Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша семинар өткізу туралы

Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша семинар өткізу туралы

2023 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Халықаралық қаржы корпорациясының (бұдан әрі – IFC) қолдауымен қаржы ұйымдары үшін экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша семинар өткізді.

Семинарға екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру ұйымдарының бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, банктік емес қаржы ұйымдарының және басқа да стейкхолдерлердің өкілдері  қатысты.

Аталған іс-шара аясында қаржы ұйымдарының өкілдері үшін Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаудың (ESRM) жобасы алғаш рет таныстырылды.

ESRM нұсқаудың жобасы орнықты және «жасыл» қаржыландыруды дамыту және Қазақстанда ESG стандарттарын әзірлеу мәселелері бойынша Агенттік пен IFC ынтымақтастығы шеңберінде әзірленді.

Жобада ESG тәуекелдерін басқару рәсімдері, мұндай тәуекелдерді кредит беру туралы шешім қабылдау және одан әрі мониторинг жүргізу процесіне ықпалдастыру көзделеді.

Қарыз беру туралы шешім қабылдау процесі қаржыландырылатын жобаның ESG стандарттарына сәйкестігін айқындау үшін кешенді экологиялық және әлеуметтік сараптама жүргізуді көздейтін болады.

Сонымен қатар, ESRM нұсқауында ESG тәуекелдерін қаржы ұйымдарының корпоративтік басқару жүйесіне ықпалдастыру рәсімдерін айқындайды.

Бұл іс-шара Агенттіктің сайтында «Орнықты қаржыландыру» бөлімінде орналастырылған, Агенттік бекіткен ESG және орнықты қаржыландыру мәселелері бойынша хабардарлықты арттырудың 2023 жылға арналған жол картасы шеңберінде өткізілді.

Алдағы семинарлар туралы ақпарат Агенттік сайтының «Жаңалықтар» бөлімінде мерзімді түрде жарияланады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 237-10-89, e-mail: press@finreg.kz