Қазақстан банк секторының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 22 екінші деңгейдегі банк құрайды, оның ішінде 13-і шетел қатысатын банк, оның ішінде 10 еншілес банк.

Банк секторының активтері ағымдағы жылғы тамызда 2,9%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 41,5 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім - 10,3% немесе 3,9 трлн теңге). Активтердің өсуі өтімді активтердің 5,7%-ға немесе 1 008 млрд теңгеге және несие портфелінің 1,1%-ға немесе 246 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды. 

Өтімділігі жоғары активтер 12,6 трлн теңгені немесе активтердің 30,4%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Экономикаға кредиттер 2022 жылғы тамызда 1,6%-ға өсіп, 20,7 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2022 жылдың басынан бері 11,8%-ды немесе 2,2 трлн теңгені құрады.

Ұлттық валютадағы кредиттер 2022 жылғы тамызда 1,9%-ға, 19,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%- ға, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы тамызда 0,5%-ға шамалы төмендеп, 7,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 2,3%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 1,8%-ға өсті). Заңды тұлғаларға кредиттердің төмендеуі жаңа несие беруден асып түскен ірі өтеулер нәтижесінде орын алды. Бұл ретте ағымдағы жылдың тамыз айында заңды тұлғаларға 973 млрд теңге сомасына қарыздар берілді, бұл 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 11,2% - ға артық.

Ірі бизнеске қарыздар 2022 жылдың басынан бері 4,0%-ға 3,4 трлн теңгеге дейін, ШОБ (ДК қоса алғанда) қарыздары 3,3%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,3%), саудаға (21,1%), құрылысқа (7,6%) және көлікке (5,8%) тиесілі.

Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы тамызда 2,9%-ға ұлғайып, 12,7 трлн теңгені құрады (ағымдағы жылдың басынан бері 18,7%-ға өсті).

Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,1%-ға 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге бизнес мақсаттарға арналған қарыздар, 2,3%-ға 7,0 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.

Ағымдағы жылдың тамыз айында несие портфелінің сапасы біршама жақсарды. Сонымен, 2022 жылғы 1 қыркүйекте банк секторы бойынша NPL қарыздарының деңгейі бір айда 0,2 п.т. немесе 41 млрд теңгеге азайып, 787 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 3,6%-ын құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда - 3,3% немесе 669 млрд теңге).

ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,6%-ды немесе 353 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде - 3,6%-ды немесе 434 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу жоғары болып сақталды және 72,3%-ды құрайды.

Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы тамызда 2,5%-ға 5,0 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 17,6%-ды, меншікті капитал (к2) – 20,9%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2022 жылғы тамызда клиенттердің салымдарының 1,9%-ға 28,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 3,0%-ға 36,5 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 77,3%). Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 10,4%-ға өсті.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы тамызда 0,8%-ға 28,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жылдың басынан бері өсім - 4,3%). Заңды тұлғалардың депозиттері 1,2%-ға, 14,6 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері - 0,4%-ға, 13,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы тамызда 1,0%-ға 18,0 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында депозиттер - 4,1%-ға 10,3 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 36,5%-ды құрады.

Базалық мөлшерлеменің артуы аясында қорландыру құны ұлғаяды. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы тамызда 12,4% (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,7% (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.

  

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz