Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 наурыздағы жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 наурыздағы  жай-күйі туралы

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның
11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

Банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 2,6%-ға немесе 753,2 млрд теңгеге өсуі есебінен ағымдағы жылғы ақпанда 1,8%-ға немесе 0,9 трлн теңгеге ұлғая отырып (2024 жылдың басынан бері 1,0%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге өсу), 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 52,0 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 16,0 трлн теңгені немесе активтердің 30,8%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы ақпанда 3,2%-ға 7,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 6,9%-ға немесе 471,0 млрд теңгеге өсу). 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,4%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы ақпанда жеке тұлғалар салымдарының 1,3%-ға 20,2 трлн теңгеге дейін өсуі (міндеттемелердің құрылымындағы үлес 45,2%) нәтижесінде 1,5%-ға 44,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 0,1%-ға немесе 52,1 млрд теңгеге өсу).

2024 жылғы ақпанда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер АҚШ долларының теңгеге қатысты 0,6%-ға нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде 2,1%-ға 28,4 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 1,8%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютада 2,0%-ға, 26,3 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 3,0%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгемен үлес салмағы 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 92,4%-ды құрады.

Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы ақпанда 1,8%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 0,6%-ға төмендеу). Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 1,5%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін өсті (2024 жылдың басынан бері 1,4%-ға төмендеу). Оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,5%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар 3,0%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бір айда 3,2%-ға 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 4,9%-ға өсу).

2024 жылғы ақпанда бизнес субъектілеріне 1,4 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді, бұл 2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 52,7%-ға артық (2024 жылдың басынан бері 2,6 трлн теңге берілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,0%-ға артық).

Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы ақпанда 2,2%-ға ұлғайып, 17,2 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 3,4%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 1,3%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,7%-ға 10,7 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.

2024 жылғы ақпанда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,5%-ды (2024 жылғы қаңтарда– 19,9%), халыққа қатысты – бөліп төлеу бойынша берілген қарыздар үлесінің ұлғаюы нәтижесінде 17,5%-ды (2024 жылғы қаңтарда – 19,8%) құрады.

Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалып отыр. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,0%-ын немесе 906 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 863 млрд теңге).

ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,3%-ды немесе 284 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,6%-ды немесе 622 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 73,9%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 75,9%).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2024 жылғы ақпанда негізінен жеке тұлғалар депозиттерінің 1,4%-ға 18,6 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 1,0%-ға 34,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 0,6%-ға 15,5 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы ақпанда 0,7%-ға 26,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,1%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 23,4%-ды құрады (2024 жылдың басында – 23,2%).

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы ақпанда 14,0%-ды (2024 жылғы қаңтарда – 14,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,6%-ды құрады (2024 жылғы қаңтарда – 14,0%).

2024 жылғы қаңтар - ақпанда банктердің таза пайдасы 390 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылғы ақпанға қарағанда 18,0%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 3,8%), капитал рентабельділігі (ROE) 35,6%-ды (2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 31,6%) құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz