Қазақстанда Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру жоспарлануда

Қазақстанда Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру жоспарлануда

Қазақстанда Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын (СҚДО) құру жоспарлануда. Бұл бастама 2026 жылғы 15 қыркүйекте «Ашық НҚА» порталында жарияланған Сақтандыру нарығы туралы жаңа заң жобасында бекітілген, сондай-ақ Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында көзделген.

СҚДО Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (бұдан әрі – СТКҚ) жанынан құрылатын болады және сақтандыру нарығында мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыруды ұйымдастырумен, білім беру бағдарламаларын іске асырумен және сақтандыру саласында зерттеулер жүргізумен айналысатын болады.

СТКҚ-ның жетекшілігімен СҚДО-ны құру СТКҚ-ның  ұйымдастырушылық мүмкіндіктерін, оның елдегі барлық 25 сақтандыру ұйымдарымен байланыс арналарын және жинақталған практикалық тәжірибені толық пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте жаңа Орталықты басқару Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сақтандыру секторы қатысушыларының және академиялық қоғамдастықтың қатысуымен алқалылық қағидаттарына негізделетін болады.

СҚДО-ны қалыптастыру қажеттілігі бұрын қазақстандық сақтандыру нарығында кадрларды даярлаудың, аттестаттаудың және олардың біліктілігін үздіксіз арттырудың бірыңғай жүйесі болмағандығына байланысты.

Формалды сертификаттау жүйесі негізінен актуарийлер үшін жұмыс істеді, ал андеррайтерлер, шығындарды реттеу мамандары, сақтандыру делдалдары және тәуекел менеджерлері үшін бірыңғай біліктілік талаптары мен салалық стандарттар болмады, бұл құзыреттіліктің салыстырмалылығын төмендетіп, мамандарды халықаралық деңгейде ықпалдастыруды қиындатты.

СҚДО қызметі шеңберінде негізгі кәсіби рөлдер бойынша білім мен дағдыларға қойылатын ұлттық талаптар бекітілетін болады, ал Орталықтың өзі біліктілік емтихандарын өткізу және салалық сертификаттар беру үшін бірыңғай алаңға айналады. Бастапқы кезеңде сертификаттау ерікті сипатта болады, бірақ жүйе дамыған сайын жекелеген біліктіліктер нақты қызмет түрлерін орындау үшін міндетті талаптар мәртебесін ала алады.

СҚДО құру саланың сапалы кадрлық резервін қалыптастыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және қазақстандық сақтандыру нарығын үздік әлемдік стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік береді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz