Қазақстандағы сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі туралы не білу керек?

Қазақстандағы сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі туралы не білу керек?

Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу Департаменті директорының орынбасары Әсел Әмірбаеваның түсіндірмесі

Кез келген тауарды сатып ала отырып, біз оның барлық сапа стандарттарына сәйкес келетініне сенімді болғымыз келеді және сатушыдан тауардың бізге ұзақ уақыт қызмет ететініне және біздің барлық үміттерімізге сәйкес келетініне кепілдікті талап етеміз. Қаржылық қызметтерді, мысалы, банктік салым шартын немесе сақтандыру шартын жасасу сатып алу туралы да солай айтуға болады. Нақты сатушыны, бұл жағдайда банкті немесе сақтандыру ұйымын таңдай отырып, біз ұсынылатын қаржылық қызметтің сенімді екеніне, біздің құқықтарымызды шектемейтініне және шартта көзделген төлемдерді алатынымызға көз жеткізгіміз келеді.

"Төлемдерді кім жүзеге асырады, қандай қаражаттан, қандай мерзімде – бұл әрбір тұтынушының жауап алғысы келетін негізгі сұрақтары", - деп атап өтті Әсел Әмірбаева.

Ақшаны банктегі депозитке орналастырған әрбір адам жеке тұлғалардың депозиттері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) кепілдігінде екенін білетін болар. Банк банкрот болған жағдайда, осы қордың қаражаты есебінен салымшының депозит сомасы заңда белгіленген шамалар шегінде қалыпқа келтіріледі. Мысалы, жинақтаушы теңге салымдары (депозиттері) бойынша 20 миллион теңгеден артық емес және теңгемен өзге депозиттер мен банк шоттары бойынша 10 миллион теңгеден артық емес.

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі

Сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары да қорғалады.

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі Қазақстанда 2003 жылдан бастап енгізілді және міндетті сақтандырудың 3 түрі (көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру және туристі сақтандыру) және аннуитеттік сақтандырудың 2 түрі (қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберіндегі аннуитет және зейнетақы аннуитеті) бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздейді.

Сақтандыру қызметтерін тұтынушылар (сақтанушылар) құқықтарының кепілдігін Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (бұдан әрі – СТКҚ) қамтамасыз етеді.

«СТКҚ акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады. ҚДКҚ-ға қарағанда, СТКҚ акционерлері мемлекет емес, нарыққа қатысушылар болып табылатынына қарамастан, Қордың қызметі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жіті бақылауында» - дейді Әсел Әмірбаева.

СТКҚ есептілікті қаржылық реттеушіге ұсынады, СТКҚ басшы қызметкерлері қаржылық реттеушімен келісу рәсімінен өтеді, СТКҚ-да жиналған кепілдік беру резервтерінің сақталуына қатысты оларды есепке алу және тек қана сенімді қаржы құралдарына инвестициялау бойынша талаптар белгіленген.

СТКҚ негізгі міндеті – ең үздік әлемдік практикаларды ескере отырып, сақтандыру жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

СТКҚ кепілдігі қалай жұмыс істейді

Азамат сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасты, осы шарттың қолданылу мерзімі ішінде сақтандыру ұйымы лицензиясынан айырылып, сот оны мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады делік. Сот шешімі күшіне енген сәттен бастап сақтандыру ұйымының көрсетілген кепілдік берілетін сақтандыру түрі бойынша міндеттемелері СТКҚ-ға ауысады. Бұл СТКҚ төлемге қабілетсіз сақтандырушы үшін өз клиентінің алдындағы міндеттемелерін осы міндеттемелер ауысатын жаңа сақтандырушы таңдалғанға дейін орындайтынын білдіреді.

СТКҚ құрылған күннен бері таратылған 6 сақтандыру ұйымы бойынша 1,2 млрд теңгеден астам сомаға кепілді төлемдерді жүзеге асырды.

«Сақтандыру ұйымы таратылған кезде СТКҚ-дан сақтандыру төлемдері сақтандыру ұйымдарының СТКҚ-ға төлейтін мерзімді жарналарынан қалыптасатын кепілдік беру резервтері есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда СТКҚ жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге кепілдік беру резервтерін шоғырландырды» – деп түсіндірді Департамент директорының орынбасары.

СТКҚ төлемдерді сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда ғана емес, сондай-ақ ЖКО-ға кінәлі адам анықталмаған немесе оқиға орнынан жасырынған жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген кезде де жүргізеді. Мұндай жағдайларда СТКҚ-да арнайы резерв бар.

Бұл ретте СТКҚ мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымынан сот тәртібімен бұрын өндіріп алынған моральдық залалды, айырылып қалған пайданы, сақтандыру шарты бойынша айыпақыны және өзге де шығыстарды өтемейді.

СТКҚ қызметі туралы жан-жақты ақпаратты https://ipgf.kz сайтынан алуға болады

СТКҚ қызметін жетілдіру

СТКҚ сақтандыру нарығындағы инфрақұрылымдық ұйым болып табылады, сондықтан оның қызметін жетілдіру — бұл сақтандыру индустриясының өсуін және жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, уақтылы ден қоюды талап ететін тұрақты процесс.

Әсел Әмірбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, онда СТКҚ қызметін жетілдіру бойынша бірқатар бастамалар көзделеді.

Біріншіден, СТКҚ-ға қаржы ұйымының мәртебесі беріледі және, тиісінше, қаржы институты ретінде оған қойылатын талаптар артады.

Екіншіден, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарының тізбесі кеңейтіледі. Кепілдік сақтандырудың барлық 8 міндетті сыныбына, сондай-ақ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде жасалатын зейнетақы аннуитеттері мен өмірді сақтандыру шарттарын қоса алғанда, сақтандырудың әлеуметтік маңызы бар сыныптарына қолданылатын болады деп болжануда.

Үшіншіден, тұтынушылардың сақтандыру төлемін алуды күту кезеңі қысқарады. Тұтынушылар төлемдерді сақтандыру ұйымы лицензиясынан айырылғаннан кейін, оны тарату туралы сот шешімін күтпей-ақ бірден ала алады.

Төртіншіден, сақтандыру төлемдерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандыру портфелін беру СТКҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі күні бұл таратылатын сақтандыру ұйымының активтері сақтандыру шарттарын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болған жағдайда ғана мүмкін болады.

Ұсынылған заңнамалық бастамалар сақтандыру төлемдерін алу процесін оңтайландыруға және жеделдетуге және халықтың сақтандыруға сенімін арттыруға бағытталған.

СТКҚ сақтандыру нарығының тұрақтылығының маңызды факторы және сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау кепілдігі болып табылады. Қаржылық реттеуші және нарық қатысушылары СТКҚ тұрақты жұмысына және кепілдендіру резервтерін көбейтуге мүдделі. «Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету үшін СТКҚ сақтандыру ұйымының тәуекел-бейінін, оның бизнес-стратегиясын, нарықтағы алатын үлесін және саланың ерекшелігін бағалайтын болады. Қарапайым сөзбен айтқанда, орташа «тәуекелге тәбеті» бар қаржылық тұрғыдан орнықты сақтандырушы жарналарды клиенттік базаны белсенді түрде, кейде тіпті «агрессивті» арттыру және өз бизнесін кеңейту арқылы жүргізетін өзінің бәсекелесіне қарағанда аз төлейтін болады. Тәуекел көп болған сайын, жарна да көп болады», - деп қорытындылады Әсел Әмірбаева.

Сақтандыру нарығында Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сияқты институттың болуы тұтынушыға сақтандырушының банкроттығы тәуекелін қоса алғанда, кез келген тәуекелден өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237-10-89, press@finreg.kz