Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен бірлесіп, халықтың шамадан тыс борыштық жүктемесін азайту мәселесі бойынша екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесу өткізді. Сонымен қатар, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылығының қатысуымен банктердің қаражатын нақты секторды несиелеуге тарту тетіктері талқыланды.
Халықтың шамадан тыс борыштық жүктемесін азайту мәселесі аясында банктердің проблемалық тұтынушылық несиелер деңгейін төмендетуге арналған жеке жоспарларын орындау барысы қарастырылды. Проблемалық тұтынушылық несиелерді қайта құрылымдаудың тиімді рәсімдерін іске асыру бойынша жұмыс жалғасады. Бұл ретте реттеу шаралары ең алдымен өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға көмек көрсетуге бағытталады.
Төлем қабілетті төмен қарыз алушыларға несие беруді алдын алу үшін қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау талаптарын қатаңдату және мерзімі өткен берешегі бар азаматтардың борыштық жүктемесінің өсуіне шектеу қою шаралары қарастырылады. Сонымен қатар халықтың проблемалық қарыздарының жиналуын шектеу мақсатында қосымша реттеушілік және заңнамалық шараларды қарастыру жоспарлануда.
Бизнесті несиелеуді кеңейту мәселесі бойынша «Даму» қорының негізінде ШОБ субъектілерінің несиелерін кепілдендіру қорын құру тәсілдері талқыланды. Банктермен бірлесіп, банктердің кепілдендіру жүйесіне қатысу шарттарын талқылау жалғасады, сондай-ақ қор кепілдіктерінің бизнес субъектілері үшін қолжетімділігін арттыру шаралары қарастырылады.
Банктердің қаражатын нақты секторды несиелеуге тарту мақсатында Жобалық кеңсенің мәртебесі мен өкілеттіктерін күшейту туралы шешім қабылданды. Жобалық кеңсенің жұмысы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және банктер мен «Бәйтерек» холдингінің компанияларының тең қатысу қағидаттарына негізделген синдикатталған несиелеу механизмі арқылы ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы