2022 жылғы мамырда Қаржылық қолжетімділік үшін альянстың (бұдан әрі – Альянс) жұмыс топтарының үш кездесуі өтті. Кездесулер Эквадор, Сальвадор және Коста-Рика қаржы реттеушілерінің қолдауымен Оңтүстік Америка өңірінде өтті.
Өткізілген кездесулердің негізгі тақырыптары қаржылық қолжетімділік және қаржылық сауаттылық стратегияларын қалыптастыру, «жасыл» қаржыландыру құралдарын енгізу және дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйелерін жетілдіру және цифрлық қаржы өнімдерін дамыту болды.
Қаржылық қолжетімділік стратегиясын әзірлеген және енгізген реттеушілердің тәжірибесі мен табысты кейстеріне ерекше назар аударылды. Мәселен, Египеттің Орталық банкі әйелдер арасында аумақтық және мәдени ерекшеліктерді ескере отырып, қаржы өнімдеріне қолжетімділікті дамыту тәжірибесімен бөлісті. Танзания мен Филиппиннің қаржы реттеушілері өз елдерінің шалғай аймақтарындағы қаржылық қолжетімділік пен қаржылық сауаттылықты дамыту бойынша табысты кейстерді көрсетті.
Пандемияның салдарын, әсіресе, әлеуметтік факторлар мен азық-түлікпен қамтамасыз ету бөлігінде барынша азайтуға жеке назар аударылды. Аталған бағыттар бойынша атқарылған жұмыс жөнінде Эсватинидің, Эквадордың, Палестинаның және Либерияның реттеушілері айтып берді.
Агенттіктің өкілі – Сыртқы коммуникациялар басқармасының бас маманы Дмитрий Акмаев, өз кезегінде, түрлі нысаналы аудиториялар үшін қаржылық сауаттылықты дамыту, проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу тәртібін қалыптастыру және елдегі қаржылық қолжетімділікті арттыруға айтарлықтай ықпал еткен борышкерлерді оңалту тетігін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Агенттіктің тәжірибесін Эквадордың қаржы реттеушісі елдердің экономикалық және демографиялық жағдайлары ұқсас болуына байланысты ерекше атап өтті.
Кездесулердің қорытындылары бойынша Альянстың таяудағы айларға және екі жылдық кезеңге арналған жоспарлары қалыптастырылды. Агенттік арнайы қажеттіліктері бар адамдар үшін қаржылық қолжетімділікті дамыту жөніндегі зерттеулер мен жоспарларды әзірлеуге, сондай-ақ қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша білім қорын қалыптастыруға қатысатын болады.
Ағымдағы жылғы маусымда Агенттік Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйелерін дамыту тақырыбына Альянстың форумына қатысады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz