2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның сақтандыру секторының жай-күйі туралы

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның сақтандыру секторының  жай-күйі туралы

01.11.2021 жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның 9 ұйымы – өмірді сақтандыру бойынша. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының жиынтық активтері 2021 жылғы қазанда 1,6%-ға ұлғайды және 01.11.2021 жылы 1,75 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 17,5%-ға ұлғайды. Ұлғаюға, негізінен, сақтандыру сыйлықақыларының және оларды бағалы қағаздарға инвестициялаудың өсуі себепші болды.

01.11.2021 жылғы жағдай бойынша активтер құрылымында ең көп үлеске  (жиынтық активтердің 73%-ы) бағалы қағаздар – 1,27 трлн теңге тиесілі, олар 2021 жылғы қазанда 2,8%-ға ұлғайды. Қайта сақтандыру активтері  2021 жылғы қазанда 7,1%-ға азайып, 69 млрд теңге (жиынтық активтердің 3,9%-ы) болды. Сақтандыру дебиторлық берешегі 2021 жылғы қазанда 5 млрд теңгеге немесе 7,1%-ға азайып, 56 млрд теңге немесе  жиынтық активтердің 3,2%-ы болды.

2021 жылғы қазанда міндеттемелер 2,1%-ға ұлғайды және 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 1 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап міндеттемелер, негізінен сақтандыру резервтерінің ұлғаюы есебінен  24,1%-ға ұлғайды, олар ең көп үлеске ие болды - 84,1% немесе 856 млрд теңге.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 2021 жылғы қазанда 0,9%-ға ұлғайып, 727 млрд теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштің өсуі 9,3% болды.

Сақтандыру секторының негізінен сақтандыру қызметінен түскен кірістер есебінен алынған таза пайдасы 2021 жылғы қазанда 7,6 млрд теңгеге ұлғайды және 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 98,3 млрд теңгені құрады.

2021 жылғы қазанда сақтандыру (қайта сақтандыру)  шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 46,8 млрд теңге болды және 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша 569 млрд теңгені құрады, бұл 01.11.2020 жылғы осы көрсеткіштен 36,9%-ға артық.

Міндетті сақтандыру бойынша 2021 жылғы қазанда 11 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақысы жиналды, 2021 жылғы 10 айда – 108 млрд теңге жиналды, бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 20,1%-ға көп. Өсу негізінен көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша (21,7%-ға ұлғаю) болды. Ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2021 жылғы қазанда 22 млрд теңге сома, 2021 жылғы 10 айда – 245 млрд теңге жиналды, бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 58,7%-ға көп. Өсімге, негізінен, өмірді сақтандыру сыныбы бойынша және зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын жинаудың тиісінше 92,2%-ға және 28,6%-ға ұлғаюы себепші болды.

Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша 2021 жылғы қазанда 14 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақысы жиналды, 2021 жылғы 10 айда – 216 млрд теңге жиналды, бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 26,1%-ға көп. Өсуге негізінен, мүлікті зияннан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың 23,3%-ға және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудың 96,3%-ға өсуі себепші болды.

Жеке және заңды тұлғалардың жасалған сақтандыру шарттарының саны  2021 жылғы қазанда 1 081 498 дана, 2021 жылғы 10 айда – 9 728 539 шарт болды, бұл 2020 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 34,6%-ға көп. Бұл өсуге көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі бойынша жасалған сақтандыру шарттары санының 14%-ға, туристі сақтандыру шарттарының 3,8 есе, өмірді сақтандыру шарттарының 49,8%-ға және жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының  2,2 есе ұлғаюы себепші болды.

Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/239547?lang=kk

 

Баспасөз қызметі

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz