Дара инвесторға инвестициялық ұсыным беру қағидаларын бекіту туралы

Дара инвесторға инвестициялық ұсыным беру  қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылғы 23 қарашада «Дара инвесторға инвестициялық ұсыным беру қағидаларын, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның қызметкеріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 12 шiлдедегi Заңын іске асыру мақсатында қабылданды.

Қаулыға сәйкес дара инвестициялық ұсынымдар беру арқылы бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасау жөнінде  дара инвесторларға консультациялар беру бойынша қызметтерді тек реттеушінің лицензиясы бар брокерлер немесе инвестициялық портфельді басқарушылар көрсетуге құқылы болады.

Инвестициялық консультация беру бойынша қызмет көрсету сапасын реттеу үшін клиенттерге инвестициялық ұсынымдарды тек біліктілік талаптарына сәйкес келетін: жоғары білімі және тиісті кәсіби тәжірибесі бар брокердің/ инвестициялық портфельді басқарушының қызметкерлері ғана ұсына алады.

Брокерлер және инвестициялық портфельді басқарушылар өз клиенттеріне беретін ұсынымдардың сапасы үшін жауапты болады. Жосықсыз инвестициялық консультация беру нәтижесінде залалдың пайда болуы жағдайында инвесторлар сот тәртібінде залалды өтеуді талап ете алады.

Қаулыда сондай-ақ, инвестициялық ұсынымды инвестициялық консультанттың дара инвестордың тәуекел-бейінін айқындағанынан кейін ұсынуы көзделген, мұндай бағалау дара инвестор аламын деп сенетін инвестициялардың кірістілігі, инвестициялау  шегі және инвестициялаудан болатын зияндардың  рұқсат етілген тәуекелі туралы ақпаратты көздейді.  

Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталынан және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен өткеннен кейін «Әділет»  ақпараттық-құқықтық жүйесінен танысуға болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы 

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz