Криптобиржалар құру үшін реттеу талаптарын қалыптастыруға қатысты

Криптобиржалар құру үшін реттеу талаптарын қалыптастыруға қатысты

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы қарашада криптобиржаларды құру үшін теңгерілген реттеу талаптарын қалыптастыру жұмысын күшейтуге тапсырма берді.

Қазіргі уақытта «Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысымен (бұдан әрі – № 188 қаулы) қызметі криптовалютамен байланысты клиенттердің операциялар жасауы немесе жүргізуіне жәрдемдесу үшін банктер көрсететін қызметтерді басқа тұлғалардың пайдалануына жол бермеу мақсатында тиісті тетіктер мен құралдарды әзірлеу арқылы екінші деңгейдегі банктерге тәуекелдерді басқару бойынша талаптар белгіленді. 

ФАТФ-тың халықаралық ұсынымдарына сәйкес цифрлық активтермен байланысты КЖ/ТҚ жоғары тәуекелдері атап өтіледі. Осыған байланысты ФАТФ деректерді ағымдағы мониторингтеуді, сақтауды және күмәнді операциялар туралы хабарлар жіберуді, тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдануды, сондай-ақ цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің қызметін лицензиялауды немесе тіркеуді қоса алғанда, клиенттерді тиісінше тексеруді жүзеге асыру бөлігінде цифрлық активтер саласында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі реттеуді қамтамасыз ету шараларын қабылдауға кеңес береді.

Криптобиржаларды құру және олардың жұмыс істеуі үшін теңгерілген реттеу талаптарын қалыптастыру мақсатында АХҚО Қазақстанның  банктерімен және мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауда АХҚО алаңында криптобиржалардың жұмыс істеуі бойынша пилоттық жобаны іске асыру іс-шараларын жүргізуде, АХҚО криптобиржалары  үшін банк шоттарын ашу мүмкіндігі оның мәселелерінің бірі болып табылады. 

Осыған байланысты, Агенттік № 188 қаулыға клиенттерді тиісінше тексергеннен кейін АХҚО криптобиржалары қатысушыларының пайдасына операциялар жүргізу мүмкіндігін көздейтін түзетулер әзірледі, АХҚО қатысушысының беделі мен қызметінің сипаты туралы, қаражаттың пайда болу көздері туралы мәліметтерді алу және белгілеу; АХҚО қатысушысының ақшасымен жүргізілген операцияларды мониторингтеуді және зерделеуді жүзеге асыру; бенефициар меншік иелерін анықтау; қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға күмәнді операциялар анықталған кезде қажетті ақпарат жіберу жөніндегі талаптар да көзделген.   

Басқа криптобиржалармен банк операцияларына қатысты қолданыстағы реттеу талаптары сақталды, атап айтқанда, банктердің қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен операциялар жүргізуден бас тартуының ішкі тәртібін әзірлегені үшін жауапкершілігі сақталды.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz