Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Алмабек Жанбековтің түсініктемесі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамытудың қағидаттарына және тәсілдеріне енгізілетін өзгерістер туралы хабарлайды.
«Әзірленіп жатқан өзгерістер тепе-теңдік қағидатын ескере отырып, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметін бақылау және қадағалау шеңберінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдануды көздейді», - деп атап өтті Алмабек Жанбеков.
Сонымен бірге өзгерістер бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар қызметінің көлемін, жүйелік маңыздылығын, ауқымын және күрделілігін ескере отырып, пруденциялық нормативтерді есептеудің қолданыстағы тәртібін түрлендіруге бағытталған және:
- брокерлердің/дилерлердің және инвестициялық портфельді басқарушылардың меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін есептеуді қайта қарауды;
- міндеттемелердің басталу мерзіміне қарай өтімділік көрсеткіштерін пайдалануды, атап айтқанда, мәндері жоғарыда көрсетілген мерзімге қарай өзгеретін мерзімді өтімділік коэффициентін енгізуді көздейді.
Енгізілетін өзгерістер шеңберінде брокерлік және (немесе) дилерлік қызметтің, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметтің операциялық тәуекелі ұғымы енгізіледі.
«Бұдан басқа, өзгерістер бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қатысушылардың санын көбейту үшін лицензия алуға кедергілерді азайтуды, атап айтқанда, жарғылық капиталдың ең төмен мөлшерін азайтуды көздейді», - деп түсіндірді қаржы реттеушісінің өкілі.
Енгізілетін өзгерістер Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен және Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді. Сонымен қатар, аталған өзгерістер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілді.
Енгізілетін өзгерістер шеңберінде ағымдағы жылғы 3 қарашада сағат 16:00-де Агенттік Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен кезекті жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуге Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығынан «Tengri Partners IB» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «YURTA» ИҚҮ» АҚ, «ОРДА Капитал» БК» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Фридом Финанс» АҚ, «First Heartland Securities» АҚ, «CAIFC INVESTMENT GROUP» АҚ, «Астана-Инвест» ИҮ» АҚ, «UD Capital» АҚ, «NGDEM Finance» АҚ, «Fincraft» инвестициялық үйі» АҚ, «ForteFinance» АҚ, «Нұрбанк» АҚ ЕҰ АҚ, «MONEY EXPERTS» АҚ, «Sky Bridge Invest» АҚ, «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ және «Jysan invest» АҚ сияқты бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары қатысты.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері брокерлік және (немесе) дилерлік қызметтің және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметтің операциялық тәуекелін есептеу әдістемесі бөлігіндегі мәселелерді айтты, сондай-ақ операциялық тәуекелдер бойынша өзге де нақтылайтын мәселелер болды.
Енгізілген өзгерістермен танысқыңыз келсе, https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14219816 мекенжайы бойынша ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына, сондай-ақ Агенттіктің ресми интернет-ресурсының «Нормативтік құқықтық база» бөліміне кіруге болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 2371089, press@finreg.kz