
Алматыда «Сандардағы сенім: ЖИ, тәуекелге бағдарланған реттеу және Еуразияның қаржы индустриясының актуарлық орнықтылығы» деген тақырыпта 4-ші Еуразиялық КРАФТ – 2026 конгресінің ашылуы өтті.
Конгресс жұмысына түрлі елдердің реттеушілерінің, кәсіби қауымдастықтарының өкілдері, актуарийлері, тәуекел-менеджерлері, қаржы технологиялары саласындағы мамандары және сарапшылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол технологияларды дамыту, деректер сапасын арттыру және тәуекелдерді бағалау тәсілдерін жетілдіру қаржы нарығын дамытудың негізгі бағыттарына айналатынын атап өтті.
«Деректер, ЖИ және жаңа модельдер тәуекелдерді бағалау және шешім қабылдау үшін көбірек қолданылуда. Мұндай жағдайда реттеуші үшін деректердің сапасы мен анықтығы, модельдердің ашықтығы, жаңа тәуекелдерді басқару және тұтынушылардың мүдделерін қорғау ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Әмірбаева.
Агенттік талаптардың сақталуын бақылауды ғана емес, сонымен қатар тәуекелдерді уақтылы анықтауды және қаржы ұйымдарының орнықтылығын бағалауды көздейтін тәуекелге бағдарланған қадағалау моделін дәйекті түрде дамытады.
Бұл тәсілдер тәуекелге бағдарланған қадағалауды одан әрі дамытуды, саланы цифрландыруды және сақтандыру нарығының инфрақұрылымын жетілдіруді көздейтін Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасында көрсетілген.
Бағдарламаның негізгі бастамаларының бірі Орталық актуарийді–сақтандырунарығы, зейнетақы жүйесі және әлеуметтік қорлар үшін тәуелсіз мамандандырылған актуарлық сараптама институтын құру болып табылады.
«Орталық актуарий тәуекелдер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастырады, сондай-ақ сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша тарифтерді есептеуге және қайта қарауға қатысады», – деп атап өтті Әмірбаева.
Актуарлық есептеулердің сапасын арттыру үшін Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен интеграцияланған иесіздендірілген деректердің бірыңғай салалық массивін қалыптастыру жоспарлануда.
Әмірбаеваның айтуынша, Қазақстанда 25 жыл бойы қалыптасқан өзінің кәсіби актуарлық мектебі бар. Бүгінде елімізде 69 лицензияланған актуарий жұмыс істейді.
Жаңа мамандарды даярлау маңызды бағыт болып табылады. 2025 жылы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры Агенттіктің қолдауымен 10 курсты қамтитын «Актуарий» оқыту онлайн-платформасын іске қосты. Іске қосылған сәттен бастап платформада 346 қатысушы тіркеліп, 26 сертификат берілді.
Келесі қадам Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасында көзделген Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру болады. Орталық құзыреттердің бірыңғай стандарттары негізінде сақтандыру нарығының мамандарын даярлауды, кәсіби сертификаттауды және дамытуды біріктіретін болады.
«Бұл саланың кадрлық әлеуетін жүйелі түрде дамытуға және кәсіби құзыреттіліктердің заманауи талаптар мен халықаралық практикаға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Әмірбаева.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы