
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева ACTEX Learning операциялық директоры Джоана Амориммен және Халықаралық Актуарийлер Қауымдастығының (IAA) өкілі Гаянэ Арсенянмен кездесті.
Кездесу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ (СТКҚ) ұйымдастырған жыл сайынғы Сақтандыру форумы аясында өтті.
Негізгі тақырыптар Қазақстанда актуарлық кәсіпті дамыту, сақтандыру нарығының кадрлық әлеуетін арттыру және кәсіптік білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыру болды. Кездесуге қатысушылар актуарийлерді даярлау мен сертификаттаудың халықаралық тәжірибесін, оны Қазақстан жағдайына бейімдеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ жетекші кәсіптік және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасында көзделген тәуелсіз мамандандырылған институт – Орталық актуарийді құру жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды.
Орталық актуарий тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға және актуарлық есеп айырысулардың сапасын арттыруға ықпал ететін актуарлық сараптама мен талдаудың бірыңғай орталығына айналады деп болжанады. Кездесу барысында тараптар СТКҚ жанындағы Кәсіби құзыреттілікті дамыту орталығын құруды талқылады. Орталықтың негізгі міндеттері сақтандыру саласындағы мамандарды оқыту және сертификаттау болады.
Жалпы алғанда, бұл бастамалар кәсіби кадрларды даярлау мен дамытудың заманауи жүйесін қалыптастыруға, актуарлық сараптаманың сапасын арттыруға және сақтандыру секторында тәуекелдерді басқарудың халықаралық тәсілдерін енгізуге бағытталған.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы