Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның
11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

2023 жылы банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 23,1%-ға өсуі нәтижесінде 15,4%-ға 51,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 4,6%-ға өсті).

2023 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 15,1 трлн теңгені немесе активтердің 29,3%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банктердің меншікті капиталы 2023 жылы 31,3%-ға 6,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 3,2%-ға өсті). 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,2%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2023 жылы негізінен халық салымдарының 20,6%-ға өсуі есебінен 13,3%-ға 44,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 4,8%-ға өсті). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында негізгі үлесті – 78,7%-ды немесе
35,1 трлн
теңгені клиенттердің салымдары құрайды.

2023 жылы екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 22,4%-ға 27,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 3,9%-ға өсті).

2023 жылы ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 23,0%-ға 25,8 трлн теңгеге дейін (2023 жылғы желтоқсанда 2,8%-ға өсті), шетел валютасындағы кредиттер 16,3%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін (2023 жылғы желтоқсанда 19,6%-ға өсті) ұлғайды. Нәтижесінде 2023 жылы теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 91,9%-дан 92,3%-ға дейін ұлғайды.

2023 жылы екінші деңгейдегі банктер барлығы 30,3 трлн теңгеге жаңа кредиттер берді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға артық. Бұл ретте 2023 жылғы желтоқсанда 3,5 трлн теңге берілді, бұл өткен аймен салыстырғанда 20,5%-ға артық.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылы 11,9%-ға 9,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 7,2%-ға өсті). Жоғары пайыздық мөлшерлемелердің сақталуына қарамастан, 2023 жылы заңды тұлғаларға берілген кредиттердің жылдық өсуі, оның ішінде кредит қабілеттілігін бағалау процестерін одан әрі цифрландырудың, инфляцияның біртіндеп бәсеңдеуінің, сондай-ақ ШОБ субъектілерін қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды жалғастырудың арқасында соңғы 12 жылда барынша өсті.

Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2023 жылы 16,7%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылғы желтоқсанда 6,8%-ға өсті). Бизнесті кредиттеудің негізгі өсуі ШОБ субъектілеріне, сондай-ақ дара кәсіпкерлерге берілген қарыздармен қамтамасыз етілді, олар 58,6%-ға 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

2023 жылы ШОБ субъектілеріне қарыздар 13,3%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылғы желтоқсанда 4,3%-ға өсті), ірі бизнеске қарыздар 10,1%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 11,6%-ға өсті).

Барлығы 2023 жылы дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 15,5 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22,1%-ға артық. Бұл ретте 2023 жылғы желтоқсанда 2,1 трлн теңге берілді, бұл өткен аймен салыстырғанда 43,8%-ға көп.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2022 жылғы 31,8%-ға өсуімен салыстырғанда бәсеңдеп, 2023 жылы 28,9%-ға 18,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда – 2,3%-ға өсті).

Жеңілдетілген «7-20-25» ипотекалық бағдарлама талаптарын қайта қарау және азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға зейнетақы жинақтарын алуының көлемі азаюы салдарынан ипотекалық кредит беру 2022 жылғы 42,4%-ға өсуімен салыстырғанда 2023 жылы өсуі  14,9%-ға дейін немесе 5,4 трлн теңгеге дейін бәсеңдеді.

Тұтынушылық қарыздар 2022 жылғы 25,3%-дан жедел өсіп, 2023 жылы   34,1%-ға 10,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 2,7%-ға өсті). Тұтынушылық кредиттеудің жедел өсуі бірқатар ірі банктер тарапынан бөліп төлеудің танымалдығының өсуіне және кезең-кезеңімен науқандардың болуына байланысты.

2023 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 18,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 19,2%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер 17,9%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 17,4%) құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелінің сапасы 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоғары деңгейде сақталуда. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 90 күннен асқан мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі несие портфелінің 2,9%-ын немесе 863 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ қарыздардың деңгейі 2,3%-ды немесе 289 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,0% немесе 321 млрд теңге), жеке тұлғалар портфелінде 3,4% немесе 575 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3,7%-ды немесе 493 млрд теңге) құрады. Банктердің кредиттік портфелінің сапасын жақсартуға банктердің жұмыс істемейтін қарыздарды азайту бойынша жоспарлы жұмысы себеп болды.

Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 76,0%-ды құрайды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 76,9%).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылдың қорытындысы бойынша 12,0%-ға 34,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 7,6%-ға өсті),  бұл негізінен халықтың ұлттық валютадағы депозиттер бойынша жоғары мөлшерлеме аясында ақша жинауға деген икемділігінің өсуіне байланысты. Жеке тұлғалардың депозиттері 20,4%-ға 18,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 8,9%-ға өсті), ұлттық валютадағы депозиттердің өсуі 14,6 трлн теңгеге дейін 33,0%-ды құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 2023 жылы 3,5%-ға 15,8 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылғы желтоқсанда 6,2%-ға өсті).

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылы 25,8%-ға 26,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылғы желтоқсанда 10,0%-ға өсті), шетел валютасындағы депозиттер негізінен заңды тұлғалардың валюталық салымдарының төмендеуінен 17,7%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылғы желтоқсанда 0,5%-ға өсті). Ұлттық валютадағы салымдардың өсуі  валютадағы және теңгедегі депозиттер арасындағы мөлшерлемелер бойынша сақталып отырған айырмашылыққа байланысты. Нәтижесінде долларлану деңгейі 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 23,2%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%), бұл 1997 жылғы желтоқсаннан бастап ең төменгі мән болып табылады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2023 жылғы желтоқсанда 14,6%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 14,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,7%-ды құрады (2022 жылғы желтоқсанда – 13,3%).

2023 жылдың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 2,2 трлн теңге болды, бұл 2022 жылға қарағанда 49,0%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,7%), капитал рентабельділігі (ROE) 36,7%-ды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 30,4%) құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz