Қазақстанда исламдық сақтандыруды дамыту мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда

Қазақстанда исламдық сақтандыруды дамыту мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда

Қазақстанда исламдық сақтандыруды (такафул) дамыту және шариғат қағидаттарына сәйкес келетін сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту үшін қосымша жағдайлар жасау жоспарлануда. Тиісті бастама Cақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында көзделген. Негізгі бағыттардың бірі жұмыс істеп тұрған сақтандыру ұйымдарына бөлек сақтандыру ұйымын құрмай-ақ исламдық сақтандыру өнімдерін ұсынуға мүмкіндік беретін «исламдық терезелер» тетігін пысықтау болады.

Қазақстанда исламдық сақтандыруды дамытудың заңнамалық негізі 2015 жылдан бастап қолданылады. Алайда, елімізде мамандандырылған исламдық сақтандыру ұйымдары әлі құрылмаған және такафул өнімдері кеңінен қолданылмайды.

Мұндай жағдайдың болу себебі – жеке заңды тұлға құру және исламдық сақтандыруды жүзеге асыру үшін жеке лицензия алу қажеттігі. Осыған байланысты, жұмыс істеп тұрған сақтандырушылар нарықтағы ұйым шеңберінде такафул бағытын дамыта алатын «исламдық терезелер» тетігін пайдалану мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Бұл ретте исламдық сақтандыру қызметі дәстүрлі сақтандырудан басқаша болады. Қатысушылардың қаражатын, активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бөлек есепке алу, сондай-ақ такафул-қор қаражатын шариғат қағидаттарына сәйкес келетін активтерге инвестициялау көзделеді. Исламдық терезенің қызметі шариғатқа сәйкес басқарудың және тиісті реттеушілік бақылаудың талаптары сақтала отырып жүзеге асырылатын болады.

Өнім желісін нақты сұраныс пен нарықтың дайындығы ескеріле отырып, кезең-кезеңімен дамыту жоспарлануда. Бастапқы кезеңде өмірді сақтандыруды, жазатайым оқиғалардан сақтандыруды, автосақтандыруды, шетелге шығушыларды сақтандыруды және медициналық сақтандыруды қоса алғанда, отбасылық және жалпы такафулдың негізгі өнімдері ұсынылуы мүмкін.

Болашақта желіні өмірді жинақтаушы сақтандыру, ауыр аурулардан сақтандыру, жеке тұлғалар мен бизнесті мүліктік сақтандыру, жауапкершілікті сақтандыру, сондай-ақ неғұрлым күрделі инвестициялық, зейнетақы және корпоративтік өнімдер есебінен кеңейтуге болады.

Ұсынылған шаралар исламдық сақтандыруды дамытудағы кедергілерді азайтуға, халық пен бизнес үшін шариғат қағидаттарына сәйкес келетін өнімдердің қолжетімділігін кеңейтуге, сақтандыру нарығындағы ұсыныстар түрлерін көбейтуге және сақтандырумен қамтуды біртіндеп ұлғайту үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz