2022 жылғы 1 мамырдағы Қазақстанның банк секторының жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 мамырдағы Қазақстанның банк секторының жай-күйі туралы

 

2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 14 банк шет елдің қатысуымен, оның ішінде 11 еншілес банк.

Банк секторының жиынтық активтері 2022 жылғы сәуірде негізінен ҚРҰБ-да орналастырылған корреспонденттік шоттар мен салымдардағы қалдықтардың 12%-ға немесе 737 млрд теңгеге төмендеуі есебінен 1,6%-ға азайды. 2022 жылғы 1 мамырда активтер 37,18 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 11,05 трлн теңгені немесе активтердің 29,7%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк секторының міндеттемелері сәуір айында негізінен клиенттер салымдарының 2,9%-ға азаюы есебінен 1,9%-ға төмендеді және 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 32,51 трлн теңгені құрады. Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 76,8%-ын немесе 24,96 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған.

2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 18,1%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,8%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі.

2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында банктердің таза пайдасы          375 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға төмен. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 мамырда 3,5%-ды (2021 жылғы 1 мамырда – 2,9%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 28,7%-ды (2021 жылғы 1 мамырда – 22,4%) құрады.

Экономикаға кредиттер 2022 жылғы сәуірде 0,9%-ға ұлғайып,              19,4 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы сәуірде жеке тұлғаларға берілген кредиттер 1,9%-ға 11,38 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,5%-ға 8,02 трлн теңгеге дейін азайды.

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 2022 жылғы сәуірде       17,64 трлн теңгеге дейін 1,6%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 1,76 трлн теңгеге дейін 5,6%-ға, негізінен теңгенің айырбастау бағамының 4,6%-ға (1 АҚШ доллары үшін 467 теңгеден 445,6 теңгеге дейін) нығаюы нәтижесінде өсті. Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы мамырда 90,9%-ды құрады.

2022 жылғы  сәуірде 1,88 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2022 жылғы наурызға қарағанда 0,7%-ға төмен.

2022 жылғы сәуірдің қорытындылары бойынша банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 33,4%), сауда (23,4%), құрылыс (8,0%) және көлік (5,6%) сияқты салаларға тиесілі. Басқа салаларға кредиттердің          29,6%-ы тиесілі.

2022 жылғы сәуірде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 15,2%-ды (2022 жылғы наурызда – 14,5%), жеке тұлғаларға – 17,3%-ды (2022 жылғы наурызда – 18,0%) құрады.

2022 жылғы сәуірдің қорытындылары бойынша  90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінің 3,6%-ын құрады (2022 жылдың басында  - 3,3%).

ШОБ-ты есепке алғанда, заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі                            3,6% (2022 жылғы қаңтарда – 3,4%). Жеке тұлғалардың портфелінде – 3,8%-ды (2022 жылғы 1 қаңтарда – 3,5%) құрады.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен жабу деңгейі 74,4%-ды құрады.

 

 Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz