Қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ипотекалық кредит бойынша міндеттемелерді реттеу туралы

Қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ипотекалық кредит бойынша міндеттемелерді реттеу туралы

Ипотекалық қарыз ресімдеу кезінде кредит беру шарттарын ғана емес, сондай-ақ қарыз алушы қайтыс болған жағдайда туындауы мүмкін құқықтық салдарды да түсіну маңызды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді мұраға қабылдау тәртібін, мұрагерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мұндай жағдайларда банк алдындағы міндеттемелерді орындау ерекшеліктерін түсіндіреді.

Азаматтық кодекске сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтар мен міндеттер кіреді. Осыған байланысты банктік қарыз шарты, оның ішінде ипотека бойынша міндеттемелер қарыз алушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылмайды және кепілге берілген жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, мұра қабылданғаннан кейін мұраға қалатын мүлікке қатысты құқықтармен бір уақытта мұрагерлерге өтеді.

Мұрагерлердің ипотекалық кредит бойынша жауапкершілігі

Кредиторлар өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) не мұрагерлерге мұра қалдырушының міндеттемелерінен туындайтын талаптарды қоюға құқылы. Мұра қабылданғаннан кейін мұрагерлер мұра қалдырушының қарыздары бойынша ортақ борышкерлер ретінде жауап береді. Бұл ретте әрбір мұрагердің жауапкершілігі оған мұрагерлік тәртібімен өткен мүліктің құнымен шектеледі.

Қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін ипотекалық кепілді сақтау

Қарыз алушының қайтыс болуы ипотеканы тоқтатпайды. Ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелер мұраның құрамына кіретіндіктен және мұрагерлерге өтетіндіктен кепіл мүлкі мұрагерлерге мұрагерлік тәртібімен өткен құқықтар мен міндеттер көлемі шегінде қарыз бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін сақталады.

Кредиторлар өз құқықтарын қорғаудың заңнамада көзделген тәсілдерін іске асыруға құқылы. Атап айтқанда, мұрагерлер мұраны қабылдаған, бірақ мүлікті не мұраның құрамына кіретін мүлікке құқықтарды тіркеуден жалтаратын жағдайларда, кредиторлар мұндай тіркеуді мәжбүрлеу тәртібімен жүзеге асыруды талап етуге құқылы.

Кепіл мүлкін өндіріп алу мәселелері заңнамаға, банктік қарыз шартының және ипотека шартының талаптарына сәйкес әрбір жағдайдың нақты мән-жайларын ескере отырып шешіледі.

Егер мұрагерлер болмаса немесе мұрадан бас тартса не істеу керек?

Өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаған жағдайларда мұрагерлердің ешқайсысы мұрагерлік етуге құқығы жоқ не барлық мұрагерлер мұрадан бас тартса, мұра иесіз қалған мүлік деп танылады.

Мұндай мүлік заңнамада белгіленген тәртіппен мұра ашылған жер бойынша коммуналдық меншікке өтеді.

Бұл ретте, мүліктің коммуналдық меншікке ауысуы мұра қалдырушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін тоқтатпайды және оларды заңнамада көзделген тәртіппен және шекте талаптар қою құқығынан айырмайды.

Мұраға кіргеннен кейін ипотекалық кредитті реттеу мерзімдері

Мұраны қабылдау үшін жалпы мерзім мұра ашылған күннен бастап алты айды құрайды. Мұрагерлiк құқықтарды ресiмдеу кезеңiнде банк мұрагерлердiң шеңберiн айқындау және олардың мұраға кiру сәтiне дейiн сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) және мiндеттемелердi орындау мерзiмiн өткiзiп алуға байланысты өзге де төлемдердi есептеудi тоқтата тұру туралы мәселенi қарауға тиiс.

Мұра қабылданғаннан кейін ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерді одан әрі орындау банктік қарыз шартының талаптарына, төлемдер кестесіне және ипотека шартына сәйкес жүзеге асырылады.

Банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуді талап ете ала ма?

Ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу туралы талап заңнамада және банктік қарыз шартының талаптарында көзделген жағдайларда ғана қойылуы мүмкін.

Қарыз алушының қайтыс болу фактісінің өзі банкке ипотекалық кредит бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге шартсыз құқық бермейді. Бұл ретте мұрагерлер борышкердің кепіл мүлкіне құқықты қабылдаған жағдайда қарыз алушының қайтыс болуы міндеттемені тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

Қоса қарыз алушылар мен кепілгерлердің міндеттемелері

Егер ипотекалық қарыз бойынша қоса қарыз алушылар болса, олардың мiндеттемелерi банктiк қарыз шартында көзделген көлемде сақталады. Егер заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік және кепілгерлік олар қамтамасыз еткен міндеттеменің тоқтатылуымен, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

Осылайша, қарыз алушының қайтыс болуы ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатуға алып келмейді. Мұндай мiндеттемелер бойынша құқықтар мен мiндеттер азаматтық заңдарда белгiленген тәртiппен мұрагерлерге өтеді, ал мiндеттемелердi одан әрi орындау жасалған шарттардың талаптары мен әрбiр жағдайдың нақты мән-жайлары ескерiле отырып жүзеге асырылады.

Көптеген пайдалы материалдар Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz