ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның Қазақстан Республикасының сақтандыру секторын цифрландыру тақырыбында брифингі өтті.
Сөз сөйлеу барысында Мария Хаджиева соңғы жылдары Қазақстанда сақтандыру саласын цифрландыруда айтарлықтай прогреске қол жеткізілгенін атап өтті. Бүгінгі күні сақтандыру секторын цифрландыру 3 бағыт бойынша дамуда: Insurtech, RegTech және SupTech. Егер RegTech және SupTech қадағалау мен реттеуді цифрландыруға қатысты болса, Insurtech клиент пен сақтандырушының қарым-қатынасын цифрландыруға бағытталған.
Көптеген мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілген Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі – СБДҚ) маңызды элемент болып табылады. Бұл шарт жасасу, сонымен қатар клиентке төлемді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді қашықтан алуға мүмкіндік береді. СБДҚ тек онлайн сақтандыру ғана емес, бүкіл сақтандыру секторы бойынша деректерді жинау үшін ақпараттық-технологиялық платформа болып табылады.
«Сапалы статистиканың болуы клиенттің мүддесін есепке ала отырып сақтандырудың жаңа өнімдерін жасауға, кросс-сатуды дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, міндетті автосақтандыру бойынша СБДҚ-да сақтандыру сыйлықақысын есептеу автоматтандырылған. Жүргізушінің апатқа ұшырауы бойынша жинақталған статистика ескеріледі, жүргізушінің кінәсінен апаттар неғұрлым көп болса, ол сақтандыру құжаты үшін соғұрлым көп төлейді», - деді Мария Хаджиева.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандыру шарттарын онлайн жасасуды енгізу цифрландыруды дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
«Бүгінгі күні сақтандырудың міндетті түрлері бойынша барлық шарттардың 100%-ы электрондық нысанда жасалады. Халық пен бизнес сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ сақтандыру өнімдерін еркін сатып алады», - деп атап өтті Мария Хаджиева.
Халыққа сақтандыру қызметтерінің толық циклын ұсыну үшін 2022 жылғы 12 шілдедегі Заңмен сақтандыру төлемдерін онлайн реттеу енгізу көзделген. Шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алуға дейінгі сақтандыру қызметін көрсетудің барлық процесі
2024 жылдан бастап электрондық түрде болады.
«Азаматтар сақтандыру ұйымына сайт немесе мобильдік қосымша арқылы қажетті құжаттарды қоса бере отырып, төлем туралы өтініш жіберу және кеңсеге бармай төлем алу мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі күні мұндай сервистерді енгізген және төлемді онлайн режимде жасауға өтініштерді қабылдайтын сақтандыру ұйымдары бар», - деді Агенттік Төрағасының орынбасары.
Халық үшін төлем алу процесін айтарлықтай оңтайландыру 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемін алудың жеңілдетілген тәртібін (Еурохаттама) енгізу болып табылады.
Автокөлік иелері үшін сақтандыру құжатының теңбе-тең құнын белгілеу мақсатында 2024 жылдан бастап икемді тарифтер белгіленеді. Мәселен, міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде елдің әрбір өңірінің апаттылық деңгейі талданады.
«Икемді тарифтеу апаттылығы төмен өңірлердегі сақтандыру құжатының құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Алдын ала есептеулерге сәйкес 11 өңірде сыйлықақыны төмендету күтілуде, 2 өңірде сақтандыру сыйлықақысының мөлшері өзгермеген түрде қалады»,- деп атап өтті Мария Хаджиева.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сақтандырушылардың төлем қабілеттілігі деңгейін бақылау мақсатында Агенттік қадағалау құралдарын цифрландыруды дамытуға ерекше назар аударады.
Бәсекелестіктің тиімді құралы ретіндегі цифрландыру деңгейін арттыру ұсынылатын сақтандыру өнімдері мен көрсетілетін қызметтердің сапасын одан әрі жақсартуға ықпал ететін болады. Жаңа технологиялық шешімдер халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің қаржылық және географиялық қолжетімділігін арттырудың негізгі драйвері болмақ.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz