Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғаудағы сақтандырудың рөлін күшейту

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғаудағы сақтандырудың рөлін күшейту

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер 2024 жылы сақтандыру ұйымдарынан жаңа төлемдер ала бастайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында олар үшін зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандырудың жаңа сақтандыру өнімі әзірленуде. Осы қызметкерлерге зейнетақы алдындағы төлемдер 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейін жүзеге асырылатын болады.

Зейнетақы алдындағы аннуитет жұмыс берушінің қаражаты есебінен жасалатын, өз қызметкерлерінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруы кезінде оларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – ЖОМС) шарты шеңберінде берілетін болады.

Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, барлық жұмыс беруші ЖОМС шартын жасауға міндетті, ол зардап шеккен қызметкерлерге жоғалған табысын толтыруға арналған төлемдерді, медициналық көрсетілетін қызметтерді өтеуге арналған төлемдерді, асыраушысы қайтыс болған жағдайда асырауындағы адамдарға төленетін төлемдерді өтейді.

Сондай-ақ жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігін арттыру және жағдайларын жақсарту жөніндегі шараларды жүргізуге жұмсаған шығындарын ішінара өтеу мақсатында сақтандыру ұйымдарының ЖОМС шарттары бойынша жұмыс берушіге қосымша төлемдерді жүзеге асыруы бойынша мәселе пысықталуда. Осылайша, алдын алу іс шараларын жүргізу бойынша жұмыс берушілердің қызметін бақылаудың тағы бір тетігі құрылады.

ЖОМС шарттары бойынша зардап шеккен қызметкердің денсаулығын оңалту және қалпына келтіру шығыстарын өтеуге төлемдер алу мүмкіндігі кеңейтілуде, зардап шеккен барлық қызметкерге санаторийлік-курорттық емделуге төлемдер көзделеді.

ЖОМС шарттары бойынша төлемдер жазатайым оқиғаның жұмыста кімнің кінәсінен болғанына қарамастан зардап шеккен қызметкерлерге төленетін болады.

Бұл шаралар азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі сақтандырудың рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық өзгерістер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралуда.