«МБЖЖ шеңберіндегі өмірді сақтандыру» жаңа сыныбы бойынша алғашқы лицензияларды беру туралы

«МБЖЖ шеңберіндегі өмірді сақтандыру» жаңа сыныбы бойынша алғашқы лицензияларды беру туралы

2022 жылғы 12 қыркүйекте сақтандыру ұйымдарының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖЖ) қатысуына мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер күшіне енді.

МБЖЖ – бұл кез келген азамат үшін өз баласына Қазақстанда немесе шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім ақысын төлеуге жеткілікті қаражат жинақтау мүмкіндігі. Бүгінгі таңда МБЖЖ бағдарламасына екінші деңгейдегі 4 банк қатысады, жалпы сомасы 33,5 млрд теңгеге 22 мың білім беру депозиті ашылды. Енді сақтандыру ұйымдары банктермен қатар халыққа осы инвестициялық өнімді ұсына алады.

МБЖЖ шеңберінде өмірді білім беру жинақтау сақтандыруы шартын жасасу арқылы ата-аналар сақтандыру ұйымы есептейтін инвестициялық кіріске қосымша жылдық 5%-дан 7%-ға дейінгі мөлшерде мемлекет сыйлықақысын ала отырып, өз балаларын оқытуға қаражат жинақтай алады.

Сақтандыру өнімінің басқа да артықшылықтары бар. Біріншіден, кірістілік мөлшерлемесіне депозитке қарағанда (8%-дан 10%-ға дейін) сақтандыру шартының бүкіл қолданылу мерзімінде кепілдік беріледі. Екіншіден, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі  толық жинақталған соманы өтейді, ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігі 20 млн теңгеге дейінгі соманы ғана өтейді. Үшіншіден, ата-анасы еңбек ету қабілеттілігінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда, жинақталған сомаға қарамастан оқудың толық құны төленеді.

Бүгінгі күні Агенттік «мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру» ерікті нысанында сақтандырудың қосымша сыныбын енгізе отырып, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына мынадай сақтандыру ұйымдарына лицензиялар берді:

  • «Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-Life» еншілес компаниясы» АҚ;
  • «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ;
  • «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ.

Өмірді сақтандыру компанияларының МБЖЖ-ға қатысуы ата-аналардың көпшілігіне балаларын оқытуға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекет субсидиясы бар алғашқы сақтандыру өнімі.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz