Агенттіктің Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуы туралы

Агенттіктің Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуы туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) делегациясы Төраға М.Е. Әбілқасымованың басқаруымен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк Тобының Вашингтон қаласындағы (АҚШ) Көктемгі кездесулеріне қатысты.     

Іс-шара барысында Агенттік басшылығы Халықаралық валюта қорының, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC), «Moody’s» және «S&P» рейтингтік агенттіктерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, ХВҚ Басқарушы директорының жетекшілік ететін орынбасарымен және ХВҚ Атқарушы директорымен, тиісті департаменттердің басшылығымен және ХВҚ мен ДБ миссияларының басшыларымен Қазақстанның қаржы нарығын дамыту мен реттеудің өзекті мәселелері талқыланды.

Өткізілген Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) нәтижелерін талқылауға және осы Бағдарламаның ұсынымдарын іске асыру жөніндегі жоспарларға ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыдан алғанда төлем жасауға қабілетсіз банктерді реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қадағалау және тәуекелдерді бағалауға негізделген іс-әрекетті қадағалау, қаржы ұйымдарын шоғырландырылған қадағалау әдіснамасы және негізгі пруденциялық көрсеткіштер, тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйелері туралы ақпаратты жария етуге қойылатын заңнамалық талаптар саласындағы тәсілдерді жетілдіру бойынша одан әрі өзара іс-қимыл қарастырылды.

Көктемгі кездесулер аясында өңірдің ағымдағы макроэкономикалық ахуалы мәселелері және өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту перспективалары бойынша пікір алмасу мақсатында орталық банктер мен халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларымен де келіссөздер жүргізілді. Осылайша, Еуропа орталық банкінің, Венгрия Ұлттық банкінің, Австрия Ұлттық банкінің және Түркия Орталық банкінің төрағалары мен басшыларымен ынтымақтастықты нығайту және трансшекаралық банктік және инвестициялық әріптестікті дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. 

Сапар барысында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) және Қаржылық қылмыстарға қарсы күрес бюросының (FinCEN), АҚШ Санкциялар мәселелер жөніндегі мемлекеттік департаментінің Санкцияларды үйлестіру кеңсесінің басшылығымен де консультациялар өтті. Агенттік делегациясы «Atlantic Council» талдау орталығында өткен Дөңгелек үстелге қатысып, АҚШ Сауда палатасындағы Қазақстан-Америка Іскерлік Кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz