Несие төлемін кейінге шегеру: нені білу қажет?

Несие төлемін кейінге шегеру: нені білу қажет?

Егер қаржылық қиындықтарға тап болып, несиені уақытында төлей алмасаңыз, бұл мәселені елемеуге болмайды. Қарыз жүктемесін азайтудың бір жолы – қайта құрылымдау, ал ерекше жағдайларда оған төлемді кейінге шегеру де кіруі мүмкін.

Несие төлемін кейінге шегеру дегеніміз не?

Кейінге шегеру – бұл қарыз алушыны уақытша несие төлемінен босату. Алайда бұл қарызды жою емес, төлемдерді кейінгі мерзімге ауыстыру болып табылады. Банк өтелмеген соманы өтеу үшін несие мерзімін ұзартуы немесе ай сайынғы төлемді көбейтуі мүмкін.

Маңызды: банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) кейінге шегеруді сирек береді. Бұл – қайта құрылымдаудың бір құралы ғана.

Несие бойынша төлемді кейінге қалдыру рәсімін кімдер қолдана алады?

Банктер әр өтінішті жеке қарастырады. Төлемді кейінге шегерудің мақұлдануына тек себептер ғана емес, қарыз алушының несие тарихы да әсер етеді. Қарастырылуы мүмкін себептер:

  • уақытша еңбекке жарамсыздық (ауру және т.б.);
  • жұмыстан қысқару немесе кірістің төмендеуі;
  • асырауындағы адамдар санының көбеюі (мысалы, бала туу);
  • форс-мажорлық жағдайлар (өрт, су басу және т.б.).

Бұл ретте банк басқа жағдайларды да ескеруі мүмкінс.

Әскери борышын өтеп жатқан азаматтар төлемді автоматты түрде кейінге шегеру құқығына ие. 2024 жылдан бастап олар қызмет барысында және әскери міндетін өтегеннен кейінгі 60 күн ішінде төлемнен босатылады. Бұл кезеңде пайыздар мен айыппұлдар есептелмейді.

Өтінішті қалай беруге болады?

  1. Несие берушіге хабарласыңыз

Банкке немесе МҚҰ-ға өтінішті бөлімшеге барып, мобильді қосымша арқылы немесе электрондық пошта арқылы жіберуге болады. Заң бойынша, өтінішті мерзімін өткізіп алған күннен бастап 30 күн ішінде беру ұсынылады, бірақ егер сот шешімі шықпаған болса, одан кейін де қаралуы мүмкін.

  1. Құжаттарды дайындаңыз

Қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды өтінішке тіркеу қажет, мысалы:

  • жұмыстан босату туралы бұйрық немесе қысқарту туралы анықтама;
  • медициналық анықтамалар;
  • жалақының төмендегенін растайтын құжаттар;
  • баланың туу туралы куәлігі.

Бұл толық тізім емес – банк қосымша құжаттар сұратуы мүмкін.

  1. Шешімді күтіңіз

Несие беруші өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Мүмкін нұсқалар:

  • кейінге шегеруді мақұлдау;
  • бас тарту және себебін түсіндіру;
  • балама шарттарды ұсыну (қайта құрылымдау, пайыздық мөлшерлемені төмендету және т.б.).

Егер банк өтінішті қабылдамаса, банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге болады. Олардың негізгі міндеті – тараптардың өзара тиімді шешімге келуіне көмектесу.

Маңызды ескерту:

  • кейінге шегеру сыйақы (пайыз) есептеуді тоқтатпайды;
  • кейінге шегеру неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым артық төлем көбейеді;
  • қарыз алушы өтінішті неғұрлым ерте берсе, оң шешім қабылдану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Өзге де пайдалы материалдармен  Fingramota.kz сайтынан таныса аласыздар.

 

Сыртқы коммуникациялар Басқармасы

press@finreg.kz