
Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ ұйымдастырған жыл сайынғы Kazakhstan Insurance Forum 2026 сақтандыру форумы өтті.
Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік органдарының, сақтандыру қоғамдастығының өкілдері, сондай-ақ Халықаралық сақтандыруды қадағалау органдарының қауымдастығын (IAIS), Халықаралық актуарийлер халықаралық қауымдастығын (IAA), Chartered Insurance Institute (CII), ACTEX Learning, Oliver Wyman және Әзірбайжанның Орталық банкін қоса алғанда, жетекші шетелдік және халықаралық ұйымдардың атынан сақтандыру саласындағы шетелдік сарапшылар қатысты.
Панельдік сессиялар шеңберінде қатысушылар сақтандыру нарығын заңнамалық трансформациялаудың 2030 жылға дейінгі негізгі бағыттарын, банк, зейнетақы және сақтандыру құралдарының өзара іс-қимылын қоса алғанда, азаматтардың өмірін сақтандыру мен ұзақ мерзімді жинақтарын дамытуды, сондай-ақ жинақтаушы өнімдерді дамыту перспективаларын талқылады.
Сақтандыру нарықтарының халықаралық интеграциясына, Turkic World Insurance Union (Түркі әлемінің сақтандыру одағы) шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық жүк тасымалдарын сақтандыруға, апатты тәуекелдерді басқаруға (NatCat) және инфрақұрылымдық инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов сақтандыру секторы дамуының орнықты серпінін атап өтті және оны одан әрі трансформациялаудың негізгі басымдықтарын белгілеп көрсетті. Соңғы 3 жылда сақтандыру ұйымдарының активтері екі есеге жуық өсіп, ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 4,1 трлн теңгені құрады, сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,8 трлн теңгеге жетті, ал сақтандыру төлемдері 1,8 есеге артып, 413,6 млрд теңгені құрады. Өсім бойынша көш бастаған бағыттар – зейнетақы аннуитетін сақтандыру және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру.
Саланы одан әрі дамытудың негізгі бағыттары халықаралық сараптаманы тарта отырып Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасында айқындалған. Бағдарлама халық пен бизнесті сақтандырып қорғауды кеңейтуге, сақтандыру нарығының орнықтылығымен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған 6 стратегиялық бағыт пен 18 стратегиялық бастамадан тұрады.
Нұржан Тұрсынханов Бағдарламаның негізгі бастамалары мен оларды іске асыру тетіктерін ұсынды. Бағдарлама бағыттарының бірі сақтандыру заңнамасын кешенді тексеру және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа Заң әзірлеу болып табылады. Заң жобасы реттеу жүйесін жаңғыртуды, міндетті сақтандыру моделін жетілдіруді, ерікті сақтандыруды дамытуды, тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізуді, сақтандыру қызметтерін цифрландыруды, сақтандыру нарығының инфрақұрылымы мен сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ қайталанатын және ескірген нормаларды алып тастауды көздейді.
«Ұсынылып отырған шаралар заманауи реттеу жүйесін қалыптастыруға, халық пен бизнесті сақтандырумен қорғауды кеңейтуге және сақтандыру нарығының ұзақ мерзімді орнықты дамуы үшін жағдайлар жасауға бағытталған», - деп атап өтті Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов.
Kazakhstan Insurance Forum 2026 Қазақстанда төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр және мемлекеттік органдар, сақтандыру және қаржы қоғамдастығы мен халықаралық сарапшылар арасындағы кәсіби диалог, халықаралық тәжірибе алмасу және Қазақстанның сақтандыру нарығын бұдан былайғы өзгертудің негізгі бағыттарын талқылау алаңына айналды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы