Бағалы қағаздар нарығындағы қадағалау саясатының 2023 жылға арналған негізгі басымдықтары

Бағалы қағаздар нарығындағы қадағалау саясатының 2023 жылға арналған негізгі басымдықтары

2023 жылғы 14 наурызда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылармен (бұдан әрі – БҚНКҚ) кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері, БҚНКҚ, «Бағалы қағаздардың орталық  депозитарийі» АҚ және «Қазақстан қор биржасы» АҚ басшылары қатысты.

Кездесу барысында бағалы қағаздар нарығындағы қадағалау саясатының 2023 жылға арналған негізгі басымдықтары, қор активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруынан бәсекелес ортаға беру мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ, 2022 жылы бағалы қағаздар нарығын дамыту қорытындысы жасалды.  Өткен жылы Қазақстанның қор нарығы макроэкономикалық және геосаяси сипаттағы жаһандық және елдік факторлардың әсерінде болды. Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысы бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 26,4%-ға төмендеді және
21,2 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 22%-ын құрады. Айналыстағы корпоративтік борыш көлемі 6,3%-ға азайды және 14,4 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 15%-ын құрады.

Бұл ретте, халықтың және қазақстандық компаниялардың тарапынан бағалы қағаздар нарығына деген қызығушылықтың артуы байқалды.
2022 жылы инвесторлардың Орталық депозитарийдегі ашық шоттарының саны 149,3%-ға артты және 01.01.2023ж. 550,2 мыңды құрады.

Кездесуге қатысушылар 2022 жылы Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды реттеуді жетілдіру бойынша бірқатар шаралар қабылдағанын атап өтті. Тәуекелдерді азайту мақсатында тепе-тең реттеу қағидатын ескере отырып БҚНКҚ-ны қадағалаудың халықаралық стандарттарына көшу жүзеге асырылды.

Қаржы нарықтары құбылмалылығының ағымдағы жағдайында БҚНКҚ-ның қаржылық орнықтылығын талдау және теріс нарықтық оқиғаларға ықтимал осалдығын бағалау үшін 2022 жылы VaR статистикалық модельдері негізінде қадағалап стресс-тестілеу жүргізілді. Сондай-ақ, Халықаралық валюта қорының техникалық көмегін тарта отырып, Risk Assessment and Supervision System әдістемесі бойынша БҚНКҚ-ны тұрақты түрде қадағалап бағалау жетілдірілді.

Бағалы қағаздар нарығының әлеуетті қатысушылары үшін лицензия алуға қойылатын талаптар, атап айтқанда лицензиаттардың жарғылық капиталының мөлшері және заңды тұлғалардың жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдық-құқықтық нысанында лицензия алу мүмкіндігі азайтылды, бұл қатысушылар санының және нарықтағы бәсекелестіктің артуына ықпал ететін болады.

2023 жылы реттеуші БҚНКҚ және зейнетақы активтерін басқарушылардың қызметін қадағалауды күшейту және жетілдіру жөніндегі жұмысты, оның ішінде операциялардың жаңа түрлеріне мониторинг жүргізу және талдау, өкілдіктер институтын енгізу, процестерді автоматтандыру және үздік халықаралық практикаларды зерделеу арқылы жалғастыруды жоспарлап отыр.

Қадағалап стресс-тестілеу моделін бағалау мақсатында бэк-тестинг өткізу жоспарлануда, ол тарихи деректер негізінде модельді бағалауды көздейді.

Қаржы реттеушісі бағалы қағаздар нарығындағы жосықсыз практикалардың алдын алуға және осы бағытта қолданылып жүрген тәсілдерді жаңартуға баса назар аударатын болады. 2023 жылы халықаралық тәжірибені талдау негізінде инсайдерлердің қатысуымен жасалған қаржы құралдарымен мәмілелер туралы ақпаратты есепке алу және ашу тәртібін өзгерту мәселесін қарау жоспарлануда.

БҚНКҚ-ны қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде Агенттік қадағалауындағы субъектілерге қатысты олардың қызметінің көлемін, жүйелік маңыздылығын, ауқымы мен күрделілігін ескере отырып, барабарлық қағидатын ұстануды жалғастырады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz