын кредиттеу мүмкіндігі болып табылады. Аталған тетік шеңберінде банктер облигацияларды нарықтық мөлшерлеме бойынша 7 жыл мерзімге шығарады. Жоспарланған қаржыландыру көлемі –  500 млрд теңге, оның ішінде банктер өңдеуші өнеркәсіп, электрмен жабдықтау және көлік салаларында 72 жобаны кредиттеуге  220 млрд теңге тартты.

Бұдан басқа, банктер шетел валютасындағы бондтарды тарту шараларын қабылдауда. Корпоративтік кәсіпкерлікке валютамен берілетін кредиттерді тәуекел-саралауды 200%-дан 100%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

«Шағын және орта бизнеске кредит беруге ерекше назар аударылды. Шағын және орта бизнес қарыздарын капиталға қатысты тәуекел-саралау 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді. Бұл шағын және орта бизнеске жаңа қарыздар беру үшін банктердің капиталын  1,5 трлн теңгеден астам сомаға ұлғайтты. Сонымен бірге 500 млн теңгеге дейінгі қарыздар бойынша кредиттерді оңайлатылған бағалау енгізілді. Қарыз алушылардың қаржылық және салық есептілігін міндетті түрде салыстыруға қойылатын талаптар жеңілдетілді», – деді ҚНРДА Төрағасы.

Шағын және орта бизнеске кепілсіз кредит беруді дамыту мақсатында, корпоративтік кәсіпкерлікті кредиттеу процесін цифрландыру қамтамасыз етілді. 2023-2024 жылдары банктердің ақпараттық жүйелерін 52 мемлекеттік сервиспен интеграциялау іске асырылды.

«Биыл банктерді  19 қосымша мемлекеттік дерекқормен интеграциялау жұмысы аяқталады, оған заңды тұлғалар, салық есептілігі, электрондық шот-фактуралар, орындалған жұмыстар актілері, жылжымайтын мүлікпен  мәмілелер бойынша  сервистер кіреді. Қабылданған шаралар нәтижесінде бизнеске берілген кепілсіз кредиттер көлемі былтыр  35%-ға ұлғайып, 3,7 трлн теңгені құрады, бұл бизнес кредиттерінің жалпы көлемінен 21%-ды құрайды», – деп атап өтті Агенттік басшысы.