ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің Inbusiness.kz іскерлік порталына сұхбаты
Кредит – бұл үлкен жауапкершілік. Оны төлегеннен гөрі алу оңай, сондықтан оны жобалау мәселесіне маңызды және байсалды қарау керек.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев кредитті қалай дұрыс пайдалану, кредит шартына қол қою кезінде неге көңіл аудару және қаржы институтымен қалай өзара іс-қимыл жасау керек екені туралы айтып береді.
- Александр Леонидович, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мәселелерін Сізден артық ешкім білмейді. Банктермен өзара іс-қимыл жасауға байланысты мәселелер бойынша азаматтар сізге қаншалықты жиі жүгінеді?
- 2020 жылдан бастап ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтардан 34 мыңнан астам өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі – 70%-ға жуығы банк секторына қатысты.
Өтініштерді талдау көрсеткендей, мұндай өтініштердің 67%-ында азаматтар қаржылық реттеушіге кредиттер бойынша мерзімін кешіктіру, қарыздарын қайта құрылымдау мәселелері бойынша жүгінді.
Осыған байланысты мынаған назар аударғым келеді: кредит ыңғайлы қаржы құралы болғанына қарамастан, оны дұрыс пайдалана білу керек және оны жобалауға жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан қарыз алу туралы шешім қабылдағанда мұқият болу қажет, өйткені шартқа қойған қолыңыз оның барлық талаптарымен автоматты түрде келісетініңізді білдіреді.
- Кредиттік өнімді пайдаланғысы келетіндерге не ұсына аласыз?
- Кредит алмай тұрып жақсылап ойланыңыз, ол сізге шын мәнінде қажет пе? Шұғыл қажеттілік болмаса, кредит алмаңыз. Кез келген кредит – үлкен жауапкершілік. Оны рәсімдеу арқылы сіз кредит беруші алдында белгілі бір қаржылық міндеттемелер аласыз. Ең абзалы, жеке бюджетке қосымша ауыртпалық түсірмеу. Ешбір жағдайда, егер оның шарттары жақсы болмаса, «ескісін» өтеу үшін жаңа кредит алудың қажеті жоқ.
Барлық тәуекелдерді салмақтаңыз. Мысалы, егер сіз жұмыссыз қалсаңыз немесе аурудың салдарынан уақытша еңбекке жарамсыз болсаңыз және т.б. жағдайларда кредит бойынша төлемді уақтылы төлей аласыз ба, соны ойланыңыз.
Борыш жүктемесінің коэффициенті туралы еске салғым келеді, яғни сізге қарыз алушы ретінде өз кірістеріңізді бағалау қажет. Ай сайынғы төлем кірістің 50%-ынан аспайтын болса ғана қарыз деңгейі қауіпсіз болып табылады. Кредит бойынша ай сайынғы төлемді төлегеннен кейін сізде ағымдағы шығындар мен жеке қажеттіліктерді өтеу үшін қаражат болуы керек.
Қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыру, яғни күтпеген жағдайларға ақша қалдырып қою өте маңызды. Ол кем дегенде алты айлық жалақы немесе одан көп болуы керек. Сона ғана сіз, мысалы, уақытша жұмыссыз қалсаңыз, кредит бойынша өз міндеттемелеріңізді уақтылы орындай аласыз.
- Қазір кредит нарығында көптеген түрлі ұсыныстар бар. Қаржы ұйымдары тиімді мөлшерлемелер, акциялар ұсыну арқылы қызықтырады. Кредит алуға шешім қабылдаған тұтынушыға мұны қалай түсінуге болады?
- Тартымды жарнамаға сеніп, кредит алуға асықпаңыз. Екінші деңгейдегі банктердің сайттарына немесе мобильдік қосымшаларына мониторинг жүргізіп, олардың кредиттік өнімдерін талдаңыз. Клиенттердің пікірлерін, банктің көрсеткіштері туралы қаржылық мәліметтерді оқып шығыңыз, оның беделі туралы мәселені анықтап алыңыз.
Банктердің ұсыныстарын мұқият оқып шығыңыз. Кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) қандай екенін біліңіз. ЖТСМ – бұл жылдық мәнде сіздің барлық артық төлеміңіздің сомасы және ол неғұрлым төмен болса, сіз үшін кредиттеу талаптары соғұрлым тиімді болады. ЖТСМ туралы ақпаратты, сондай-ақ кредитті өтеу әдістері туралы ақпаратты банк қарыз шартына қол қойғанға дейін қарыз алушыға хабарлауға тиіс. Банктердің қарыз талаптарына қатысты толық ақпаратты ашу міндеті заңнама түрінде көзделгенін атап өтемін. Яғни, банк шарт жасасқанға дейін сізде туындаған барлық мәселе бойынша кеңес беруге міндетті.
Өтеу әдісіне қатысты айтатын болсақ, сіз өзіңізге ыңғайлы және пайдалы біреуін таңдауға құқығыңыз бар. Негізінен банктер барлық жерде аннуитеттік әдісті ұсынады, онда кредиттің бүкіл мерзімі ішінде қарыз алушы ай сайын тең төлемдерді төлейді және негізгі борыш өсу бойынша өтеледі. Сондай-ақ, сараланған әдіс бар, онда негізгі борыш біркелкі өтеледі, бірақ төлемдер сомасы азаяды. Бұл әдісті таңдаған кезде отбасының жалпы табысы аннуитетке қарағанда ширегінен көп болуы керек. Өтеу әдісін таңдау қарыз алушының қалауына ғана негізделмейтінін атап өткен жөн, себебі ол сұратылған қарыздың өлшеміне және қарыз алушының оны ай сайын өтеуінің қаржылық қабілетіне байланысты болады.
Кредит беру мерзімдеріне назар аударыңыз – артық төлем сомасы оларға байланысты болады, егер кредит беру мерзімі ұзағырақ болса, онда қарыз бойынша артық төлем көп болады. Банк менеджерінен қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу талаптары қандай екенін, атап айтқанда айыппұлдар мен артық төлемдерсіз кез келген кезеңде мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі бар-жоғын нақтылаңыз. Банк заңнамасына сәйкес банктер негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін: бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін және бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін айыпақыны немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға құқылы емес. Бұл ретте сіз банкке пайыздарды кредитті пайдаланудың нақты күндері үшін ғана төлейсіз.
Банк менеджеріне кредиттеу талаптары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде мерзімің өткен жағдайда салдарлар туралы басқа да сұрақтар қоюға болады. Сондай-ақ, мысалы, осы банкте жалақы жобасы бар клиенттер үшін қолданылатын әртүрлі науқандар немесе кредиттеу жөніндегі ерекше ұсыныстар туралы біліңіз.
- Әлеуетті қарыз алушы бұдан әрі не істеуі керек? Өзі таңдаған банкпен шартқа қол қоюы керек пе?
- Талаптарды мұқият зерделегеннен кейін ғана шартқа қол қою өте маңызды! Егер бір нәрсе түсініксіз болса, банк менеджерінен сұраңыз, мүмкіндік болса, заңгермен кеңесіңіз.
Шарт жасасу алдындағы жұмысты күшейту үшін, банк шарттары талаптарының ашықтығын арттыру мақсатында, қарыз алушыға банктік қарыз шарты жасалғанға дейін берілетін жадынаманың жаңа нысаны белгіленді. Жадынама сіз таңдаған банктің қарыз талаптарын басқа банктердің қарыз талаптарымен салыстыру және танысу үшін қажет.

Агенттік тұтынушыларды хабардар етуді арттыру мақсатында банктік қарыз шартына қосымша титул парағын көздейтін норма енгізді, оның форматы барлық банктер үшін бірдей. Титул парағы қарыз туралы негізгі ақпаратты қамтиды. Шарттың мәтіні титул парағынан кейін жазылады. Осылайша, жоғарыда атап өткендей, қарыз алушы банктік қарыз шартын жасағанға дейін ол ресімдеуге шешім қабылдаған кредиттің негізгі талаптары туралы толық ақпарат алуға тиіс.

- Шартқа қол қойылды, кредит ресімделді. Қарыз алушы енді қандай қағидаларды сақтауға тиіс?
- Кредитті уақытылы өтеңіз! Төлеу кестесін сақтаңыз, телефоныңызға жоспарлы төлеу күні туралы ескертетін белгі орнатыңыз. Ай сайынғы төлемді ақша сіздің шотыңызға түсуге үлгеру үшін алдын ала, мысалы 5-7 жұмыс күні бұрын төлеген дұрыс.
Егер кредитті мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік пайда болса, онда міндетті түрде осы мүмкіндікті пайдаланыңыз, себебі болашақта әр түрлі қаржылық қиыншылықтар туындауы мүмкін. Қарыз алушы кредитті ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу үшін банкке өтініш жазу қажет. Егер сіз кредитті мерзімінен бұрын өтеу тәсілімен жапқан болсаңыз, онда оны менеджерден нақтылаңыз. Мобильдік қосымшада банк оны ай сайынғы жоспарлы төлемге жібермеу үшін, мерзімінен бұрын өтеуді дұрыс ресімдеу қажет. Банктен міндетті түрде кредиттің жабылғандығын растайтын анықтама алыңыз.
- Егер қарыз алушыда кредитті өтеуде проблемалар туындаса, бұл жағдайда не істеуге болады?
- Егер қарыз алушы өзінің міндеттемелерін орындай алмайтын болса, онда бірінші кезекте ол кредиторға өтініш беруге тиіс. Ешбір жағдайда ол туралы ұмытады деп банктен жасырынуға болмайды.
2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредиттік ұйымдардың (банк немесе микроқаржы ұйымы) қарыз алушылар-жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі жұмыс істейтіндігін атап өткен жөн. Мәселен, кредиторлар туындаған кешіктірулер туралы қарыз алушыны ол басталған сәттен бастап 20 күннің ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар, сондай-ақ туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі туралы азаматтарды хабардар етуге, олардың өздеріне жүгіну құқығы және кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.
Егер сізде банктік кредит бойынша мерзімі өткен берешек болса, Сіз мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен кредитті қайта құрылымдау үшін қызмет көрсететін қаржы институтына жүгінуіңіз керек.
Өтініште мыналарды көрсету қажет:
Банк Сіздің өтінішіңізді қабылдауға, тіркеуге және қарауға тиіс және күнтізбелік 15 күн ішінде мынадай түрде:
- шарттың талаптарына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісуге;
- шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруге;
- бас тартуға, алайда себептердің дәлелді негіздемесін көрсетумен жауап беруге тиіс.
Шарт талаптарына өзгерістер енгізу кредитор осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.
- Ал егер уағдаластыққа қол жеткізілмесе?
- Егер сіз банкпен келісімге келе алмасаңыз, онда сіздің Агенттікке жүгінуге құқығыңыз бар. Бұл ретте, міндетті түрде өзіңіздің банкке өтінішіңіздің және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеудің растамасын ұсыну қажет болады.
Агенттік сіздің өтінішіңіздің негізінде өз құзыреті шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық етеді және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін банктің іс-әрекеттеріне баға береді. Бұл ретте айта кететін жағдай, кредитор осы кезеңде борышкерлердің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алу рәсімін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерден бастауға құқылы емес.
Естеріңізге сала кетейік, Агенттікке ресми өтінішпен мынадай түрде жүгінуге болады:
- жазбаша, курьер арқылы, Алматы қ., Көктем-3, 21 үй мекенжайы бойынша;
- info@finreg.kz электрондық пошта арқылы кеңсеге өтініш жазу арқылы;
- egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
- аумақтық тиесілілігі бойынша - Агенттіктің Өңірлік өкілдерінің басқармалары арқылы.
Өтініштеріңізді міндетті түрде дұрыс ресімдеңіз – өзіңіздің ТАӘ және қолтаңбаңызды, кері мекенжайыңызды және байланыс деректеріңізді көрсетуіңіз қажет.
Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті аптасына екі рет азаматтарды қабылдау жүргізеді: сейсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 300 астам кездесу өткізіліп, 3700 астам азамат қабылданды.
Қабылдауға жазылу үшін 𝗨𝘁𝗲𝗺𝗶𝘀𝗼𝘃@𝗳𝗶𝗻𝗿𝗲𝗴.𝗸𝘇 электрондық мекенжайға келесі деректерді жолдау қажет: ТАӘ, ЖСН, байланыс деректері, қаржы ұйымының толық атауы, өтініштің қысқаша сипаттамасы және міндетті түрде «Қабылдауға жазылу» тақырыбын көрсету қажет.
Сондай-ақ, Сіз азаматтардың қабылдауына жазыла аласыз немесе +𝟳 𝟳𝟮𝟳 𝟮𝟯𝟳 𝟭𝟬𝟬𝟬 нөмірі бойынша Агенттіктің Call-орталығы арқылы консультация ала аласыз. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00- ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Сондай-ақ, азаматтар «виртуалды қабылдау бөлмесі» болып табылатын «Fingramota Online» мобильдік қосымша арқылы кеңес ала алады. Қосымшада 14 тақырыптық бөлім бар, онда сіз тиісті сұрақтар қойып, реттеушіден жауап ала аласыз.
Қосымшаны App Store-де https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211,
Play Market-те https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals сілтемелері бойынша жүктеп алуға болады.
Сондай-ақ, «Fingramota Online» http://online.fingramota.kz/ru. веб-нұсқасы қолжетімді.
- Тұтынушыларға тағы қандай кеңестер берер едіңіз?
- Мен кредиттік жауапкершілік туралы тағы да ескерткім келеді. Қарыздар ресімдеу мәселелеріне саналы түрде және жауапкершілікпен қарау, өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалау, барлық тәуекелдерді саралау, кредиттік ұйым алдындағы қаржылық міндеттемелеріңізді уақтылы орындау өте маңызды. Сондай-ақ алаяқтықтан сақ болыңыз – күдікті кредиторларға жоламаңыз. Егер сіз кредит немесе микроқарыз ресімдеуге бел бусаңыз, мұны тек ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдарда ғана жасаңыз. Сонда сіз қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде өз құқығыңызды қорғай аласыз, ал реттеуші сіздің мүдделеріңізді қорғайды. Егер сіз, дегенмен де, жалған кредиторға тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына өтініш жасаңыз.
Қаржы алаяқтары соңғы кезде ерекше белсенділік пен тапқырлық танытуда, олар күннен күнге алдаудың күрделі тәсілдерін ойлап тауып, әртүрлі психологиялық әдістерді қолдануда. Сондықтан, ешбір жағдайда, мысалы, күмәнді жобаларға немесе ақшалай салымдар арқылы жоғары пайда алуға уәде беретін ұйымдарға инвестициялау үшін кредит алмаңыз. Өйтпеген жағдайда, сіз ақшаңыздан айырылып, кредиторға қарыз болып қалуыңыз әбден ықтимал. Сондай-ақ, өзіңіздің құпия деректеріңізге, оның ішінде банк карталарының толық деректемелеріне сақ болыңыз. Жеке деректеріңізге, қарыз қаражатына мұқият және абай болыңыз және кез келген келісімшартқа қол қоймас бұрын әрдайым оны оқып шығыңыз!