
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ағымдағы жылғы қазанда жарнама материалдарына жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша коммерциялық банкке және инвестициялық компанияға қатысты шаралар қабылдады.
Тексеру Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және ҚР облыс орталықтарында жүргізілді.
«Банк ВТБ Қазақстан» АҚ-қа қатысты жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша өзінің қызметтері туралы жарнамада лицензия берген органның атауын дұрыс көрсетпегені, сондай-ақ жарияланымдарында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі туралы ақпараттың болмағаны үшін ұсынымдық сипаттағы қадағалап ден қою шарасы қабылданды.
Бұдан басқа қаржы реттеушісі Fixed Income аралық инвестициялық пай қорының қызметі туралы толық емес және шатастыруға әкеп соғатын ақпарат таратуда көрініс тапқан әкімшілік құқық бұзушылық үшін «Freedom Finance» АҚ-қа айыппұл салды. Аталған құқық бұзушылық үшін жауапкершілік ӘҚтК-нің 265-бабының 2-бөлігінде көзделген.
Айта кетерлігі, Қазақстанның сақтандыру нарығы бойынша жарнама материалдарында бұзушылықтар анықталған жоқ.
Агенттік қаржы институттары ұсынған құжаттар мен ақпарат негізінде мониторинг жүргізді. Сондай-ақ жеке, заңды тұлғалардан және мемлекеттік органдардан түскен өтініштер ескерілді. Сонымен қатар, банктердің сайттары, әлеуметтік желілердегі аккаунттары және мобильдік қосымшалары тексерілді, теле -, радиоарналардағы, қоғамдық көліктердегі, мерзімді баспа басылымдарындағы жарнама, сондай-ақ сыртқы жарнама бақыланды.