Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жай-күйі туралы

Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қор нарығын капиталдандыру 2022 жылғы тамызда 2%-ға немесе 0,8 трлн теңгеге (жыл басынан бері 14%-ға төмендеу) өсімді көрсете отырып, 38 трлн теңгені құрады.

Акциялар нарығын капиталдандыру индекстік компаниялардың акциялары бағасының ұлғаюы есебінен 3,9%-ға немесе 0,9 трлн теңгеге  22,7 трлн теңгеге дейін өсті. Қалпына келтірудің жалғастырылуына қарамастан, 2022 жылдың басынан бері акциялар нарығын капиталдандыру геосаяси жағдайдың нашарлауы аясында акциялар бағасының төмендеуі нәтижесінде 21,2%-ға немесе 6,1 трлн теңгеге төмендеді.

Акциялар бағасының өсуі нәтижесінде 2022 жылғы тамызда KASE индексі 3 150,5 тармаққа дейін 6,7%-ға ұлғайды. 2022 жылғы
1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 105 эмитенттің 120 акциясы болды, олардың 46 шығарылымы KASE Global секторында айналысқа  жіберілді. Ағымдағы жылдың тамыз айында акциялармен сауда-саттық көлемі шілде айымен салыстырғанда 12,6%-ға немесе 0,9 млрд теңгеге артып, 7,8 млрд теңгені құрады.

Корпоративтік облигациялар нарығы 2022 жылғы шілдедегі шамалы өсуден кейін облигациялардың қолданыстағы шығарылымдарын өтеу нәтижесінде 2022 жылғы тамызда 0,7%-ға немесе 115,1 млрд теңгеге 15,3 трлн теңгеге дейін азайды (жыл басынан бері 0,2 %-ға өсім). Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығы ішінде ақша-кредит шарттарын қатаңдату аясында қорландыру құнының едәуір қымбаттауы, сондай-ақ қолданыстағы шығарылымдарды өтеу нәтижесінде осы нарықта теріс динамика байқалғанын айта кеткен жөн

2022 жылғы 1 қыркүйекте KASE сауда-саттық тізімдерінде 84 эмитенттің 333 корпоративтік облигациялар шығарылымы болды. 2022 жылғы тамызда KASE ресми тізіміне 7 эмитенттің («Алматы Логистик Центр» ЖШС, «Авеста-Қарағанды» ЖШС, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «FIVE BROKERS' CAPITAL» АҚ, «R-Finance» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Лизинг Групп» АҚ және «ОнлайнКазФинанс» микроқаржы ұйымы» ЖШС) облигацияларының 10 шығарылымы енгізілді.

2022 жылғы тамызда KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 94,7 млрд теңгеге дейін 60,2%-ға немесе 143,3 млрд теңгеге төмендеді.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2022 жылғы тамызда 19,4 трлн теңгеге дейін 2,6%-ға немесе 495,2 млрд теңгеге өсті.

2022 жылдың тамыз айының қорытындылары бойынша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бір айда 0,8%-ға немесе 5,4 млрд теңгеге ұлғайып, 645,2 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 470,8 млрд теңгеге дейін 15,9%-ға немесе 89,1 млрд теңгеге төмендеді.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ұжымдық инвестициялау нарығында 44 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 21 жабық және 1 ашық пай қоры.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 481,0 млрд теңгені құрап, негізінен бағалы қағаздар портфелінің төмендеуі есебінен, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты 1%-ға нығаюы нәтижесінде ағымдағы жылдың тамыз айында 0,7 млрд теңгеге немесе 0,1%-ға азайды.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 434,6 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 90,4%-ын бағалы қағаздар портфелі құрады, оның 97,1%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

Бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымында 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 39 брокер және дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 9 кастодиан-банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: KASE және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі жұмыс істейді. Сонымен қатар, КASE негізінде орталық контрагент жұмыс істейді.

Ағымдағы жылдың тамыз айында инвесторлар санының өсуі жалғасты. Депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 407 117 қосалқы шотқа дейін 21 208-ге немесе 5,5%-ға өсті (жыл басынан бері 84,9%-ға немесе 186,9 мың қосалқы шотқа өсті).

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 513,2 млрд теңгені құрап, ағымдағы жылдың тамыз айында 1,1%-ға азайды (жыл басынан бері өсім – 1,6%). 2022 жылғы тамызда міндеттемелер 117,8 млрд теңгеге дейін 9,8%-ға төмендеді. Меншікті капитал 395,4 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға немесе 7,3 млрд теңгеге өсті.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz