Лицензиялары кері қайтарып алынған банктердегі тарату өндірістерінің ағымдағы жай-күйі туралы

Лицензиялары кері қайтарып алынған банктердегі тарату өндірістерінің ағымдағы жай-күйі туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) тарату процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында банктердің тарату өндірістерінің тәртібі, процесі және ағымдағы жай-күйі туралы хабарлайды.

Қазіргі уақытта 9 банк (Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan) таратылу сатысында.

Банктердің тарату өндірістерін жүргізу тәртібі және процесі туралы

Банк қызметін тоқтату кезіндегі негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олармен есеп айырысуды қамтамасыз ету және банктің барлық операцияларын аяқтау.

Банк кредиторларының талаптары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілік тәртібінде (10 кезек, 74-2-бап) қанағаттандырылады.

Бірінші кезекте, еңбекақы төлеу бойынша және өмірі немесе денсаулығына зиян келгені үшін банк жауапкершілік атқаратын жеке тұлғалар бойынша талаптар қанағаттандырылады.

Екінші кезекте, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген сома шегінде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ) алдында есеп айырысу.

Үшінші кезекте, банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша есеп айырысу.

Төртінші кезекте, үлестес тұлғалар болып табылмайтын жеке тұлғалардың ҚДКҚ кепілдік берілген сомасынан асатын депозиттері бойынша, сондай-ақ зейнетақы активтерінің есебінен жүзеге асырылған депозиттер бойынша және «өмірді сақтандыру» саласы бойынша жүзеге асырылған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша есеп айырысу.

Бесінші кезекте, коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттарының (қайырымдылық ұйымдары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер қоғамдары) алдында есеп айырысу.

Алтыншы кезекте, үлестес емес заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.

Жетінші кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есеп айырысулар, республикалық бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен берілген қарыздар.

Сегізінші кезекте, қалған кезектерге кірмеген басқа кредиторлар алдындағы есеп айырысулар.

Тоғызыншы кезекте, үлестес жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.

Оныншы кезекте, реттелген борыш және мерзімсіз қаржы құралдары бойынша есеп айырысу.

Бұл ретте әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.

Тарату өндірісін жедел аяқтау және кредиторлардың талаптарын өтеу мақсатында Агенттік банктің тарату комиссиясын тағайындайды.

Тарату комиссиясының құрамы тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін кандидаттар, ҚДКҚ қызметкерлері немесе Агенттік қызметкерлері қатарынан қалыптастырылады.

Тарату комиссиясы таратылатын банктің атынан әрекет етеді және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша дербес шешім қабылдай алады: кредиторлар тізілімін қалыптастыру, мүлікті сату бойынша сауда-саттықты ұйымдастыру, берешекті сот тәртібімен өндіріп алу.

Банкті мәжбүрлеп тарату кезінде кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешімдер қабылдау үшін Кредиторлар комитеті құрылады, оның негізгі өкілеттіктері банктің активтерін (мүлкін) өткізу жоспарын бекіту және тарату шығыстарының сметасын бекіту болып табылады. Кредиторлар комитетінің құрамына талаптардың ең көп сомасы бар кредиторлар, әрбір кезектегі кредиторлар санатынан бір-бір өкілден кіреді. Кредиторлар комитетіне енгізілген кредиторлардың саны үш өкілден кем болмауға тиіс.

Таратылатын тоғыз банктің алтыде Кредиторлар комитеті бар, кредиторлар тізілімінің соңғы кезектілігімен (8-кезек, заңды тұлғалар) есеп айырысуына байланысты Қазинвестбанкте Кредиторлар комитеті жоқ.

Тарату өндірісінің шеңберінде банк активтерінен тарату массасы қалыптастырылады.

Таратылатын банктің активтері:

  • банктің меншікті мүлкінен;
  • заңды және жеке тұлғаларға берілген қарыздардан;
  • ақшадан;
  • бағалы қағаздардан;
  • жылжымалы және жылжымайтын мүліктен тұрады.

Мүлікті өткізгенге дейін тарату комиссиялары «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалау қызметін жүзеге асыратын бағалаушыны тарта отырып, таратылатын банктің активтерін бағалайды.

Таратылатын банктің үйлері мен ғимараттары, өзге жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары құнына қарамастан, сондай-ақ таратылатын банктің мүлкінің біреуінің бағалау құны 100 айлық есептік көрсеткіштен асатын өзге мүлкі жария сауда-саттық (аукцион) арқылы ғана өткізіледі.

Банктердің бүкіл мүлкін өткізу туралы ақпарат таратылатын банктің сайтында орналастырылады.

Банктердегі тарату өндірісінің ағымдағы жай-күйі туралы

Таратылатын банктердегі активтердің негізгі түрі қарыздар бойынша берешек және дебиторлық берешек болып табылады. Бұл ретте, таратылатын банктердің несие портфеліндегі NPL деңгейі 84%-дан 99%-ға дейінгі аралықты құрайды.

Қазіргі уақытта барлық таратылатын банктер кредиторларының талаптарын қанағаттандыру дәрежесі әр түрлі сатыда.

Қазинвестбанк, Эксимбанк Қазақстан, Delta Bank тарату комиссиялары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақылар бойынша ҚДКҚ алдындағы, сондай-ақ ҚДКҚ-ның кепілдік төлемінің ең жоғары мөлшерінен асып түсетін депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы өз міндеттемелерін толық өтеді.

Қазіргі уақытта банктер кредитор-заңды тұлғалардың талаптарын қанағаттандыру сатысында. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазинвестбанк заңды тұлғалар алдындағы талаптарды 5,8%-ға немесе 6,3 млрд теңгеге, Эксимбанк Қазақстан 19,1%-ға (2 млрд теңге) және Delta Bank мүлік кепілімен қамтамасыз етілген кредитордың алдында 15,9%-ға (2,2 млрд теңге) қанағаттандырды.

Валют-транзит банк, Астана Банкі, Qazaq Banki және Tengri Bank-тің тарату комиссиялары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақысы бойынша ҚДКҚ алдындағы талаптарды қанағаттандыру сатысында. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Tengri Bank ҚДКҚ алдындағы талаптарды 87%-ға немесе 15,4 млрд теңгеге, Валют-транзит банк 57%-ға (10,4 млрд теңге), Астана Банкі 43,9%-ға (16,5 млрд теңге), Qazaq Banki 16,3%-ға (3,3 млрд теңге) қанағаттандырды.

Қазіргі уақытта AsiaCredit Bank аралық теңгерімді қалыптастыруда, ал Capital Bank Kazakhstan істерді уақытша әкімшіліктен тарату комиссиясына беру бойынша жұмыс жүргізуде, кейіннен осы банктер кредиторлар тізілімін қалыптастыру және Кредиторлар комитетін құру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.

Тұтастай алғанда, кредиторлардың талаптарын одан әрі қанағаттандыру мөлшері банктердің тарату массасына кіретін активтердің сапасына байланысты болады.

Таратылатын банктердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпарат Агенттіктің ресми сайтында «Қаржылық қадағалау/Қаржы ұйымдарын тарату/Кредиторларға арналған ақпарат» бөлімінде орналастырылады.

Депозиторларға-жеке тұлғаларға кепілдік берілген өтемді төлеу барысы туралы ақпарат ҚДКҚ ресми сайтында: www.kdif.kz «Тарату процесіндегі банктер/Төлемдер бойынша ағымдағы мәртебе» бөлімінде орналастырылады.

Сонымен бірге таратылатын банктер өздерінің ресми сайттарында, оның ішінде Банктердің сатылатын мүлкі туралы ақпарат орналастырады.

Астана Банкі АҚ-тың ТК - www.bankastana.kz, Алматы қ., Төлебаев к-сі, 38/61, «Жетісу» бизнес орталығы, 3-қабат, +7 (727) 259 60 60.

Валют-транзит банк АҚ-тың ТК – www.lc-vtb.kz, Қарағанды қ., Бұқар-Жырау даңғ., 51/1, +7 (7212) 99-64-05, 99-64-06, 99-64-12.

Qazaq Banki АҚ-тың ТК – www.qazaqbanki.kz, Алматы қ.,  Төлебаев к-сі, 38/61, 4-қабат, «Жетісу» бизнес орталығы, +7 (727) 380-39-51, 380-39-99.

Tengri Bank АҚ-тың ТК – www.tengribank.kz, Алматы қ., Абай даңғ., 10 А, «A&F» бизнес орталығы, 4-қабат, +7 (727) 244 92 96.

Delta Bank  АҚ-тың ТК - www.deltabank.kz, Алматы қ., Бөгенбай батыр к-сі, 80, +7 (727) 266-30-87, 333-42-81, 333-42-69.

Эксимбанк Қазақстан АҚ-тың ТК – www.eximbank.kz, Алматы қ.,  Бөгенбай батыр к-сі, 80, +7 (727) 266-30-87, 333-42-81, 333-42-69.

Қазинвестбанк АҚ-тың ТК – www.kib.kz, Алматы қ., Төлебаев к-сі 38/61, 5-қабат, «Жетісу» бизнес орталығы, +7 (727) 321 09 92.

Агенттік бақылау функциялары шеңберінде банктердің тарату комиссияларының жұмысына мониторинг жүргізу және банктердің тарату өндірісін жетілдіру бөлігінде заңнаманы өзгерту бойынша жұмысты жалғастырады. Банктердің тарату өндірісінің жай-күйі туралы ақпарат одан әрі тоқсан сайынғы негізде Агенттіктің ресми сайтында орналастырылатын болады.

 

Баспасөз қызметі +7 (727) 237 1090

press@finreg.kz