Микроқаржы нарығының субъектілеріне түсетін реттеушілік жүктемені оңтайландыру

Микроқаржы нарығының субъектілеріне түсетін реттеушілік жүктемені оңтайландыру

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 1021 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында (бұдан әрі – Тұжырымдама) микроқаржыландыру нарығын дамыту үшін микроқаржыландыру нарығы субъектілеріне түсетін реттеушілік жүктемені, оның ішінде пруденциялық нормативтерді саралау есебінен оңтайландыру көзделген.

Тұжырымдаманы іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) ағымдағы жылғы 7 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Агенттік Басқармасының № 39 қаулысын (бұдан әрі – қаулы) қабылдады, ол пруденциялық нормативтерді ұйымдардың жүзеге асыратын қызметі мен тәуекел-бейініне қарай саралауды көздейді.

Атап айтқанда, ломбардтардың өздері үшін де, қаржылық қызметтерді тұтынушылар үшін де кредит тәуекелдері деңгейінің төмен болуына байланысты, Қаулымен ломбардтарға меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін және левередж коэффициентін сақтау жөніндегі талаптар алып тасталды.

Микроқаржы ұйымдарының ШОБ субъектілеріне кредит беруін ынталандыру үшін микроқаржы ұйымының меншікті капиталының жеткіліктілігін есептеу кезінде кәсіпкерлік мақсаттарға арналған кепілмен берілетін микрокредиттерді тәуекел-саралау көрсеткіштері 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді.

Сонымен бірге кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің өсуін шектеу және микроқаржы ұйымдары үшін халықтың шамадан тыс кредит алу тәуекелдерін азайту жөніндегі шаралар шеңберінде қысқа мерзімді кепілсіз тұтынушылық микрокредиттерді тәуекел-саралау көрсеткіштері 200%-дан 500%-ға дейін көтерілді.

Қаулы «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланып, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz