
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Central Asia Fintech Summit 2026 шеңберінде «Келесі онжылдықтың қаржы нарығы қандай болады?» пленарлық сессиясына қатысты.
Сессия барысында қатысушылар қаржы нарығын дамыту перспективаларын, қаржы ұйымдарын цифрлық түбегейлі өзгертуді, жасанды интеллектті енгізуді және цифрлық қаржы өнімдерін дамытуды талқылады.
Сөз сөйлеу барысында Мәдина Әбілқасымова Агенттіктің 94 қаржы ұйымының, оның ішінде 23 банктің, 25 сақтандыру ұйымының, бағалы қағаздар нарығына 31 қатысушының және 15 микроқаржы ұйымының цифрлық дайындығына кешенді бағалау жүргізгенін атап өтті. Бағалау процестерді цифрландыру деңгейін, деректер сапасын, IT-инфрақұрылымды, киберқауіпсіздікті, жасанды интеллектті пайдалануды және қызметкерлердің құзыретін қоса алғанда, 100-ден астам өлшем бойынша жүргізілді.
«Біз 1 200 нақты іс-шараны анықтадық, осы 94 ұйымның әрқайсысы бойынша жеке даму жоспарларын құрдық. Жеке жоспарлар бойынша әрекет ететін боламыз», - деді М. Әбілқасымова.
Бес балдық шкала бойынша цифрлық жетілудің орташа индексі банктерде 3,66, сақтандыру ұйымдарында 3,4, МҚҰ-да 3,1 және бағалы қағаздар нарығына қатысушыларда 3,05-ті құрады. Бұл ретте банктердің шамамен 75%-ы жасанды интеллект технологияларын қолданады.
Сонымен бірге, Агенттік Төрағасы IT-инфрақұрылымына инвестициялардың цифрлық жетілудің жоғары деңгейіне қол жеткізуге кепілдік бермейтінін атап өтті.
«Цифрландыру – бұл цифрлық технологияларды енгізу ғана емес. Бұл – қызметкерлердің құзыреті, қаржы ұйымының әрбір процесінде цифрлық технологияларды дұрыс пайдалану, жасанды интеллектті мүмкіндігінше қолдану», - деп атап өтті ол.
Жеке жоспарларды іске асыруды үйлестіру үшін Агенттік жоспарланған іс-шаралардың орындалуына мониторинг жүргізетін цифрлық түбегейлі өзгерту кеңсесін құрады.
Реттеуші басшысы Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп цифрландыру негізгі бағыттардың бірі болып айқындалған Капитал нарығын және сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламаларын іске асыратынын атап өтті.
Сонымен қатар, капитал нарығы және сақтандыру туралы жаңа заңдар шеңберінде процестерді одан әрі цифрлық форматқа ауыстыру көзделеді.
«Бағдарламалар шеңберіндегі шешімдер by default цифрлық болуға тиіс. Бағалы қағаздар нарығында бұл бірыңғай цифрлық терезе. Сақтандыруда – шарттар жасасу және онлайн-төлемдерді жүзеге асыру. Барлығы әдепкі қалып бойынша цифрлық болуға тиіс», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік Төрағасы қаржы активтерін және нақты активтерді токендеуді дамытуға ерекше назар аударды.
«Токенделген активтер нарығы әзірге дамудың бастапқы кезеңінде, бірақ бұл бағытты қаржы жүйесінің алдағы уақыттағы перспективалық бағыттарының бірі ретінде анықтауға болады. Қазақстанда бұл үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасуда және мемлекеттік бағалы қағаздарды токендеуді сәтті түрде іске қосу қаржы нарықтарында осы технологияны ауқымды енгізу үшін негіз бола алады», - деп атап өтті Реттеуші басшысы.
Бұл ретте, оның айтуынша, жаңа технологияларды енгізу экономикалық тұрғыдан негізделген және нарық қатысушылары мен тұтынушылары үшін практикалық әсерді қамтамасыз етуге тиіс.
«Бұл жердегі міндет – технология мақсатындағы технология немесе цифрландыру мақсатындағы цифрландыру емес. Егер токендеу арзанырақ, тиімдірек және экономикалық тұрғыдан орынды болса, оған ауысудың мәні бар», - деп атап өтті ол.
Агенттік Төрағасы клиенттің қажеттіліктері төңірегінде банктік, сақтандыру, инвестициялық және микроқаржы өнімдерін біріктіруге мүмкіндік беретін Open Banking-тен Open Finance-ке ауысуды тағы бір перспективалық бағыт деп атады.
«Open Finance клиенттің өз көзқарасы тұрғысынан әрекет етуіне мүмкіндік береді – ол бір алаңда барлық түрлі қаржы өнімдерін көруге мүмкіндік алуға тиіс, ал қаржы ұйымдары клиент үшін оның қажеттілігіне неғұрлым қолайлы өнімді ұсына отырып бәсекелесетін болады», – деді
М. Әбілқасымова.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы