Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржы институттарымен өзара іс-қимылды кеңейту

Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржы институттарымен өзара іс-қимылды кеңейту

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы М.Е. Әбілқасымова және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Т.М. Сүлейменов бастаған делегация Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) бірлескен жұмыс сапарын жасады.

Өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылау мақсатында БАӘ Орталық Банкінің, БАӘ Бағалы қағаздар және биржалық тауарлар жөніндегі реттеушісінің, БАӘ Банктер федерациясының, Әбу-Даби Қор биржасының, Әбу-Даби Коммерциялық банкінің (ADCB) және «Mubadala Investment Company» мемлекеттік холдингтік компаниясының басшылығымен кездесулер өткізілді.

Тараптар ағымдағы макроэкономикалық ахуал және банк секторын дамыту туралы пікірлер алмасты. Бұдан басқа, реттеушілік ынтымақтастықты күшейту, инвестициялық мүмкіндіктерді және инвесторлардың өзара биржалық сауда-саттықтарға қол жеткізуін кеңейту, Қазақстанның корпоративтік секторына кредит беруді кеңейту, сондай-ақ қаржы нарығы үшін жасанды интеллект саласындағы үздік практикалар мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу талқыланды.

Сондай-ақ Агенттік әмірлік тарапына ислам банкингін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілеріне банк құрылымдарының исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалануы жөніндегі талаптар мен арнайы мүмкіндіктерді енгізуді көздейтін өзгерістер енгізуді жоспарлар отырғаны туралы хабарлады.

Келіссөздер нәтижесінде реттеушілер, атап айтқанда, Агенттік, ҚР Ұлттық Банкі мен БАӘ Орталық Банкінің арасында келісімдерге қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz