МҚҰ тәуекелдерді басқару жүйесін қалай және не үшін енгізеді?

МҚҰ тәуекелдерді басқару жүйесін қалай және не үшін енгізеді?

Агенттік Төрағасының орынбасары

 Олжас Қизатовтың микроқаржы

 секторында тәуекелдерді басқару

жүйесіне қойылатын талаптарды

енгізу туралы пікірі

 

Қазақстанның микроқаржы секторы белсенді дамуда. Соңғы бес жылда кредиттік портфель 3,5 есе – 1,5 трлн теңгеге дейін өсті. Бизнестің ауқымы кеңеюмен қатар жүйелік басқаруды талап ететін тәуекелдер аясы да ұлғаюда. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МҚҰ үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін құру және оның жұмыс істеуі бойынша талаптар енгізілді. Бұдан әрі – секторға  тәуекелдерді басқарудың толыққанды жүйесі (ТБЖ) не үшін қажет болғаны, Агенттіктің назарында қандай тәуекелдер бар, пропорционалдылық қағидаты қалай қолданылатыны және МҚҰ үшін не өзгеретіні туралы. 

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызмет лицензияланатын болды және осы ұйымдарға қаржы ұйымдарының мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді. Бұл пруденциялық нормативтерді сақтауды және халықаралық стандарттар бойынша бухгалтерлік есепті жүргізуді қоса алғанда, қаржылық реттеудің бірыңғай талаптарын нарыққа таратуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, реттеуші ортаның дамуы мен сектор қызметінің ауқымының өсуі және оның халық пен кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз етудегі рөлінің артуы байқалады.

Мәселен, соңғы 5 жылда сектордың кредиттік портфелі 3,5 есе – 1,5 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл факт бизнес-процестердің күрделенуін және операциялар көлемінің ұлғаюын көрсетіп отыр, бұл заңды түрде МҚҰ қабылдайтын тәуекелдер аясының кеңеюімен қатар жүреді. Мұндай жағдайларда ұйымдардың қаржылық орнықтылығының ықтимал қатерлерін уақтылы анықтауды, бағалауды, мониторингтеуді және азайтуды қамтамасыз ететін тиімді ТБЖ болуы МҚҰ қызметінің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етудің негізгі факторларының біріне айналады.

Аталған үрдістерді ескере отырып, «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңына тәуекелдерді басқару жүйесі мен ішкі бақылау жүйесін құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі микроқаржы ұйымдарының міндетін көздейтін өзгерістер енгізілді.

Осы талаптарды енгізу қажеттілігі келесі факторларға байланысты болды.

Біріншіден, МҚҰ реттеу аясына енгізілген сәттен бастап Агенттіктің басты назары ең маңызды тәуекелдерді – ең алдымен халықтың шамадан тыс кредит алуы мен алаяқтықты азайтуға бағытталды. Осы мақсатта борыш жүктемесі коэффициентін есептеуді, биометриялық сәйкестендіруді пайдалануды, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптарды күшейтуді, сондай-ақ кредиттік құжаттаманы енгізуді қоса алғанда, негізгі құралдар мен талаптар енгізілді. Бұл шаралар нарықтағы орнықтылық пен тәртіптің негізгі деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Осы жүйелік тәуекелдер едәуір дәрежеде реттеліп, қажетті инфрақұрылымдық және нормативтік база қалыптастырылуына қарай, микроқаржыландыру секторы келесі даму кезеңіне өтті.

Бұл кезеңде МҚҰ-ға толыққанды ТБЖ енгізу әдеттегі қадам ретінде қарастырылады – нақты реттеушілік шаралардан тәуекелдерді басқарудың кешенді моделіне дейін. Бұл МҚҰ-ға жекелеген тәуекелдергеден қойып қана қоймай, ішкі және сыртқы факторларды ескере отырып, оларды анықтау, бағалау және бақылаудың тұтас жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Осылайша, ТБЖ енгізу – бұл Агенттіктің микроқаржыландыру нарығының орнықтылығы мен жетілуін арттыру жөніндегі реттеушілік саясатының дәйекті және қисынды жалғасы.

Екіншіден, қадағалау практикасы бірқатар МҚҰ-да тәуекелдерді бақылау және басқару жүйелері дамудың әртүрлі кезеңдерінде екенін және шешімдер қабылдау процестеріне толық әрдайым ықпалдаспайтынын көрсетіп отыр. Бұл тәуекелдерді толық сәйкестендіру мен бағалаудың жоқтығынан немесе МҚҰ бизнесінің нақты тәуекел-бейінін көрсетпейтін жеңілдетілген, «шаблондық»тәсілдерді қолданудан көрінеді.

Бұл тәуекелдер толық көлемде қамтылмайтынын, ал шешімдер бағалаудың сандық және сапалық әдістері негізінде емес, пайымдаулар негізінде қабылданатынын білдіреді.

Бұдан басқа, рәсімдердің жеткіліксіз ресімделуі жиі анықталады, бұл нақты жазылған саясаттардың, әдістемелер мен қағидалардың жоқтығынан немесе олардың тек «қағазда» болатындығынан және нақты қолданылмайтындығынан көрінеді.

Мұның бәрі тәуекелдерді іске асыру ықтималдығын арттырады және МҚҰ проблемаларға белсенді түрде емес, фактіден кейін жауап беруіне әкеледі.

Осылайша, ағымдағы қадағалау практикасы ТБЖ-ның формальды түрде болуынан оның нақты тиімділігіне көшу қажеттілігін көрсетіп отыр. Бұл ретте тәуекелдерді бағалау сапасына, жұмыс істейтін рәсімдерді енгізуге және тәуекел менеджментін МҚҰ-ның басқару жүйесіне ықпалдастыруға басты назар аудару қажет.

Үшіншіден, ТБЖ енгізу қаржы секторын реттеудің халықаралық тәсілдеріне сәйкес келеді. Базель комитетінің ұсынымдары мен ЭЫДҰ корпоративтік басқару қағидаттарын қоса алғанда, үздік әлемдік практикалар қаржы ұйымының орнықтылығы мен ашықтығының негізі ретінде ТБЖ енгізу қажеттілігін көрсетеді.

Бұл ретте біздің міндетіміз – халықаралық стандарттарды механикалық түрде көшіру емес, оларды қазақстандық микроқаржы нарығының нақты жағдайына бейімдеу. Сондықтан талаптар сектордың даму деңгейін, ұйымдар қызметінің ауқымын және МҚҰ бизнес-модельдерінің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Нәтижесінде біз тәуекелдерге қойылатын қатаң талаптар мен ұйымдардың оларды енгізу және сақтау мүмкіндіктері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тәсілді қалыптастырдық.

 

Жаңа талаптарға сәйкес МҚҰ-ды қамтуға тиіс ТБЖ-ның негізгі элементтері туралы  

Талаптарды әзірлеу кезінде біз тәуекелдерді басқарудың ұйым қызметінің барлық деңгейін қамтуға және оның стратегиялық мақсаттарымен тікелей байланысты болуға тиіс екеніне мән бердік.

Бірінші элемент – микроқаржы ұйымының даму стратегиясы. Ол ұйымның бизнес-моделін, оның даму бағыттарын және сәйкесінше басқарылуға тиіс негізгі тәуекелдерді айқындайды.

Екінші элемент – тәуекелдерді басқару тәсілдерін, сондай-ақ тәуекелдерді басқару процесіне қатысушылардың өкілеттіктері мен жауапкершілігін белгілейтін ішкі құжаттар.

Үшінші элемент – тәуекелдерді сәйкестендіру, бағалау, мониторингтеу және бақылау рәсімдері. Олар тұрақты, формальды болуға тиіс және МҚҰ үшін барлық маңызды тәуекелдерді, оның ішінде кредиттік, операциялық және комплаенс тәуекелдерді қамтуы керек. Жыл сайынғы өзін-өзі бағалау аталған процестің маңызды бөлігі болып табылады. Оны МҚҰ тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы рәсімдерінің МҚҰ қызметінің сипатына, ауқымы мен күрделілігіне сәйкестігін айқындау, тәуекелдерге ұшырауы мүмкін және пысықтауды талап ететін аймақтарды анықтау, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінің анықталған сәйкессіздіктері кемшіліктерін жою жөніндегі түзету іс-шараларының жоспарын қалыптастыру үшін жүргізеді. 

Төртінші элемент – «қорғаудың үш желісі» қағидатына негізделген ұйымдық құрылым. Бұл модель бизнес-бөлімшелер, тәуекел-менеджмент пен комплаенс-бақылаудың функциялары, сондай-ақ тұтастай жүйенің тиімділігін тәуелсіз бағалауды қамтамасыз ететін ішкі аудит арасында функциялар мен жауапкершілікті нақты бөлуді көздейді.

Ең соңғы маңызды элемент басқарушылық есептілік жүйесі болып табылады. МҚҰ басшылығы мен басқару органдары негізді басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қабылданатын тәуекелдер туралы толық және анық ақпаратты уақтылы алуға тиіс.

            

Әлеуетті тәуекелдер туралы

Біз жекелеген тәуекелдермен шектелмейміз. Біздің міндетіміз – МҚҰ-да тәуекелдерді кешенді басқару мәдениетін қалыптастыру. Алайда, қазіргі кезеңде үш бағытқа ерекше назар аударылады.

Ең алдымен, бұл – кредиттік тәуекел, себебі ол МҚҰ-ның қаржылық орнықтылығы мен оның кредиттік портфелінің сапасына тікелей әсер етеді. МҚҰ үшін микрокредит беру кезеңінде қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау ғана емес, сондай-ақ қабылданатын тәуекел деңгейін тұрақты негізде мониторингтеу және оның өзгерістеріне уақтылы ден қою өте маңызды.

Екінші бағыт – бұл операциялық тәуекелдер. Енгізілетін талаптар тәуекелдерді, оның ішінде қызметкерлердің қателіктеріне, ІТ жүйелеріндегі іркілістерге, технологиялық ақаулар мен алаяқтық тәуекелдеріне байланысты тәуекелдерді анықтау, бағалау және алдын алу тетіктерін міндетті түрде құруды көздейді.

Үшінші бағыт – комплаенс тәуекелдер. Заңдар мен қағидаларды бұзу күрделі санкцияларға, айыппұлдарға, сондай-ақ клиенттердің сенімі мен МҚҰ-ның іскерлік беделінің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Қаржы секторын реттеу күшейіп тұрған уақытта біз МҚҰ-да қызметтің нормативтік талаптарға сәйкестігін бақылау жөніндегі айқын рәсімдердің болуы, ішкі тексерулерді тұрақты түрде жүргізу және қажет болған кезде процестерді түзетіп отыру аса маңызды деп есептейміз.

Бұл тәуекелдердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты және МҚҰ-ның жалпы орнықтылығына әсер етеді. Олардың әсерін барынша азайту үшін біз жаңа талаптар шеңберінде тәуекелдерді басқарудың тиісті саясаттарын, регламенттері мен рәсімдерін әзірлеу және енгізу бойынша міндетті талаптарды белгілейміз.

Көрсетілген тәуекелдердің басқару үшін аса міндетті болып табылмайтынын атап өткен маңызды. Сонымен қатар, әрбір МҚҰ өзінің тәуекел бейінін дербес бағалауға және басқаруды оның бизнес-моделі мен қызмет ауқымына тән басқа да елеулі тәуекелдермен құрауға тиіс.

 

ТБЖ-ға қойылатын талаптардағы пропорционалдылық қағидатын қамтамасыз ету туралы

Пропорционалдылық қағидаты – бұл МҚҰ үшін ТБЖ талаптарын қалыптастыруға деген тәсілдің негіз құрушы аспектісі. Біз МҚҰ бизнес-модельдерінің көлемі, күрделілігі және ресурстары бойынша айтарлықтай ерекшеленетінін анық түсінеміз. Тиісінше, барлығына бірдей әмбебап тәсіл тиімсіз және әділетсіз болар еді.

Мысалы, тәуекелдерді басқарудың қажетті деңгейін сақтай отырып, артық жүктемені болдырмау үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанындағы МҚҰ үшін біз тәуекел-менеджмент, комплаенс-бақылау және ішкі аудит функцияларын қалыптастыруға, атап айтқанда, осы функциялар бойынша жеке бөлімше құруға немесе жеке жауапты қызметкерді тағайындауға неғұрлым жеңілдетілген талаптарды әзірледік.

Сонымен қатар, күрделі операциялық құрылымдары және активтерінің үлкен көлемі бар акционерлік қоғам түріндегі МҚҰ үшін талаптар неғұрлым қатаң. Олар тәуекел-менеджмент, комплаенс-бақылау және ішкі аудит жеке бөлімшелерін дамытуы керек.

Осылайша, әзірленген пропорционалды тәсіл МҚҰ-ға бақылау мен мониторингтеудің негізгі элементтерін жоғалтпай, олардың ауқымы мен мүмкіндіктеріне сәйкес келетін тәуекелдерді басқару процестері мен рәсімдерін қолдануға мүмкіндік береді.

МҚҰ қызметінің ауқымындағы айырмашылықтарды, корпоративтік басқару мен тәуекел бейінінің даму деңгейлерін түсіне отырып, біз ТБЖ-ға қойылатын талаптарды енгізудің кезең-кезеңімен тәсілін көздедік.

Осылайша, ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша Қағидаларға сәйкес есептелетін шығарылған бағалы қағаздар мен жиынтық міндеттемелерге тартылған қарыздар бойынша міндеттемелердің арақатынасы 10% және одан көп болатын МҚҰ ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап ТБЖ талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Өзге МҚҰ үшін ТБЖ-ға қойылатын талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Мұндай сараланған тәсіл шағын және орта МҚҰ-ға жаңа талаптарға кезең-кезеңімен бейімделуге, қызметкерлердің қажетті даярлығын қамтамасыз етуге және тәуекелдерді басқарудың тиімді ішкі процестерін ретке келтіруге мүмкіндік береді.

 

ТБЖ-ға қойылатын жаңа талаптарды енгізуден күтулер туралы

Жаңа талаптардың негізгі мақсаты енгізілетін рәсімдерді формалды түрде орындау емес, тәуекелдерді басқару МҚҰ басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы болып табылады.

ТБЖ енгізу МҚҰ-ға тәуекелдерді неғұрлым сапалы анықтауға және бағалауға, туындайтын қауіп-қатерлерге уақтылы ден қоюға және неғұрлым сараланған басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді деп күтеміз.

МҚҰ үшін бұл бизнестің орнықтылығын арттыруды, қаржылық шығындардың ықтималдығын азайтуды және корпоративтік басқару жүйесін нығайтуды білдіреді. Клиенттер үшін бұл – қаржы ұйымдарының неғұрлым сенімді болуы және олардың мүдделерін қорғаудың барынша жоғары деңгейі.

 

Дерек көзі: Inbusiness.kz