Банк секторының қадағалау саясатының 2024 жылға арналған негізгі басымдықтары

Банк секторының қадағалау саясатының 2024 жылға арналған негізгі басымдықтары

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуде реттеуші 2023 жылдың қорытындысын шығарды, қадағалау саясатының басымдықтарын, сондай-ақ банк секторын дамытудың 2024 жылға арналған негізгі бағыттарын ұсынды.

Жалпы алғанда, 2023 жылы банктердің кредиттік портфельді және мемлекеттік бағалы қағаздар портфелін ұлғайтуы есебінен банк секторы активтерінің өсуі байқалады. Қорландырудың негізгі көзі клиенттердің салымдары болды.

Нарық конъюнктурасының жағымсыз өзгерістеріне қарамастан, Қазақстанның банк секторы капитал қоры мен өтімділіктің жеткіліктілігін, сондай-ақ банктердің ағымдағы сыртқы экономикалық күйзелістерді игеру мүмкіндігін көрсетті.

Кездесу барысында SREP әдіснамасы бойынша жыл сайынғы толық ауқымды қадағалап бағалаудың нәтижелері талқыланды, тәуекелдері төмен банктер санының артуы және банк секторының сыртқы факторларға орнықтылығы сияқты оң өзгерістер атап өтілді.

Тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеуге ерекше назар аударылды, олардың шеңберінде Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп негізгі және стрестік сценарийлерді әзірлеп, бекітті. Бұл ретте 2022 жылы орын алған стрестік оқиғаларға байланысты 2023 жылға консервативтік тұрғыдан барынша  аз сценарийлер әзірленді.

Жыл сайынғы қадағалау процесінің соңғы кезеңін іске асыру мақсатында, Агенттік 2024 жылдан бастап SREP қадағалап бағалауының, тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестіледнің қорытындылары бойынша капиталға қадағалау үстемеақысын қолдануды жоспарлап отыр.

2023 жылы қаржы нарығындағы тағы бір маңызды оқиға ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің Қазақстанның қаржы секторына бағалау жүргізуі болды. Бағалау қорытындысы бойынша банк секторының орнықтылығы және тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамытудағы прогресс расталды, сондай-ақ Агенттік қызметін одан әрі жетілдірудің және анықталған олқылықтарды жоюдың негізгі бағыттары айқындалды.

Агенттік Төрағасы 2020 жылдан бастап банк секторындағы тәуекелге бағдарланған қадағалауға толыққанды көшудің және SREP, тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеу сияқты негізгі қосымша құралдарды бірыңғай қадағалау процесіне интеграциялаудың арқасында банктердің ең төменгі реттеушілік талаптарға сәйкестігі ғана емес, сонымен қатар тәуекелдерді барынша сапалы басқаруға көшу үшін негіз қаланғанын атап өтті.

2024 жылы Агенттік қадағалау процесінің кешенді моделін құру жұмысын жалғастырады, бұл ашықтық пен банк секторына деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

Осы бағытта Агенттік SREP әдіснамасы бойынша қадағалау процесін одан әрі жетілдіруді және AQR басым қадағалау құралдарын және SREP-те қадағалап стресс-тестілеуін біріктіруді жүзеге асыратын болады.

Биыл екінші деңгейдегі банктердің климаттық стресс-тестілеуін әзірлеу басталады. Төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу сценарийлерін іске асыру кезінде банктердің орнықтылығы мен ықтимал қаржылық шығындарын бағалауға басты назар аударылады.

Агенттік міндеттерінің жеке блогы шоғырландырылған негізде банк топтарын реттеуді күшейтуді, сондай-ақ реттеуші AQR рәсімдерін ескере отырып, соңғы сатыдағы қарыздар тетігін жетілдіруді қоса алғанда, Базель қағидаттарын одан әрі енгізуге арналған.

Бұдан басқа, Агенттік ESG қағидаттарын банктердің қызметіне кезең-кезеңімен интеграциялауды жалғастырады: екі ұсынымдық құжатты – ESG тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқауды және банктердің кредиттік портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқауды әзірлеу мен қабылдау жоспарлануда.

Тағы бір маңызды бағыт – тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін азайту. Қазіргі уақытта Агенттік халықтың шамадан тыс кредит алуын  азайту бойынша жаңа жүйелі шаралар әзірледі және заңнамалық өзгерістерге бастама жасады.

Сонымен қатар, 2024 жылы Агенттік банктердің өтімділігін экономиканың нақты секторына кредит беруге қайта бағдарлау жөнінде шаралар қабылдауды жалғастырады. Бизнеске кредит беруді  ынталандыру жөніндегі шаралар банктердің қаржылық орнықтылығына нұқсан келтірмей және Базель комитетінің халықаралық стандарттары мен ұсынымдарын сақтай отырып қабылданатын болады.

Сенімділігі жоғары кредиттік рейтингі бар шетелдік банктерді елге тарту үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп шетелдік банктерді немесе олардың филиалдарын ашу тәртібіне қойылатын қолданыстағы талаптарды ырықтандыру туралы заң жобасын әзірлейтін болады, онда құжаттар тізбесін қысқарту және Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына қойылатын реттеушілік талаптарды төмендету көзделеді.

Қадағалау саясатын және банк секторын дамытудың негізгі бағыттарын талқылау қорытындысы бойынша , екінші деңгейдегі банктер мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қосымша ұсыныстар айтты, олар 2024 жылға арналған басым міндеттерде ескерілетін болады.

Нарықпен талқылауды ескере отырып пысықталған банк секторының қадағалау саясатының 2024 жылға арналған негізгі басымдықтары Агенттіктің ресми сайтында орналастырылатын болады.

 

 

Толығырақ ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады:

+7 (727) 2 371 120

e-mail: press@finreg.kz

www.finreg.kz