Брокердің лицензиясын қалай тексеруге болады?

Брокердің лицензиясын қалай тексеруге болады?

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ақша қаражатын инвестициялаудан бұрын брокерлік ұйымда тиісті лицензияның болуын тексеруге кеңес береді.

Лицензия қаржы ұйымының белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыру құқығын растайды және оның қызметін өзіне берілген өкілеттіктер шегінде уәкілетті органның реттейтінін және қадағалайтынын білдіреді.

Қолма-қол ақшаны брокерге бермес бұрын ұйымның брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға жарамды лицензиясының бар екеніне көз жеткізу маңызды.

Банктердің, микроқаржы ұйымдарының, сақтандыру ұйымдарының, брокерлердің және қаржы нарығына басқа да қатысушыларының қызметін реттеуді және қадағалауды өз құзыреті шегінде Агенттік жүзеге асырады.

Брокердің лицензиясын қайдан тексеруге болады?

Брокерлік ұйым қызметінің заңдылығын тексеру үшін Агенттіктің сайтында орналастырылған қаржы нарығына лицензияланған қатысушылардың ресми тізілімін пайдалану ұсынылады.

Тізілімде ұйымның лицензиялары мен мәртебесі туралы ақпаратты қоса алғанда, Қазақстанда брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру құқығы бар ұйымдар туралы мәліметтерді тексеруге болады.

Нені тексеру қажет?

Инвестициялаудан бұрын мыналарға:

- ұйымның тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға қолданыстағы лицензиясының бар екеніне;

- ұйым атауының тізілімде көрсетілген мәліметтермен толық сәйкес келетініне;

- лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы мәліметтердің жоқ екеніне;

- ұйымның тарату немесе қызметін тоқтату процесінде емес екеніне;

- брокер ұсынатын қызметтердің лицензияда көрсетілген қызмет түріне сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.

Жарнамада «халықаралық лицензияның» болуы, шетелде тiркелуi немесе «лицензия алу процесiнде» болуы туралы тұжырымды пайдаланатын компанияларға ерекше назар аударған жөн.

Басқа мемлекеттің реттеушісі берген лицензияның өзі компанияға Қазақстанда лицензияланатын қызметті жүзеге асыру құқығын бермейді. Мұндай жағдайларда ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыру құқығының болуын тексеру қажет.

Егер ұйым қаржы нарығының лицензияланған қатысушыларының ресми тізілімінде болмаса не ол туралы мәліметтер тізілімдегі ақпаратпен сәйкес келмесе, Агенттік мән-жайлар анықталғанға дейін ақша қаражатын беруден және дербес немесе төлем деректерін беруден қалыс қалуды ұсынады.

Сондай-ақ кепілдік берілген кіріс, қысқа мерзім ішінде тым жоғары кіріс табу, тәуекелсіз инвестициялар және салынған қаражатты кепілдікпен қайтару уәде етілетін ұсыныстарға қатысты сақтық танытқан жөн.

Мұндай уәделер азаматтардың ақшасын тарту үшін алаяқтық схемаларда пайдаланылуы мүмкін.

Алаяқтыққа қатысты күдік туындаған кезде не істеу керек?

Егер ұйым қызметті тиісті лицензиясыз жүзеге асыра алады не алаяқтық схеманы пайдалана алады деген белгілер болса, мыналар:

- ұйыммен өзара іс-қимылды тоқтату және оған ақша қаражатын аудармау;

- хат-хабарларды, сайттар мен жарнамалық материалдарды, шарттарды, чектерді, скриншоттарды сақтау;

- құқық қорғау органдарына жүгіну;

- қажет болған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданым жіберу ұсынылады.

Лицензияны тексеру бірнеше минут алады және инвестициялық компанияға немесе брокерге ақша қаражатын берер алдында жасалуға тиіс алғашқы қадамдардың бірі болып табылады.

Көптеген пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz