2021 жылғы қазандағы Қазақстан Республикасының қаржы секторына шолу

2021 жылғы қазандағы Қазақстан Республикасының  қаржы секторына шолу

Банк секторы

 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 14 банк шет елдің қатысуымен (банктердің жалпы санынан 60,9%), оның ішінде 11 еншілес банк.

Банк секторының жиынтық активтері 01.11.2021ж. негізінен қазан айында банктік қарыздардың 1,5%-ға өсуі есебінен 1,3%-ға ұлғайып, 36,01 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бері жиынтық активтердің өсуі 16,2%-ды құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің 12,23 трлн теңгені немесе активтердің 33,9%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік қоры банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2021 жылғы қазанда негізінен клиенттер салымдарының 1,1%-ға өсуі есебінен банк секторының міндеттемелері 1%-ға өсті. 2021 жылдың басынан бері міндеттемелердің өсуі 17,6%-ды құрады.

01.11.2021ж. жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 20,3%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 24,8%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтарлықтай асып түседі.

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2021 жылғы қазанда 1,4%-ға ұлғайып, 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 17,2 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бері бұл көрсеткіштің өсуі 17,6%-ды құрады.

2021 жылғы қазанда заңды тұлғаларға кредиттер 7,27 трлн теңгеге дейін 1,4%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер 9,93 трлн теңгеге дейін 3,5%-ға ұлғайды.

2021 жылдың басынан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-тың 2021 жылғы қазанда қарыздарды ірі өтеуі нәтижесінде қыркүйек айының қорытындысы бойынша заңды тұлғаларға кредиттер 3,9%-дан бәсеңдеп, 2,4%-ға ұлғайды.

Жыл басынан бері жеке тұлғаларға берілген кредиттер 32%-ға өсті. 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 89,6%-ды құрады (2020 жылғы желтоқсанда – 87%).

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі 2021 жылғы қазанда 14,85 трлн теңгеге дейін 1,5%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2,36 трлн теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды.

2021 жылғы қазанда жаңадан берілген кредиттердің көлемі 2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 2,5%-ға азайып, 1,87 трлн теңгені құрады.

Халықты ипотекалық кредиттеу көлемі 2021 жылғы қазанда 3,8%-ға ұлғайды және 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 3,02 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштің өсуі 27,3% болды.

Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарға арналған кредиттері 2021 жылғы қазанда 5,83 трлн теңгеге дейін 3,5%-ға өсті. 2021 жылдың басынан бастап тұтынушылық қарыздар 32,8%-ға өсті.

01.11.2021ж. алдын ала мәліметтер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің кредиттік портфельдің жалпы көлеміндегі үлесі 2021 жылғы қыркүйекте 0,3%-ға азайып, 4,0% (2021 жылдың басында – 6,9%) болды. Жеке тұлғалардың қарыздар портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар деңгейі 3,9% (01.01.2021ж. – 5,4%), ШОБ ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде – 4,4% (01.01.2021ж. – 8,6%) болды.

 

Депозит нарығы

Депозиттердің көлемі 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 2021 жылғы қазанда 0,6%-ға ұлғайып, 26,01 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштің өсуі 17,8% болды. 

Заңды тұлғалардың депозиттері 2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 13,55 трлн теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 12,46 трлн теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштердің өсуі тиісінше 19,9% және 15,5% болды.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 2021 жылғы қазанда 1,6%-ға ұлғайды және 01.11.2021ж. жағдай бойынша 16,75 трлн теңге болды, шетел валютасымен депозиттер 9,26 трлн теңгеге дейін 1,2%-ға азайды. 2021 жылдың басынан ұлттық валютамен депозиттер 20,9%-ға, шетелдік валютамен 12,4%-ға өсті. Нәтижесінде долларлану деңгейі  01.11.2020 жылғы 40,8%-бен салыстырғанда 01.10.2021ж. жағдай бойынша 35,6%-ды құрады.

Мерзімді депозиттер көлемі 2021 жылғы қазанда 2,3%-ға ұлғайып, 18,17 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бұл көрсеткіштің өсуі 18,9%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,5% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 8,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 9,2%) болды.

 

Сақтандыру секторы

01.10.2021 жылғы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның ішінде 9 – өмірді сақтандыру бойынша.

2021 жылғы қазанда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 1,6%-ға ұлғайды және 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 1,75 трлн теңгені құрады. Ұлғаю, негізінен, сақтандыру сыйлықақыларының өсуіне және оларды бағалы қағаздарға инвестициялауға байланысты болды. 2021 жылдың басынан сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 17,5%-ға өсті.

Активтер құрылымында ең көп үлесті (жиынтық активтердің 73,%-ын) бағалы қағаздар алады - 1,27 трлн теңге, олар 2021 жылғы қазанда 2,8%-ға ұлғайды. 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша қайта сақтандыру активтері 2021 жылғы қазанда 7,1%-ға азайып, 69 млрд теңгені (жиынтық активтердің 3,9%-ы) құрады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2021 жылғы қазанда 2,1%-ға ұлғайды және 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 1 трлн теңгені құрады. Міндеттемелердің өсуі негізінен сақтандыру резервтерінің ұлғаюы есебінен болды. 2021 жылдың басынан бастап сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 24,1%-ға өсті.

Міндеттемелер құрылымында ең үлкен үлесті (жиынтық міндеттемелердің 84,1%-ы) 856 млрд теңге сомасында сақтандыру резервтері алады. 2021 жылғы қазанда сақтандыру резервтері негізінен шығындар резервінің ұлғаюы есебінен 1%-ға ұлғайды. 2021 жылдың басынан бастап резервтердің өсуі 24,8%-ды құрады.

01.11.2021 жылғы жағдай бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2021 жылғы қазанда 0,9%-ға ұлғайып, 727 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бастап 9,3%-ды құрады.

Негізінен сақтандыру қызметінен түскен кірістер есебінен алынған сақтандыру секторының таза пайдасы 2021 жылғы қыркүйекте 7,6 млрд теңгеге ұлғайып, 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 98,3 млрд теңгені құрады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2021 жылғы қазанда 46,8 млрд теңгеге ұлғайып, 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 569 млрд теңгені құрады, бұл 01.11.2020 жылғы осы көрсеткіштен 36,9%-ға артық.

 

Бағалы қағаздар нарығы

Акциялар нарығы

01.11.2021 жылғы жағдай бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 2021 жылғы қазанда 13,7%-ға ұлғайып, 32,9 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бері 72,7%-ды құрады.

2021 жылғы қазанда акциялармен сауда-саттық көлемі 9,9 млрд теңгені құрап, ағымдағы жылғы қыркүйектегі акциялармен сауда-саттық көлеміне қатысты 88,7%-ға төмендеді. Алдыңғы аймен салыстырғанда сауда-саттық көлемінің төмендеуі «Қазақтелеком» АҚ-тың «Кселл» АҚ акцияларының 24%-ын сатуымен байланысты 2021 жылғы қыркүйекте акциялардың сауда-саттық көлемінің 87,3 млрд теңгеге өсуімен байланысты.

01.11.2021 жылы «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 121 эмитенттің 136 акциясы болды, оның ішінде 4 шығарылым листингтік емес бағалы қағаздар секторында айналысқа жіберілген. Есепті айда KASE ресми тізіміне жаңа акциялар енгізілмеді.

2021 жылғы қазанда KASE индексі 10,9%-ға 3 751,85 тармаққа дейін өсті, 2021 жылдың басынан бері 40,2%-ға өсті.

Облигациялар нарығы

KASE-те саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2021 жылғы қазанда 1,2%-ға ұлғайып, 14,4 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бері саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2%-ға төмендеді.

01.11.2021ж. KASE-нің сауда-саттық тізімінде 76 эмитент шығарған 318 корпоративтік облигациялар шығарылымы болды.

KASE-те корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 27%-ға ұлғайды және өткен аймен салыстырғанда қайталама нарықтағы мәмілелер үлесінің азаюы есебінен 243,4 млрд теңгені құрады.

2021 жылғы қазанда 156,1 млрд теңге жалпы сомаға облигациялардың 7 шығарылымы орналастырылды, оның 93,8%-ы қаржы секторының компанияларына тиесілі.

Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлігінде банктердің үлесі 1,6%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 6,6%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 7,9%-ды, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 78,7%-ды, жеке тұлғалардың үлесі – 5,2%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 18,4%-ды  құрады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

KASE-те сауда-саттыққа түсетін номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 01.10.2021 жылғы көрсеткішке қатысты 2,6%-ға ұлғайып, 01.11.2021ж. 18,1 трлн теңгені құрады. 

2021 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша KASE-те мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 27,7%-ға ұлғайып, 274 млрд теңгені құрады.

Қайталама нарықтағы инвесторлардың құрылымында банктердің үлесіне 28%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 12,1%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 2,2% тиесілі болды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 56,4%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 1,3%-ды құрады. Бейрезиденттердің қатысуы 1,5%-ға бағаланады.

 

Микроқаржылық қызмет

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) активтері 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 1,5 трлн теңгені құрап, бір тоқсанда 6%-ға, жыл басынан бастап 22,4%-ға өсті. Қазіргі таңда МҚҚЖҰ активтері банк секторының жиынтық активтерінің 3,7%-ын құрайды.

Активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына - 714,7 млрд теңге немесе 47,6%, кредиттік серіктестіктерге – 579,5 млрд теңге немесе 38,6%, ломбардтарға – 206,6 млрд теңге немесе 13,8% тиесілі. Активтер құрылымындағы ең үлкен үлесті берілген микрокредиттер алады (құнсыздануға арналған резервтерді шегергенде) – 1,29 трлн теңге немесе активтердің жалпы сомасының 85,7%-ы.  Осы көрсеткіш бойынша тоқсан ішінде өсім 5,8%-ды, 2021 жылдың басынан бері – 23,9%-ды құрады.

01.10.2021 жылғы жағдай бойынша МҚҚЖҰ-ның жиынтық міндеттемелері тоқсан ішінде 6,2%-ға, жыл басынан бастап 23,6%-ға ұлғайып, 942,9 млрд теңгені құрады. Жиынтық міндеттемелердің негізгі үлесін алынған қарыздар 82,6% немесе 779,1 млрд теңге құрайды.

2021 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша МҚҚЖҰ-ның жалпы несие портфелі 1,32 трлн теңгені құрап, бір тоқсанда 7,8%-ға, жыл басынан 27,8%-ға артты. Бұл сектордың барлық сегменттерінде жеке тұлғаларға берілген қарыздардың өсуіне байланысты.

01.10.2021 жылғы жағдай бойынша жиынтық портфельден мерзімі өткен және жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі тиісінше 10,4% және 4,1%-ды құрады.

 

Қаржылық қызметтерді  тұтынушылардың құқықтарын қорғау

2021 жылғы қазанда қаржы ұйымдарының, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің іс-әрекеттеріне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1 578 өтініші  қаралды.

2021 жылғы қазанда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша уәкілетті органға келіп түскен өтініштер саны 14%-ға өсті. Бұл өтініштердегі негізгі мәселе негізінен банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болмауы, кепіл мүлкін өткізу және Ипотекалық (тұрғын үй) қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде борыш жүктемесін азайту болып табылады.

Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) тиесілі, ол өтініштердің жалпы санынан 58%-ды құрайды. Агенттік жалпы сомасы 1,77 млн теңгеге 3 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 2 жазбаша ұйғарым және 11 әкімшілік жаза қолданды.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

 +7 (727) 237-10-89, email: press@finreg.kz 

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мына телефонға хабарласыңыз +7 (727) 237 1000