Жалған инвестициялық платформалардың белгілері

Жалған инвестициялық платформалардың белгілері

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жалған инвестициялық платформаларды пайдаланған алаяқтық қаупі туралы ескертеді.

Цифрлық технологиялардың дамуымен инвестициялық құралдар қолжетімді бола бастайды. Сонымен қатар, алаяқтар жалған инвестициялық жобалар жасау және азаматтардың ақшасын тарту үшін әлеуметтік желілер мен цифрлық технологияларды пайдаланады.

Алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – жалған инвестициялық платформалар. Қаскүнемдер сырттай қарағанда белгілі қаржы ұйымдарының, банктердің немесе инвестициялық компаниялардың ресми ресурстарын көрсететін сайттар жасайды.

Пайдаланушыларды тарту үшін алаяқтар әлеуметтік желілерде жарнамаларды таратады, тіпті аздаған бастапқы салыммен де қысқа мерзімде жоғары кірістілікке уәде береді.

Сенімді арттыру үшін «инвесторлардың» жалған пікірлері, сондай-ақ танымал адамдардың кескіні мен бейнелері, оның ішінде жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған немесе өзгертілген бейнелері қолданылуы мүмкін.

Мұндай схемалардың негізгі мақсаты – азаматты жалған платформаға өтуге, ақшалай қаражат салуға және алаяқтарға жеке немесе төлем деректерін беруге сендіру.

Жалған инвестициялық платформаны қалай тануға болады?

Егер:

- жарнама бейресми немесе күдікті аккаунтта орналастырылса;

- жарнамадан сілтеме қаржы ұйымының ресми сайтына емес, басқа ресурсқа апарса;

- қысқа мерзімде кепілдікпен немесе өте жоғары табысқа уәде берілсе;

- пайдаланушыны шешім қабылдауға және мүмкіндігінше тезірек ақша салуға шақырса;

- инвестициялауды бастау үшін App Store немесе Google Play ресми қосымшалар дүкенінен басқа дүкеннен жүктеп алу қажет болса;

- тіркелу немесе шотты толықтыру үшін банктік деректемелер, SMS-тен кодтар немесе басқа да құпия деректер сұраса, ерекше қырағылық таныту қажет.

Инвестициялық алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

Лицензиясының болуын тексеріңіз. Қаржы ұйымына ақшаңызды бермес бұрын оның тиісті лицензиясының бар екеніне көз жеткізіңіз. Лицензиясы бар қаржы ұйымдары туралы ақпаратты Агенттіктің ресми интернет-ресурсында тексеруге болады.

Жарнама көзін тексеріңіз. Күмәнді жарияланымдардағы, хабарлардағы немесе жарнамадағы сілтемелер арқылы инвестициялауға өтпеңіз. Ұйымның ресми сайтын өзіңіз тауып, онда ұсынылған инвестициялық өнім туралы ақпараттың бар-жоғын тексеріңіз.

Жоғары кіріске кепілдік берген уәдеге сенбеңіз. Кез-келген инвестиция тәуекелге байланысты, сондықтан қысқа мерзімде кепілдікпен жоғары табыс табуға уәде ету күмән туындатуы қажет.

Құпия деректерді бермеңіз. Банк картасының деректерін, құпиясөздерді, SMS кодтарды және шоттарыңызға кіруге мүмкіндік беретін басқа ақпаратты бөгде адамдарға хабарламаңыз.

Егер сіз инвестициялық платформаның сенімділігіне күмәндансаңыз, ақпаратты тексермей тұрып ақша аудармаңыз немесе ұсынылған қосымшаларды орнатпаңыз.

Қосымша пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz