Жалған микрокредиттерді ескерту туралы

Жалған микрокредиттерді ескерту туралы

Бүгінгі күні микрокредит берудің кеңінен тараған түрлерінің бірі микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) электрондық тәсілмен, 45 күнге дейін мерзімге 50 АЕК-ке дейінгі сомада (онлайн-микрокредит) беретін қысқа мерзімді микрокредиттері болып табылады.

Мұндай микрокредиттер алаяқтар тарапынан қызығушылық туғызды, олар азаматтардың дербес деректерін заңсыз иелену немесе қолжетімділік алу арқылы жеке басын куәландыратын жалған немесе жоғалған құжаттар, не Интернетте табылған дербес деректер бойынша жалған микрокредиттер ресімдейді.

Көп жағдайда алаяқтар азаматтарды адастыру арқылы оларға психологиялық тұрғыдан әсер етеді не азаматтарды заңсыз ресімделген кредиттік қаражатты қаскүнемдердің шоттарына ерікті түрде аударуға итермелеу мақсатында сенімін пайдаланады.

Алаяқтықтың басқа схемалары SIM-карталарды иесінің келісімінсіз қайта шығару жағдайлары, ақша қаражатын қашықтан банкинг арқылы ұрлау үшін SMS-ты қайта жіберу/ұстап қалу болып табылады. Сондай-ақ алаяқтар телефон нөмірлерін ауыстыру бойынша бағдарламаларды пайдаланады, бұл оларға бөтен нөмірлермен жасырынып қалуға мүмкіндік береді.

1. Осыған байланысты, жалған микрокредиттер беруге қарсы іс-қимыл мақсатында 2021 жылғы мамырдан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) онлайн-микрокредиттер берген кезде қарыз алушыларды идентификаттау тәртібін күшейтті. Енді онлайн-микрокредит беру үшін МҚҰ мынадай үш тәсілдің бірімен клиентке индентификаттау жүргізуге міндетті:

- электрондық цифрлық қолтаңба арқылы;

- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сәйкестендіру деректерін алмасу орталығының сервисі арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау арқылы;

- қарыз алушының дербес деректерін екіфакторлық тексеру және бейнелеу арқылы.

Сонымен бірге, 2022 жылғы қаңтардан бастап МҚҰ клиент көрсеткен абоненттік нөмірді мобильді байланыс операторларының деректерімен салыстырып тексеруді жүзеге асыруға міндетті.

2. Азаматтарда жалған берешектің туындауына жол бермеу және олардың мүдделерін қаскүнемдердің әрекеттерінен қорғау үшін Агенттік 2022 жылғы 16 қаңтардан бастап алаяқтық тәсілмен ресімделген микрокредит бойынша берешекті реттеу тәртібін енгізді.

Енді азамат микрокредитті заңсыз ресімдеу туралы құқық қорғау органдарына жүгінген кезде, МҚҰ күнтізбелік үш күн ішінде жалған микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұруға және клиентке қатысты талап-арыз жұмысын тоқтатуға міндетті.

МҚҰ-ның белгіленген тәртіпті мүлтіксіз және уақтылы орындауын қамтамасыз ету үшін, Агенттік пен құқық қорғау органдары арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға (бұдан әрі - Меморандум) қол қойылды. Меморандумға сәйкес Агенттік жалған микрокредит фактісі расталған кезде, МҚҰ-ның кредиттік бюродағы мәліметтерді түзету және берешекті есептен шығару шараларын қабылдауына мониторинг жүргізеді.

Берешектің бар-жоғын тексеру үшін әрбір азамат «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-тың ресми сайтынан мына мекенжай бойынша өзі туралы кредиттік есепті сұрата алады: https://id.mkb.kz/#/auth және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-дан (www.1cb.kz) мына мекенжай бойынша https://www.1cb.kz/product-buy/pko  (www.mkb.kz).

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz 

 

Ашық көздерден алынған фотосуреттер