Мәдина Әбілқасымова ішкі капитал нарықтарын дамыту мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты

Мәдина Әбілқасымова ішкі капитал нарықтарын дамыту мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Бангкокта (Таиланд) өткен Жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Жеке капиталды тарту үшін ішкі капитал нарықтарын дамыту: реттеушілер мен нарыққа қатысушылардың көзқарасы» (Deepening Domestic Capital Markets to Unlock Private Capital: High-Level Roundtable on Policy and Market Perspectives) атты жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шараға қатысушылар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыруды кеңейту, институционалдық инвесторлар базасын нығайту және ішкі нарықтарға жеке капитал тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау шараларын талқылады.
Агенттік Төрағасы өз сөзінде капитал нарығын дамыту үшін институционалдық инвесторлардың орнықты базасын қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту инвестициялық стратегияларды әртараптандыруға және отандық бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сенімді кірістілік деңгейін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Ол ішкі нарықтағы қарыз алу құнын бағалаудың негізгі бағдары болып табылады. Табиғи ресурстарға бай елдер үшін мемлекеттік қарыз қаражатына деген қажеттілік шектеулі болған жағдайда да бұл міндет өзектілігін сақтайды. Ұзақ мерзімді мемлекеттік облигацияларды тұрақты шығару корпоративтік эмитенттер мен инвесторлар үшін баға бағдарларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Агенттік Төрағасы шетелдік инвестицияларды тарту үшін макроэкономикалық тұрақтылықты, болжамды реттеушілік ортаны және сенімді инфрақұрылымды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда орталық контрагентті қоса алғанда, заманауи нарық инфрақұрылымының негізгі элементтері қалыптастырылған. Халықаралық есеп айырысу байланыстарын одан әрі дамыту, оның ішінде Euroclear жүйесіне қосылу жөніндегі жоспар шетелдік инвесторлардың қазақстандық қаржы құралдарына қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Отандық компаниялардың капитал нарығына шығуын ынталандыру мәселесі де талқыланды. Нарықтық инфрақұрылым мен реттеушілік базаның қалыптасқанына қарамастан, корпоративтік қаржы құралдары ұсынысының жеткіліксіздігі негізгі шектеулердің бірі болып отыр. Компаниялар акциялар мен облигациялар орналастыруға қарағанда, банктік кредиттерді пайдалануды әлі де басым көреді.
Капитал нарығы қазақстандық компаниялар үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың толыққанды көзіне айналуға тиіс екені атап өтілді. Ол үшін қор биржасына шығуды, бизнестің ашықтығын арттыруды және акциялар мен облигациялар шығару арқылы қаражат тартуды жеке сектор үшін тартымды ететін жағдайлар қалыптастыру маңызды.
Осыған байланысты Агенттік Дүниежүзілік банкпен және Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) бірлесіп, Қазақстанның орта және ірі жеке компанияларын IPO-ға дайындау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар отандық эмитенттер үшін облигациялық қаржыландырудың тартымдылығын арттыру шаралары қарастырылуда.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz