Зейнетақы аннуитеті тиімді әлеуметтік өнім ретінде

Зейнетақы аннуитеті тиімді әлеуметтік өнім  ретінде

Зейнетақы аннуитеті – бұл өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар  ұсынатын және зейнетақы жинақтарының жеткілікті болуы талабымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – БЖЗҚ) салымшыларына  «зейнетақыны» мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін өнім.   

Зейнетақы аннуитеті шарты салымшыны өмір бойы төлемдермен қамтамасыз ете отырып, 55 жасқа толғаннан кейін кепілді кіріс көзі болып табылады, және  тұрғын үй және емделуге шартты сатып алғаннан кейін БЖЗҚ-да қалған артық ақшаны пайдалану мүмкіндігін береді.

2023 жылы зейнетақы аннуитетін жасасу үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адам үшін 8,0 млн теңгені, ал 53 жыл жастағы әйел адам үшін 10,5 млн теңгені құрайды.

Сондай-ақ, ұзартылған, яғни «кейінге қалдырылған» зейнетақы аннуитеті бар, оны 45 жастан бастап сатып алуға болады, алайда ол бойынша төлемдер 55 жастан басталады. Ол үшін 45 жастағы ер адам үшін БЖЗҚ-да кемінде  7,2 млн теңге сомада жинақтары, ал сол жастағы әйел адам үшін – 9,1 млн теңге сомада жинақтары болуға тиіс.

Зейнетақыны тікелей БЖЗҚ-дан алған кезде төлемдер салымшының зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Ал сақтандыру ұйымынан төлемдер салымшының зейнетақы жинақтарының  таусылған- таусылмағанына қарамастан, өмір бойы жүзеге асырылады. Яғни, төлем мерзімі БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аударылған жинақтардың көлемімен шектелмейді.

Зейнетақы аннуитеті өнімдерінің желісін кеңейту мақсатында зейнетақы аннуитеті шартында бір ғана адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туысқандардың қатысуын көздейтін бірлескен аннуитет енгізілді. Бірлескен аннуитет жақын туысқандардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер ерлі-зайыптының біреуінде өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артылып жатса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, сақтандыру төлемдерін ұлғайту және мүгедектігі бар және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың жекелеген санаттары үшін зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Агенттік:

1) сақтандыру сыйлықақысын есептеуде қолданылатын жекелеген өлшемдерді қайта қарау, атап айтқанда:

- сақтандыру төлемдерін индекстеу мөлшерлемесінің ең аз мөлшерін 5%-дан 7%-ға дейін ұлғайту;

-  кірістілік мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшерін 6%-дан 9%-ға дейін арттыру;

2) мүгедектігі бар және зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін өлім-жітімнің жекелеген кестесін қолдану мүмкіндігі бөлігінде түзетулер қабылдады.

Мысалы, аталған түзетулер күшіне енгеннен кейін ағымдағы жылы зейнетақы аннуитетінің құны 55 жастағы ер адамдар үшін 8,0 млн теңгеден:

- 1-топтағы мүгедектік үшін 2,4 млн теңгеге;

- 2-топтағы мүгедектік үшін 3,4 млн теңгеге;

- 3-топтағы мүгедектік үшін 4,4 млн теңгеге;

- зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін 5,3 млн теңгеге дейін төмендейді.

Аталған жаңалықтар ағымдағы жылғы 25 наурыздан бастап күшіне енеді және зейнетақы аннуитетінің жаңа сатып алушылары үшін қолжетімді болады. Бұл ретте қолданыстағы зейнетақы аннуитеті шарттары бар сақтанушылар да шарт талаптарын қайта қарау кезінде аталған опцияны пайдалана алады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz