Мәдина Әбілқасымова стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң жобасын ұсынды

Мәдина Әбілқасымова стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң жобасын ұсынды

Бүгін жалпы отырыс барысында ҚР Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) бірінші оқылымда мақұлдады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына Заң жобасын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұсынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Заң жобасының негізгі мақсаты стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық қағидаттармен дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту болып табылады.

Мәдина Әбілқасымова 2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылғанын атап өтті. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6%-ын құрайды.

2019 жылы жүргізілген активтердің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21%-ы болып бағаланды. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 8%-дан аспайды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер 554  млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырды, 128 млрд теңгеге банктердің  капиталын қосымша ұлғайтты.

«2020 жылдан бастап банктер Агенттіктің келісімі бойынша стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларды іске асыруда. Екі жыл ішінде  648 млрд теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылды», - деді Мәдина Әбілқасымова.

 Осы заң жобасы ҚР 4 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және мынадай негізгі бағыттардан тұрады.

Заң жобасының бірінші блогы стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейтуге бағытталған.

Қазіргі уақытта авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді, бұл жеке инвесторлардың нарыққа шығуын шектейді. Сондықтан заң жобасымен бұл тізім стрестік активтерді қалыпқа келтіруге және экономикалық айналымға тартуға мүдделі жеке инвесторларды қосу жолымен кеңейтілетін болады.  

Мәдина Әбілқасымова қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке инвесторларға заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің қарыздарын ғана сатып алуға рұқсат етілетінін хабарлады, яғни заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.

Заңнамалық бастамалардың екінші блогы инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және оларды басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар институтын құруға бағытталған. Жаңа инвесторлар сатып алынған жұмыс істемейтін кредиттерді сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға береді деп болжанады.

Сервистік компаниялардың функцияларын банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына және тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.

«Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленетін болады», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберіндегі кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады.

Заң жобасының үшінші блогы стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетуге бағытталған. Түзетулер өндіріп алынған мүліктің банктер мен микроқаржы ұйымдарының балансында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді.

Осылайша, заң жобасы стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық қағидаттар негізінде дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға және стрестік активтерді еліміздің экономикасына тартуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz

 

Фото ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметімен ұсынылды.