Халықаралық қаржы корпорациясы мен ҚНРДА-нің арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы

Халықаралық қаржы корпорациясы мен ҚНРДА-нің арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Агенттік пен Халықаралық қаржы корпорациясы (International Finance Corporation, бұдан әрі – IFC) арасында ESG (Environmental, Social, and Corporate Governance / Экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару, бұдан әрі – ESG) стандарттарын бірлесіп әзірлеу және Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы шартқа (бұдан әрі – Ынтымақтастық туралы шарт) қол қойылғаны туралы хабарлайды. 

Ынтымақтастық туралы шартты іске асыру қорытындысы бойынша Агенттік ХҚК-мен бірлесіп мынадай үш негізгі құжатты дайындайды:

  1. Қазақстанда орнықты және «жасыл» қаржыландыруды енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспары (жол картасы);
  2. Қаржы ұйымдары үшін экологиялық және әлеуметтік тәуекелдер мен корпоративтік басқару (ESG) тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқау;
  3. Қаржы ұйымдары үшін ESG өлшемшарттары бойынша ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқау.

«Қаржы нарықтары барынша орнықты және «жасыл» жобалар мен салаларға қаржы ағындары мен инвестицияларды қайта бөлудің негізгі құралы болып табылады. Қазақстанның орнықты экономикаға көшу жөніндегі міндеттемелерін ескере отырып, қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізу ерекше өзекті болып отыр. Агенттік пен IFC арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қою қаржы ұйымдарын реттеуде орнықты даму саласындағы озық тәжірибе мен үздік халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

IFC-ның Орталық Азия бойынша өңірлік менеджері Кассандра Колберт «қаржылық реттеушілердің рөлі ESG ықпалдастыру және климаттың өзгеруі үшін қағидаттар мен құралдарды қаржы ұйымдарының стратегиясы мен бизнес моделіне енгізу бойынша барған сайын үлкен маңызға ие болып отыр. IFC стандарттарды әзірлеуші және жаһандық деңгейде қаржы секторын дамытудың негізгі факторы ретінде орнықтылық мәселелерін ілгерілетуде көшбасшы болып табылады. Біз Қазақстанның бәсекеге қабілетті қаржы секторы қозғаушы күші болатын орнықты қаржыландыруды және ESG стандарттарын дамыту үшін әдіснамалық негізді қалыптастыруда Агенттікке жәрдем көрсетуге қуаныштымыз», - деп атап өтті.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz