2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының жай-күйі туралы

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының жай-күйі туралы

01.11.2021 жылғы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 121 эмитенттің 136 акциясы болды, олардың 4 шығарылымы листингтік емес бағалы қағаздар секторында айналысқа жіберілген. Есепті айда KASE ресми тізіміне жаңа акциялар енгізілген жоқ. 2021 жылғы қазан айында KASE индексі индекстік акциялар құнының өсуі есебінен 3 751,85 тармаққа дейін 10,9%-ға өсті. Өсу 2021 жылдың басынан бері 40,2%-ды құрады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген талдау негізінде 01.11.2021ж. жағдай бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 32,9 трлн теңгені құрап, 2021 жылғы қазанда 13,7%-ға ұлғайды. Осы көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бері 72,7%-ды құрады.

2021 жылғы қазанда акциялармен сауда-саттық көлемі ағымдағы жылғы қыркүйектегі акциялармен сауда-саттық көлеміне қатысты 88,7%-ға азайып 9,9 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өткен аймен салыстырғанда төмендеуі 2021 жылғы қыркүйекте «Қазақтелеком» АҚ-тың «Кселл» АҚ-тың 24% акциясын өткізуіне байланысты акциялармен сауда-саттық көлемінің 87,3 млрд теңгеге дейін өсуімен байланысты.

2021 жылдың қазан айында KASE сауда-саттық тізімдерінде облигациялар нарығында 76 эмитенттің шығарған 318 корпоративтік облигациясы болды. KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 27%-ға ұлғайды және алдыңғы есепті аймен салыстырғанда бастапқы нарықтағы мәмілелер үлесінің ұлғаюы есебінен 243,4 млрд теңгені құрады.

2021 жылғы қазанда жалпы сомасы 156,1 млрд теңгеге облигациялардың 7 шығарылымы орналастырылды, оның 93,8%-ы қаржы секторының компанияларына тиесілі. Инвесторлардың негізгі санаттары бойынша корпоративтік облигациялардың қайталама нарығында банктердің үлесі 1,6%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 6,6%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 7,9%-ды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 78,7%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 5,2%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 18,4%-ды құрады.

KASE-де сатылатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 01.10.2021ж. жағдай бойынша көрсеткішке қарағанда 2,6%-ға ұлғайып, 01.11.2021 ж. жағдай бойынша 18,1 трлн теңгені құрады.

2021 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша KASE-те мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 27,7%-ға ұлғайып, 274  млрд теңгені құрады.

2021 жылғы қазанда мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 240,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде 82,5%-ы немесе 198,1 млрд теңге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыруға тиесілі. Қайталама нарықтағы инвесторлардың құрылымында банктердің үлесіне 28%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне 12,1%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне 2,2% тиесілі болды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 56,4%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 1,3%-ды құрады. Бейрезиденттердің қатысуы 1,5%-ға бағаланады.

Ұжымдық инвестициялар нарығында 38 инвестициялық пай қоры, оның ішінде 22 аралық, 15 жабық және 1 ашық қор жұмыс істеді. 2021 жылғы қазан айы ішінде 1 жабық инвестициялық пай қоры жабылды.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі 01.11.2021ж. жағдай бойынша 470,96 млрд теңгені құрады және өткен аймен салыстырғанда 8,5%-ға ұлғайды. Осы ұлғаю ең алдымен, инвестициялық қорлардың пайларын орналастыру арқылы инвесторлардың тартылған активтері есебінен болды. Инвестициялық пай қорларының негізгі активі 414 млрд теңге көлеміндегі немесе жиынтық активтерден 87,9%-ды құрайтын бағалы қағаздар портфелі болып табылатын, бұл ретте портфельдің 98,7%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады. Бұл айғақ басқарушы компаниялардың шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздарға инвестиция салуға мүдделілігін растайды.

01.11.2021ж. жағдай бойынша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында 36 брокер және дилер (16 банк және 20 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын 2 инфрақұрылымдық ұйым: KASE және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ (бұдан әрі – Орталық депозитарий) жұмыс істейді. Сонымен қатар, KASE базасында орталық контрагент жұмыс істейді. 01.10.2021ж. жағдай бойынша көрсеткішпен салыстырғанда «АТФБанк» АҚ-тың («First Heartland Jusan Bank» АҚ ЕБ) банктік және өзге де операцияларды жүргізуге және брокерлік және дилерлік қызметті және кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензияларды ерікті түрде қайтаруына байланысты бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялардың саны 70-ке дейін азайды.

Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/239547?lang=kk

 

Баспасөз қызметі

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz