Қазір адамдар түрлі тәуекелдермен қатар жүретін өмірлік жағдайларға жиі тап болып жатады, алайда оларды қаржылық тұрғыдан қорғайтын «қауіпсіздік жастықшасы» болған жағдайда, мұндай тәуекел салдарлары аса қауіп төндірмейді. Өмірді сақтандыру осындай құрал болып табылады. Өмірді сақтандыру полисін сатып алуды ұзақ мерзімді перспективада қорғау мен инвестициялаудың қарапайым және сенімді құралдарының бірі ретінде қарастыруға болады, оны таңдауға мұқият қарау керек. Бұл құрал туралы толығырақ Сақтандыру нарығы және актуарлық есептеулер департаменті директорының орынбасары Әсел Әмірбаева айтып береді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өмірді сақтандыру нарығында 9 компания бар. Бұл нарықтың болашағы зор және сақтандыру саласының қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып табылады.
2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қолданыстағы сақтандыру шарттарының саны 2,5 млн астам шартты құрады, 2022 жылғы I тоқсанда 750 мыңнан астам шарт жасалды.
Өмірді сақтандыру компаниялары міндетті сақтандырудың екі сыныбы (қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру және туристі сақтандыру) және ерікті сақтандырудың төрт сыныбы (өмірді сақтандыру, аннуитеттік сақтандыру, ауырған және жазатайым оқиғалардан сақтандыру) бойынша қызметтер көрсетеді.
Ерікті сақтандырудың неғұрлым талап етілген сыныптары өмірді жинақтаушы сақтандыру және зейнетақы аннуитеті болып табылады.
Өмірді сақтандыру компаниялары қандай өнімдерді және қандай шарттарда ұсынатыны туралы толық ақпарат олардың ресми сайттарында орналастырылады.
Өмірді сақтандырудың артықшылықтары қандай?
Өмірді сақтандыру полисі өзіңді және туыстарыңды күтпеген жағдайларда болуы мүмкін қаржылық шығындардан қауіпсіздендіруге көмектеседі, ол өлім, еңбекке жарамсыздық жағдайында табысты жоғалту және басқа да, сондай-ақ оқыту, өмірдегі маңызды оқиға және т. б. сияқты өзінің өмірлік жоспарларын іске асыруға қаражат жинақтауға мүмкіндік береді.
Өмірді жинақтаушы сақтандыруды азаматтар бір мезгілде сақтандырып қорғауды және сақтандыру төлемінің кепілдігін ала отырып, ақша қаражатын жинақтау үшін пайдалана алады. Яғни бұл өнім сақтандыру мен жинақтауды біріктіреді.
Халықты ұзақмерзімді өмірді жинақтаушы сақтандыру шарттарын жасасуға ынталандыру мақсатында жеке тұлғаның салық салуға жататын табыстарынан жеке тұлға өз пайдасына және (немесе) жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) пайдасына және (немесе) жұмыс беруші қызметкердің пайдасына сақтандыру сыйлықақыларын төлеген сақтандыру төлемдері алып тасталды.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Мәжілісінде өмірді сақтандыру компанияларының мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу мүмкіндігі талқылануда, онда Қазақстанның кез келген азаматы баланың біліміне өмірді жинақтаушы сақтандыру шартын сақтандыру сыйлықақысының (жарнасының) 5% - 7% мөлшерінде жыл сайынғы сыйлықақы түрінде мемлекеттің қолдауымен жасай алады.
Осы өнім шеңберінде сақтандыру полисі баланың білім алуына ақша қаражатын мемлекет қолдауымен жинақтауға мүмкіндік береді, ал ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда, балаға сақтандыру шартында жазылған оқудың толық сомасын төлеуге кепілдік беріледі.
«Мәселен, бір азаматтың баласы дүниеге келді делік. Азамат баласы кәмелет жасқа толғанға дейін оның біліміне ақша жинағысы келеді. Азамат өмірді сақтандыру компаниясына жыл сайын жарна төлейді және бала 18-ге толғанда оның шотында білім алуына қажетті сома болады.
Бұл ретте, бала 18-ге толғанға дейін азаматтың өмірі сақтандырылған: күтпеген жағдай (өлім, еңбекке жарамсыздық және т. б.) орын алса өмірді сақтандыру компаниясы жинақталған соманы шартта көрсетілген күні төлеп береді», - деп әңгімелейді Әсел Әмірбаева.
Өмірді сақтандырудың талап етілген тағы бір жинақтаушы өнімі (құралы) егде жаста инвестициялық табысты және төлемдер сомасының индексациясын ескере отырып, тұрақты төлемдер алуға мүмкіндік беретін зейнетақы аннуитеті болып табылады.
Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлемдерді сақтанушының өзі де, шартта көрсетілген мұрагерлер де ала алады. Яғни, сақтанушы қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлемдердің кепілдік берілген кезеңі шеңберінде кесте бойынша сақтандыру төлемдерін алатын болады.
2021 жылы кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді, оның шеңберінде азаматтар 45 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады және 55 жастан бастап өмір бойы зейнетақы төлемдерін ала алады.
Қосымша заңнамалық бастамалар шеңберінде зейнетақы аннуитеті шартына бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын көздейтін бірлескен аннуитет сияқты өнімді іске асыру ұсынылады.
Әсел Молдағалиқызының сөзінше, «бірлескен аннуитеттің классикалық зейнетақы аннуитетінен басты айырмашылығы ол өнім жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік беруінде.
Мысалы, егер ерлі-зайыптының біреуінде аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншіcінің жинақтары оны сатып алу үшін қажетті қаражат көлемінен асып кетсе, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы ерлі-зайыптылар өздерінің әрқайсысы үшін өмір бойы жеке зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігін қамтамасыз ете алады».
Сонымен қатар, зейнетақы аннуитеттері бойынша төлемдерге «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының» қаражаты есебінен кепілдік беріледі, ол өмірді сақтандыру компаниясы таратылған және банкрот болған жағдайда сақтандыру портфелін басқа өмірді сақтандыру компаниясына берген сәтке дейін зейнетақы аннуитеттері бойынша үздіксіз төлемдерді қамтамасыз ететін болады.
Тұтынушы үшін өмірді тәуекелдік сақтандыру шарты кең таралған және түсінікті болып табылады, ол бойынша көбінесе сақтандырылушының өмірден кету, жазатайым оқиға нәтижесінде еңбекке қабілеттілігінен айырылу тәуекелдері өтеледі. Шарттың талаптарына сәйкес сақтанушы сақтандыру шартында келісілген мерзім ішінде бір жарна төлеуге немесе оларды тұрақты төлеуге құқылы.
Сақтандыру жағдайы туындаған уақытта сақтандыру шартында көрсетілген адамдар (пайда алушылар) сақтандыру төлемін алады.
«Өмірді классикалық жинақтаушы сақтандыру өнімдерімен қатар Қазақстан нарығында бір уақытта өмірді және инвестицияларды сақтандыратын өнімдер пайда болды. unit-linked осындай өнім болып табылады. Мұндай шарттың иесі өз активтерін өмірді сақтандыру компаниясының инвестициялық басқаруына береді және оларды инвестициялаудан кіріс алу, сонымен бірге сақтандырылу мүмкіндігіне ие болады. Полис мерзімі аяқталғаннан кейін барлық жинақтар полис иесіне немесе оның мұрагерлеріне төленеді» – деп атап өтті Департамент директорының орынбасары.
Осы өнім бойынша сақтанушы инвестициялау стратегиясын өзі таңдайды. Таяу уақытқа дейін бұл өнімнің инвестициялық мүмкіндіктері пай қорларына инвестициялармен шектелді. 2020 жылы ұжымдық, сондай-ақ жеке инвестициялық стратегиялар аясында инвестициялау мүмкіндігі берілді.
ТМД елдерінде «unit-linked» жаңа буынның инвестициялық өнімі болып табылады, ал Еуропа, Азия мен АҚШ-та бұл құрал 60 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Мысалы, АҚШ-та өмірді сақтандыру шартының 60%-ы дәл осы «unit-linked» технологиясы бойынша жасалады. Еуропада бұл сегменттің үлесі 30-70% аралығын құрайды.
Қазіргі күні unit-linked өнімі бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 600-ден астам шартты құрап отыр.
Қорытындылай келе, өмірді ерікті сақтандыру полисінің сақтанушыға өзі және өзінің отбасы үшін сенімділік пен қаржылық қауіпсіздікті, сондай-ақ жақындары үшін материалдық қолдауды қамтамасыз ететінін және мұның өмірдегі маңызды тірек екенін атап өтеміз.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz