Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Сақтандыру шарттары» ХҚЕС 17 (бұдан әрі – ХҚЕС 17) күшіне енетіні және ол «Сақтандыру шарттары» ХҚЕС 4 ауыстыратыны туралы хабарлайды.
ХҚЕС 17-нің тұжырымдамалық айырмашылығы - бұл стандарт, ХҚЕС 4-ке қарағанда, есептеу параметрлерін бағалаудың егжей-тегжейлі әдісін қарастырмайды және сақтандыру міндеттемелерін бағалау кезінде актуарийдің пайымдаулары мен өзіндік модельдеріне негізделген.
Осылайша, келесі жылдың басынан бастап барлық сақтандыру ұйымдары ХҚЕС 17 критерийлеріне сәйкес міндеттемелерді бағалау үшін әдіснаманы дайындап, өздерінің бағдарламалық жасақтамаларын орнатуы қажет.
Сақтандырушыларға көмек үшін осы мәселе аясында Агенттік ХҚЕС 17 талаптарына сәйкес келетін сақтандыру міндеттемелерін бағалау бойынша басшылықты (бұдан әрі – Басшылық) әзірледі, ол ХҚЕС 17 талаптарын қолдануға ұсынымдарды көздейді және сақтандыру ұйымдары өз модельдерін пайдаланған жағдайда міндетті болып табылмайды.
Сақтандыру ұйымдарында ХҚЕС 17 критерийлеріне сәйкес келетін өз модельдері болмаған жағдайда, Басшылық оларға Басшылықта айқындалған дисконттау ставкасы, тәуекелдік түзету және т.б. бөлігінде параметрлерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұл ретте 2022-2023жж. қорытындылары бойынша ХҚЕС 17 бойынша жасалған сақтандырушылардың қаржылық есептілігін аудитті тексеру және жаңа стандартты енгізуге байланысты барлық тәуекелдерді талдау нәтижелерін алғанға дейін Агенттіктің реттеушілік және пруденциалдық талаптары, сондай-ақ сақтандырушылардың қолданыстағы есептілігі өзгеріссіз қалады.
Сондай-ақ, ХҚЕС 17 талаптары Solvency II еуропалық стандартының элементтерін қамтитынын ескере отырып, Басшылық Solvency II элементтерінің енгізілуіне қарай (2030 жылға дейін жоспарланған) осы директиваның талаптарын ескере отырып жаңғыртылатын болады.
Қазіргі уақытта сақтандыру нарығына қатысушылармен Басшылық нормаларын қолдану мәселелері бойынша талқылау жүріп жатыр.
Бухгалтерлік есеп бөлігінде тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қаржылық есептілік нысандарын өзгерту бойынша жұмысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізуде.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz