Қазақстанның банк секторының 2022 жылғы 1 сәуірдегі жай-күйі туралы

Қазақстанның банк секторының 2022 жылғы 1 сәуірдегі  жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында екінші деңгейдегі 22 банк бар, оның 14 банкі шетелдің қатысуымен, оның ішінде 11 еншілес банк.

Банк секторының жиынтық активтері 2022 жылғы наурызда
1,1%-ға төмендеді, бұл негізінен корреспонденттік шоттардағы қалдықтардың және басқа банктерде орналастырылған салымдардың 22,6%-ға немесе 386 млрд теңгеге төмендеуі, сондай-ақ бағалы қағаздар портфелінің 5,6%-ға немесе 439 млрд теңгеге азаюы есебінен болды. 2022 жылғы 1 сәуірде активтер 37,8 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктерде шамамен 11,5 трлн теңгені немесе активтердің 30,6%-ын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің айтарлықтай қоры бар. Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк секторының міндеттемелері наурызда, негізінен, клиенттер салымдарының 3,4%-ға азаюы есебінен 1,2%-ға қысқарды және 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 33,1 трлн теңгені құрады. Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы, көбіне, банктердің жиынтық міндеттемелерінің 77,5%-ын немесе 25,7 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельден тұрады.

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторында капиталдың жеткілікті қоры бар. Негізгі капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k1) – 18,9%, меншікті капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k2) – 22,8%, бұл орташа алғанда, жүйе бойынша заңнамада белгіленген нормативтерден әлдеқайда көп.

2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша банктердің таза табысы 358,9 млрд теңгені құрады. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 сәуірде 3,8% (2021 жылғы 1 сәуірде – 2,5%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 31,3% (2021 жылғы 1 сәуірде – 19,8%) болды.

Экономикаға кредиттер 2022 жылғы наурызда 0,6%-ға ұлғайып, 19,2 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы наурызда жеке тұлғаларға берілген кредиттер 1,2%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,2%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

2022 жылғы наурызда ұлттық валютадағы кредиттер көлемі
1,7%-ға 17,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер көлемі, негізінен, теңгенің айырбастау бағамының 5,7%-ға (бір доллар үшін 495,0 теңгеден 467,0 теңгеге дейін) нығаюы нәтижесінде 8%-ға 1,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. 2022 жылғы 1 наурызда теңгемен кредиттердің үлес салмағы 90,3%-ды құрады.

2022 жылғы наурызда 1,9 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2022 жылғы ақпанға қарағанда 5,5%-ға көп.

2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша салалар бойынша алғанда банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,3%), сауда (11,4%), құрылыс (3,4%) және көлік (2,7%) сияқты салаларға тиесілі. Басқа салаларға – кредиттердің 68,2%-ы.

2022 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 14,5%-ды (2022 жылғы 1 наурызға – 12,2%), жеке тұлғаларға – 18,0%-ды (жылдың 1 наурызына - 18,4%) құрады.

2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредит портфелінің жалпы көлемінің 3,6%-н құрады (2022 жылдың басында – 3,3%).

ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 4,3%-ды құрады (2022 жылғы қаңтарда – 3,4%). Жеке тұлғалардың портфелінде – 3,7% (2022 жылғы қаңтарда – 3,7%).

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі 74,9%-ды құрады.

 

 Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz