2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қор нарығын дамыту жөніндегі есеп
Қазақстанның қор нарығын капиталдандыру
2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша KASE қор нарығын жиынтық капиталдандыру шамамен 32 трлн теңге немесе ІЖӨ-нің 46%-ы болды, оның ішінде акциялар нарығын капиталдандыруға – 17,7 трлн теңге, ал айналыстағы корпоративтік борыш көлеміне – 14,3 трлн теңге тиесілі.
2014 жылдан бері KASE капиталдандырудың өсуі акциялар нарығының 4 есе дерлік өсу есебінен де, облигациялар нарығының 2 есе өсуінің есебінен де ұлғайып, 286%-ды құрады. Өсу KASE-нің ресми тізімінде акциялардың 79 шығарылымнан 138 шығарылымға дейін, облигациялардың 75 шығарылымнан 261 шығарылымға дейін ұлғаюымен және олардың құнының өсуімен байланысты болды. AIX акциялары нарығының капиталдандырылуы шамамен 6,9 трлн теңгені (KASE және AIX акциялар нарығын капиталдандыруды қосуға болмайды, себебі капиталдандыруды есептеуге негіз болатын акциялардың екі биржада екі листингі бар) құрады.
Аталған көрсеткіштен бойынша Дүниежүзілік Банктің статистикасына сәйкес 2019 жылы Қазақстан Орталық Еуропа және Балтық жағалауы елдері мен Түркияның арасындағы деңгейде.
ДЭФ/ЖБИ 2019 жылғы есебіне сәйкес KASE-нің ІЖӨ-ге қатысты нарықтық капиталдандыру мөлшері бойынша Қазақстан 141 елдің ішінде 68-ші орында, бұл Қазақстан қаржы секторының басқа секторлары бойынша салыстырмалы көрсеткіштерден (мысалы, «Жеке секторға берілген кредиттер ІЖӨ-ге қатысты» (93-орын) немесе «Сақтандыру сыйлықақылары ІЖӨ-ге қатысты» (113-орын) көрсеткіші бойынша) әлдеқайда жоғары.
Дүниежүзілік биржалар федерациясының рэнкингінде алдын ала қорытынды бойынша 2020 жылғы мамырда KASE Дүниежүзілік биржалар федерациясының мүшелері – барлық қор биржаларының ішінде нарықтық капиталдандыру мөлшері бойынша 47-орында.
Нарықтық капиталдандыру көрсеткіші бойынша Қазақстанның халықаралық рэнкингтердегі позицияларын одан әрі жақсарту көбіне бағалы қағаздардың ішкі нарығында жаңа IPO өткізу есебінен не нарықтық капиталдандыруды және қор биржасының листингіндегі компаниялар құнын өсіру есебінен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Қор нарығының инфрақұрылымы
Өткен жылдары бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі уәкілетті органдар нарыққа қатысушылармен бірлесіп жетекші халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және сауда және пост-трейдингтік қызметтердің толық циклын көрсетуді қамтамасыз ететін толыққанды реттеу ортасын және қор нарығының инфрақұрылымын қалыптастырып, жұмыс істеп отыр.
Қазіргі уақытта бағалы қағаздар нарығында:
1) сауда-саттық және клиринг жүргізуге жауап беретін қор биржасы (KASE);
2) бағалы қағаздарды есепке алудың бірыңғай жүйесін және олармен есеп айырысуды, сондай-ақ бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін орталықтандырып жүргізуді қамтамасыз ететін орталық депозитарий;
3) қор биржасының сауда жүйесіндегі айналысқа жіберілген барлық қаржы құралдары бойынша мәмілелердің аяқталуына кепілдік беретін орталық контрагент (KASE базасында);
4) ұйымдастырылмаған нарықта туынды қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша ақпаратты жинауға және өңдеуге жауап беретін сауда репозитарийі (орталық депозитарий базасында);
5) 37 брокерлік және (немесе) дилерлік ұйым (оның 18-ы ЕДБ болып табылады);
6) активтерді басқару жөніндегі 19 компания, 55 инвестициялық қордың активтерін басқарушылар;
7) шетелдік банктердің еншілес ұйымдарын қоса алғанда, 9 банк кастодиан жұмыс істейді.
Қор биржасы
Бүгінгі күні KASE Қазақстанда қор, ақша және валюта нарықтарына, сондай-ақ туынды қаржы құралдарының нарығына қызмет көрсететін әмбебап биржа болып табылады. KASE – әлемдік биржа қоғамдастығында танылған ұйым. Дәл осы KASE алаңы FTSE және S&P жаһандық нарықтық рейтингтерінде Қазақстанды көрсету кезінде ескеріледі (AIX FTSE-ге танылған қор биржасы ретінде 2020 жылғы тамызда ғана енгізілді). Отандық қор нарығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың және KASE-нің күш-жігерінің арқасында Қазақстан қор биржасы 2017 жылдан бері MSCI, FTSE және S&P индекстерінің халықаралық қызметтері «Frontier Markets» (Шекаралас нарықтар) ретінде жіктелуде.
KASE Дүниежүзілік биржалар федерациясының (WFE), Еуроазия биржалар федерациясының (FEAS), ТМД елдері биржаларының халықаралық қауымдастығының (ТМД ХБҚ) толыққанды мүшесі болып табылады және оларда Қазақстанның қор нарығын білдіреді.
Дүниежүзілік биржалар федерациясының деректері бойынша 2020 жылғы мамырда KASE акцияларды нарықтық капиталдандыру бойынша 47-орында, KASE-нің ресми тізіміндегі эмитенттер саны бойынша 28-орында және акциялардың айналымдылығы коэффициенті бойынша 27-орында.
Сонымен бірге KASE Қазақстанның ірі компанияларының 8 акциясының өкілдік тізімінен тұратын еліміздің жалғыз қор индексін – KASE индексін қалыптастырады және есебін жүзеге асырады.
Орталық депозитарий
Орталық депозитарий Қазақстанның аумағындағы бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмдерiнің жүйесін және депозитарлық қызметті (жоғарғы деңгейдегі номиналды ұстау) жүргізуді жүзеге асыратын жалғыз ұйым болып табылады.
Бағалы қағаздарды есепке алу және оларға құқықтарды растау бойынша жалғыз әкімшінің болуы республика бойынша меншікті бағалы қағаздарды туралы жалғыз дерекқорды қалыптастыруға мүмкіндік береді, бағалы қағаздар ұстаушыларға және әлеуетті инвесторларға ұсынылатын қаржылық көрсетілетін қызметтер мен өнімдердің желісін кеңейтеді, бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алу және олармен жасалған мәмілелерді тіркеу қызметтері бойынша тарифтерді төмендету есебінен клиенттердің шығасыларын қысқартады, бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеу рәсімін жеңілдетеді, сондай-ақ ұйымдаспаған бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелерді тіркеу уақытын қысқартады.
Қазіргі кезде Орталық депозитарий мынадай халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі болып табылады:
1) Еуропа орталық депозитарийлерінің қауымдастығы (European Central Securities Depositories Association - ECSDA);
2) Азия-Тынық мұхит орталық депозитарийлерінің қауымдастығы;
3) Еуразия орталық депозитарийлерінің қауымдастығы (АЦДЕ);
4) Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO).
Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап Орталық депозитарий Қазақстанның атынан Ұлттық нөмірлеу агенттіктері қауымдастығының толық мүшесі және Қазақстандағы бағалы қағаздарға және өзге қаржы құралдарына ISIN халықаралық сәйкестендіру кодтарын беретін жалғыз уәкілетті ұйым болып табылады.
Орталық контрагент
Орталық контрагент бұл ең алдымен қаржы нарығының бүкіл инфрақұрылымдық ұйымы, ол контрагенттің кредиттік тәуекелдін, яғни қаржы нарығы қатысушысының ақшаны немесе қаржы активін жеткізу жөніндегі міндеттемелерінің орындалмау тәуекелін өзі көтереді. Орталық контрагент мәміле бойынша тараптар арасындағы делдал: сатып алушы үшін сатушы және сатушы үшін сатып алушы ретінде іс-әрекет жасайды. Нәтижесінде сатып алушы мен сатушы арасындағы шарттық қатынастарды орталық контрагентпен ұқсас шарттық міндеттемелерге ауыстыру жүргізіледі.
Қаржы нарығының инфрақұрылымдарының жұмыс істеуінің халықаралық қағидаттарына сәйкес орталық контрагент жұмыс істейтін нарықтарда мәмілелерді көпжақты өзара есепке алу және барлық қатысушылар үшін тәуекелдерді бақылаудың неғұрлым тиімді құралдарын белгілеу арқылы қатысушылар үшін кредиттік тәуекелдерді төмендету, сондай-ақ орталық контрагент қызмет көрсететін нарықтарда жүйелік тәуекелдерді төмендету қамтамасыз етіледі.
Толық есеп сілтеме бойынша.